Еліміздің спортшылары оқу-жаттығу жиындарын бастады

Еліміздің спортшылары оқу-жаттығу жиындарын бастады

Еліміздің спортшылары оқу-жаттығу жиындарын бастады
ашық дереккөзі
Карантин жағдайында оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру және бақылау үшін құрылған Ұлттық Олимпиада комитетінің жедел штабы ұлттық құрамалардың оқу-жаттығу жиындарын өткізуді және ұйымдастыруды қайта бастау туралы шешім қабылдады. Ұлттық Олимпиада комитеті аккредиттеген мамандандырылған спорт базалары жаттығу процесстерін санитарлық-дезинфекциялық режимді толық сақтай отырып жүргізетін болады. «Оқу-жаттығу жиындарына қатысатын тұлғалардың барлығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты мақсатымыз болып қала береді. Қауіпті азайту және ұлттық құрамаларға толыққанды дайындықты ұйымдастыру үшін ҰОК-тің барлық қызметтері, федерациялар мен спорттық базалардың әкімшіліктері жаттығу жиынын жалғастыру процесін пысықтады. Карантин режимінің ұзаққа созылуы спортшылардың формасына әсер еткені сөзсіз. Сондықтан жаттықтырушылардың өздері де, спортшылар да оқу-жаттығу жиынының қайта басталуын тағатсыздана күтті. Жедел штаб спорт нысандарындағы санитарлық нормалардың сақталуын бақылауды күшейтті және біз барлық тараптарға олардың кәсіби жұмысы мен түсіністік танытқаны үшін ризашылығымызды білдіреміз. Біз бәріміз спорттың қайта оралғанын қаласақ та, ең бастысы спортшылар мен жаттықтырушылардың денсаулығына қауіп төндірмеуді басты мақсатымыз деп білеміз. Сондықтан, барлық талапты қатаң сақтаймыз», – дейді Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков. Жаттығу жиыны кезінде нысандардың дайындығы, талапқа сәйкестігі және олардың белгіленген нормаларды сақтауы жедел штабтың қатаң бақылауында болады. Спорт нысандарында барлық санитарлық норманың сақталуын қамтамасыз ету үшін үнемі тиісті тексерулер жүргізіледі. Тамыздың үшінші онкүндігінен бастап оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатқан командалар қатарына ауыр атлетика, фристайл, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, керлинг, садақ ату, шорт-трек, гандбол және көркем гимнастика құрамалары қосылды.