228
Қазақстан жол қауіпсіздігін бағалаудың халықаралық IRAP жүйесін енгізуге кірісті
Қазақстан жол қауіпсіздігін бағалаудың халықаралық IRAP жүйесін енгізуге кірісті
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті Дүниежүзілік банктің қолдауымен жол қауіпсіздігін бағалаудың халықаралық IRAP жүйесін енгізу жобасын іске асыра бастады.
Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, жобаны швециялық SweRoad компаниясы «Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институтымен» бірлесіп жүзеге асыруда.
Жыл сайын жол апатынан әлемде 1,35 миллион адам қаза табады. Бұл өзекті мәселеге халықаралық деңгейде көп көңіл бөлінуде. Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылда жол апатынан болатын қайғылы оқиғалар санын 2 есеге азайту міндетін қойып отыр.
Қазақстанда жол қауіпсіздігін бағалаудың халықаралық IRAP жүйесін енгізу жобасын жүзеге асыру шеңберінде республикалық және қалалық автомобиль жолдарының 6 200 шақырымында бағалау жұмысы жүргізілетін болды. Оны «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК мен «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ-ның білікті мамандары жүргізеді.
«Бағалау жұмысы арнайы қондырғымен жабдықталған автомобиль арқылы жүргізіледі. Мәліметтер 50-ден астам параметр бойынша әр 100 метр сайын жазылып отырады. Жұлдызды рейтинг 5 ұпайлық шкала бойынша жол қозғалысының барлық қатысушылары үшін бөлек-бөлек беріледі. Жол қозғалысы қатысушыларының барлығы тиісті көңілсіз қалдырылмайтындықтан мұндай инклюзивті шара жүйенің тиімділігін арттырады. Жұлдызды рейтинг анықталғаннан кейін жол-көлік оқиғасы тәуекелдерінің деңгейін төмендетуге бағытталған инвестициялық жоспар жасалады, соған сәйкес кемшіліктер түзетіліп, жетілдіріліп отыруы тиіс», делінген хабарламада
Бұл әдіс тек қауіптілігі жоғары жерлерді анықтап қана қоймай, сонымен қатар барлық жол учаскелерін толық талдауға, апат деңгейі төмен, ең қауіпсіз бөлімді қалай жақсартуға болатындығын бағалауға мүмкіндік береді. Жоба жол қозғалысы қауіпсіздігі саласында ұлттық сарапшылардың әлеуетін жоғарылатуға, халықаралық деңгейде бағалау шараларын жүргізе алатын мамандардың пулын қалыптастыруға септігін тигізбек.
Жоба нәтижесі бойынша «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК, «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ, «Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС және жоғары оқу орындары базасында IRAP ұлттық білім платформасы құрылады. Сондай-ақ, IRAP-ты енгізу бойынша ұлттық заңнамаға өзгерістерді енгізу жөніндегі ұсыныстар дайындалатын болады.
Бағалау жұмыстары тамыз айының басында Алматы облысы мен Алматы қаласында жүргізіле бастады. Аталмыш шаралар қыркүйек және қазан айларында Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында жалғаспақ.