Бауыржан Байбек: Президент Жолдауы нақты реформаға бағытталған (видео)

Бауыржан Байбек: Президент Жолдауы нақты реформаға бағытталған (видео)

Бауыржан Байбек: Президент Жолдауы нақты реформаға бағытталған (видео)
ашық дереккөзі
168
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы нақты реформаға бағытталып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын нақтылай түскен. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Астана» телеарнасына берген сұхбатында айтты. Сұхбат барысында ел Президентінің жуырда жасаған жолдауынан туындайтын міндеттер, алдағы Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы, өкілді органдардың құзыреттілік мәселелері, ондағы жаңалықтар және елімізде партия бастамасымен тұңғыш рет өткізіліп жатқан саяси іс-шара – праймериздің жай-күйі, саяси доданың өту реті мен тәртібі жайлы жан-жақты әңгіме болды. Сөз басын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан бастаған Бауыржан Байбек аталған құжаттың маңызды тұстарына кеңінен тоқталды. «Бүгінде пандемияға байланысты күрделі ахуалға орай жоспарлау шегі мен жұрттың талап-тілегінің шеңбері белгілі бір деңгейде айқындалып қалғанын көріп отырмыз. Меніңше, Президент Жолдауы екі ірі блокқа жауап береді. Біріншіден, ол – азаматтарымыздың қазіргі сұранысы. Мұның қазіргідей белгісіздік кезеңінде тіпті де маңыздылығы артады. Қасым-Жомарт Кемеұлының Жолдауында осы мәселеге арнайы бөлім арналған. Мұнда экономиканы дамыту, жұмыс орындарын құру, халықтың тұрмысы төмен тобына жәрдем беру секілді кешенді де өзекті мәселелер қамтылған. Сонымен бірге Жолдау – мемлекеттің орташа мерзімде даму мәселелеріне де жауап беретін құжат. Мұнда жаңа экономикалық саясаттың 7 негізгі басымдығы белгіленген. Жолдау нақты реформаға бағытталып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын нақтылай түскен. Яғни, мұнда Президент берік саяси ерік-жігер танытып, сабақтастықты жалғастыруда» - деп атап өтті партия Төрағасының бірінші орынбасары. Сонымен бірге, Президент Жолдауында айтылған ауыл әкімдерін сайлау, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, Стратегиялық жоспарлау агенттігін құру мәселелері де назардан тыс қалмады. Бауыржан Байбек Жолдауда айтылған ауыл әкімдерін тікелей сайлаудың маңызды реформаға бастайтын өте жақсы бастама екенін айтып, сайланған әкімнің халыққа көбірек көңіл бөлетінін атап көрсетті. Ауыл әкімдері еліміздегі әкімдердің 90%-тен астамын құрайды. «Президент айтқандай, біз халық үніне құлақ асатын мемлекетті құруымыз қажет. Қазіргідей коронавирус кезінде көп жерлерде жергілікті басшылар, аудан, ауыл әкімдері кейбір мәселелерді шешпегенін, жағдайға мән беріп, қамданбағанын көріп жатырмыз. Халықтан арыздың көбеюі, түрлі мәселелер 1 емес 100 рет көтерілсе, әрине, оны жүйелі проблема деп айтуға болады. Сондықтан сайланған әкімдер осы мәселелерге көбірек мән беріп, көңіл бөледі. 2015 жылдан бастап Елбасы бастамасымен 5 институционалдық реформа аясында әкімдерді, жалпы маслихат депутаттарын сайлау басталды. Енді тікелей сондай сайлауға көшетін боламыз. Қоғамдағы келеңсіздіктерді ашық айтып, онымен күресетін саяси, қоғамдық мәдениет қалыптастыру қажет» - деді Бауыржан Байбек. