230
KazAID: Жатты жарылқайтын агенттік неге керек?
KazAID: Жатты жарылқайтын агенттік неге керек?
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі жанынан қыркүйек айының ортасына дейін «KazAID Қазақстандық халықаралық даму агенттігін» құру жоспарланып отыр. Басқа елдерге көмектесуді көздейтін ұйымның және бір мақсаты – Қазақстанның әлемдік аренадағы донор ел ретіндегі рөлін күшейту.
Елімізде халықаралық агенттік құру мәселесі алғаш 2016 жылы көтерілген болатын. Арада екі жыл уақыт өткен соң 2018 жылғы сәуірде «Ашық Нормативтік құқықтық актілер» порталында осы агенттікті құру туралы Үкімет қаулысының жобасы пайда болғанымен, агенттіктің өзі құрылмады. Биыл шілде айында аталған порталда Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарын бекіту туралы Президент Жарлығының жобасы орналастырылды. Осылайша мемлекеттің 100 пайыз қатысуымен KazAID коммерциялық емес акционерлік қоғамы формасында халықаралық дамуды ынталандыру жөніндегі қазақстандық агенттік құрылмақ. Акционерлік қоғамның жарғылық капиталы ретінде мемлекеттік бюджеттен 1 жылға 138 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылады.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Рәпіл Жошыбаев: «Бұл коммерциялық агенттік емес, пайда табу мақсатын көздемейді. Заң бойынша акционерлік қоғам құруға 138 млн теңге керек. Өзімізде де жарғылық капиталға қосатын жылжымайтын мүліктер бар. Агенттікте әзірге 15 қызметкер жұмыс істемек. Көбі Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері, тілдік дайындығы, халықаралық бизнесте тәжірибесі бар мамандар. Кейін 25 адамға көбейтеміз, – деді.
Агенттіктің қызметі халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықтың озық тәжірибесін тарта отырып, мамандарымыздың біліктілігін арттыруға бағытталады. Сонымен қатар тауарлар мен қызметтер сапасының әлемдік стандарттарын енгізумен қатар отандық экспортты шетелдік нарықтарға шығаруға жәрдемдесу көзделіп отыр.
Рәпіл Жошыбаевтың айтуынша, бастама ретінде мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражатты пайдаланып, Орталық Азия елдеріндегі әріптестерімен бірлесіп әлеуметтік бағыттағы бірнеше жобаны іске асыруға болады. Мұндай жобалардың қатарына қазақ тілінің өрісін кеңейту және тарату және медицина саласы бойынша студенттерді дайындау кіреді. Ал егер үлкен жобаларға қаржы керек болса, Парламентке, Үкіметке ұсыныс жасап талқыланады.
Осыған дейін Қазақстанның екі жақты форматтағы дамуға көмекке қатысуы ұсынылатын көмектің ауқымы, нысаны, географиясы бойынша айтарлықтай шектеулі болып келді. Ендігі жерде KazAID агенттігі шетелдермен үш жақты келісіммен әріптестік орнатпақ. Ал агенттіктің жұмысшылары мемлекеттік қызметкерлердің деңгейінде жалақы алады. Мемлекеттің жалақысынан бөлек, агенттік өздері көрсеткен қызметтер құнының 7 пайызынан ақша табады. Осылайша агенттіктің Үкіметтен сұрайтын қаржысы алдағы жылдары біршама азаяды.
Мамандар Қазақстанның экология, тұрғын халық, денсаулық сақтау, әйел құқықтары, теңізге шыға алмайтын елдерге көмек, есірткіге қарсы күрес және басқа салалардағы жобалар бойынша БҰҰ қамқорлығымен халықаралық дамуға көмек жобаларына Қазақстанның қатысу тәжірибесі анағұрлым кеңірек екенін айтады.
«Біз жүзеге асырған жобалардан 7 пайыз комиссия аламыз. Шетелдермен үш жақты келісіммен әріптестік орнатамыз. Мысалы, олар Орта Азиядағы бір елге көмектесуге ресурс (ақша) салғысы келеді. Біз ол қаржының тікелей бенефициары (алушысы) болмаймыз. Жобаның жүзеге асуына көрсеткен қызметіміз үшін сол жоба құнының 7 пайызын аламыз. Сол қаржыға «өмір сүріп», дамимыз», – деді бұл жайында Ержан Ашықбаев.
Бүгінде бюджет қаржысы есебінен құрылатын агенттікке қатысты қоғамның пікірі екіге жарылды. Бірі «Пандемия жағдайында халқын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете алмаған мемлекет өзге елдерге қалай көмек қолын созбақ?», «Өзге елге жұмсалатын қаражатты неге еліміздегі жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге жұмсап, халқымыздың әл-ауқатын арттырмасқа?» десе, екінші топ «Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі мен беделін нығайтуға мүмкіндік береді», «Алаған қолым – береген, Қазақстанның өзге елдерден гуманитарлық көмек ала отырып, кедей елдерге көмектеспеуі беделіне нұқсан келтіреді» дейді.
Жалпы, Қазақстан тәуелсіздік жылдары Ауғанстан мен Орталық Азияның дамушы елдеріне 500 млн АҚШ доллары көлемінде көмек көрсеткен. Соның ішінде 2017-2018 жылдары Қазақстан өзге елдерге 100 миллион долларға жуық көмек көрсетті. Қазақстан сияқты дамушы ел үшін 500 миллион АҚШ доллары әжептәуір жәрдем. Десе де, бұл туралы қазақстандықтардың және әлем қоғамдастығының ақпаратты толық білмеуі бүгінде қоғам пікірінің екіге жарылуына себеп болғандай.