214
2021 жылы Токио Олимпиадасы пандемияға қарамастан өткізіледі
2021 жылы Токио Олимпиадасы пандемияға қарамастан өткізіледі
Коронавирус пандемиясына қарамастан Токио Олимпиадасы 2021 жылы өткізіледі. Бұл туралы Халықаралық олимпиада комитетінің вице-президенті Джон Коутс мәлімдеді, деп хабарлады BBC.
2020 жылы өтуі тиіс Олимпиада әлемде коронавирустың таралуына байланысты 2021 жылға шегерілген болатын. ХОК төрткүл дүние көз салатын доданы тағы да кейінге қалдыруға ниетті емес.
«Токио – 2020» ұйымдастыру комитеті жетекшілерінің бірі Тоширо Мутоның сөзінше, Олимпиада шектеулі аудиториямен өтуі мүмкін. Алайда ойын ұйымдастырушылары спорттық шараны мүлдем көрерменсіз өткізуді қаламайды. Олимпиада ойындарының ашылу және жабылу салтанаттары ықшамдалып, қатысушы елдердің делегациялары мен қызметкерлерінің саны қысқартылуы мүмкін.
Тоширо Муто ойын өткізу үшін коронавирусқа қарсы вакцинаның пайда болуы шарт емес екенін қадап айтты.
«Егер вакцина пайда болса, жақсы жаңалық болар еді. Дегенмен біз вакцинасыз ойын өткізе алмаймыз деп айтпаймыз. Себебі бұл міндетті емес», – деді ол.
Алайда ақ халаттылар індетке қарсы екпесіз Олимпиаданың өтуі екіталай деген пікірде.
Олимпиаданың ұйымдастыру комитетінің басшысы Йоширо Моридің сөзінше, Олимпиада 2021 жылы өткізілмесе, онда ол мүлдем өтпеуі ғажап емес. Өйткені ұйымдастыру комитетінің 3-5 мың адамнан тұратын штатын тұрақты ұстап отыру қиын. Жыл сайын әлемдегі барлық басты спорттық оқиғалардың күнтізбесін де түзету мүмкін емес.
Олимпиада тарихында көз жіберсек, ойындар дүниежүзілік соғыстарға байланысты тоқтатылған, алайда дода ешқашан кейінге шегерілмеген.