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары, әсіресе, еліміздің саяси кеңістігінде қазіргі кезде өтіп жатқан праймериздің барысына баса назар аударды. «Елбасы екі апта бұрын өзінің үндеуінде бізге ішкі партиялық іріктеу - праймеризді ашық, әділ, тең жағдайда өткізу керек деп тапсырды. Әрине, бұл – жаңа бастама. Праймериз деген сөзді білмеуші едік. Ол – дүние жүзінде қалыптасқан демократиялық құрал, халықтың сайлауы. Үміткерлеріміз де халық алдына шығып, мәселелерді көтеріп, жергілікті проблемаларды ашық айтады. Праймериздің негізгі мақсаты – партияға жаңа адамдарды әкелу. Ол – заман талабы», - деді Бауыржан Байбек. Сұхбат барысында атқарушы билікке, партияға қарата сын айтып, қарсылас болып жүрген жандардың праймеризге қатысу мүмкіндігі жайлы да сөз болды. Осы орайда, жүйені сырттан емес, іштен ғана өзгертуге болады деген партия Төрағасының бірінші орынбасары саяси ұйым оппоненттерінің өз қатарына қосылуы партиялықтарды тек қана қуантатынын алға тартты. Сондай-ақ, теле-сұхбатта әйелдер мен жастарға арнап белгіленген квота жайы да әңгіме арқауына айналды. «Әйел азаматтарға, жастарға заңда көрсетілген 30%-тік квота бар. Сайлаушылардың 52%-і – әйел азаматтар, 40%-ы – жастар. Ал маслихаттарға келсек, жастардың үлесі – 3% қана. Дисбаланс көрініп тұр. Сондықтан Елбасының тапсырмасы бойынша партияда жастарға 20%-тік, әйелдерге 30% квота көзделген. Халықтың жартысынан көбі әйел азаматтар болғандықтан, оларға жол ашып, әлеуметтік лифт жасамасақ, онда халықтың тең жартысы экономикаға үлес қоса алмайды. Сондықтан әйелдерге мүмкіндік беру мәселесі қоғам үшін де, мемлекет үшін де маңызды» - деді Бауыржан Байбек. Праймериздің тағы бір жаңалығы – «Nur Otan» партиясының әрбір аудан, өңір, қалаға арнап дайындаған 216 даму бағдарламасы. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары жан-жақты әлеуметтік зерттеулер мен мемлекеттің нақты мүмкіндіктеріне негізделе отырып әзірленген бұл құжаттардың ел дамуына тигізер әсері мен маңызына да кеңінен тоқталды. «Бізде нақты проблемалардың картасы бар. Сол карта бойынша біз әрбір ауданға, әрбір қалаға, өңірге жеке бағдарлама дайындадық. Ағылшын тілімен айтқанда, «краудсорсинг» деген жақсы демократиялық құрал бар. Краудсорсинг деген – халықтың пікірін тыңдау. Алдын-ала осы бағдарламаларды дайындап, халыққа жария етеміз. Додаға түскен азаматтарымыз осы мәселелерді көтереді. Содан соң кері байланыс орнатып, халықтың пікірін тыңдайды, оны жинайды. Праймеризден кейін оны бізге жеткізеді. Сондықтан осы бағдарламаларды алдын-ала беріп, халықтың ұсынысын жинап, оны тағы бір рет жетілдіреміз» - деп түйіндеді Бауыржан Байбек. Естеріңізге сала кетейік, праймеризге қатысуға 11 мыңға жуық адам үміткер ретінде тіркелген. Олардың орташа жасы – 43 жас. Праймеризге қатысуға тіркелген кандидаттардың 34%-і – әйелдер. Кандидаттардың үштен бірі – 35 жасқа дейінгі жастар. Кандидаттардың 72% – өзін өзі ұсынушылар. Конкурс бір орынға 18 адамға дейін жетеді (Нұр-Сұлтан қаласында). 7 қыркүйектен бастап праймериздің келесі кезеңі – үгіт басталады. 14 – 30 қыркүйек аралығында жария пікірсайыстар өтеді. https://www.youtube.com/watch?v=woYoZH7zOYo&feature=youtu.be

Серіктес жаңалықтары