423
Жұлынға түскен құртты жою мүмкін бе?
Жұлынға түскен құртты жою мүмкін бе?
Өткен аптада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңес өткізген болатын. Кеңесте Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін айта келіп, «Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Әзірге мен мұндай кешенді және түбегейлі жұмысты көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер шеңбер жасап, бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Ал жүйелі проблемалар шешілмеген күйі тұр», − деген еді.
Президент сөзі неден сақтандырады?
Жоғарыда аталған кеңестен кейін Президент Twitter әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында «Жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі кеңесте сыбайлас жемқорлық бойынша сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға заң жүзінде тыйым салуды тапсырдым», – деп жазды.
Президенттің жоғарыдағы мәлімдемесі елімізде жемқорлықтың асқынып кеткенін және кінәлілердің тиісті жазасын алып, рухани індетті түп-тамырымен жоюға арналған шаралардың өз дәрежесінде орындалмай жатқанын айқын көрсетіп тұр.
Шынына келгенде, қызмет бабын асыра пайдаланып, пара алумен ұсталғандарға, әсіресе, шенеуніктерге неге рақымшылық жасалуы керек? Ондай жағдайды көріп отырған басқалар да пара алып сотталғанмен кейін рақымшылыққа ілініп құтылуға мүмкіндік бар екенін ғой деп жемқорлықтың батпағына бата бермей ме?
Осыдан біраз бұрын Қазақстан Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баяндамасында жемқорлық салдарынан Қазақстан экономикасына жыл сайын 3,8 млрд доллар шығын келетіні нақты деректермен көрсетілген еді. Ал ол еліміздің жалпы ішкі өнімінің 2 пайызына тең екен! Сұмдық емес пе?
Рақымшылық − парамен сотталғандарға арналған ба?
Кейбір лауазымды тұлғаларға қатысты шулы сот процестері өтіп, кінәсі мойнына қойылып, біраз жыл арқалап кетіп жатады. Бірақ кейбіреулері кейін рақымшылыққа ілініп, мерзімінен бұрын босап шығады. Неге? Рақымшылыққа ілінетіндей кінәсі аз болса, неге ұзақ жылға сотталған?..
Елімізге белгілі кейбір тұлғалардың істі болуы процесіне көз жүгіртсек, небір таңғаларлық жайттарға куә боламыз. Кейбірінің жымқырған немесе талан-тараж қылған қаражаттарының мөлшері адамды таңғалдырады және көбісінің түрлі себептермен мерзімінен бұрын қамаудан босауы да ерекше әсер қалдырады.
Мәселен, 2011 жылғы тамызда Қазақcтан Денсаулық сақтау экс-министрі Жақсылық Досқалиевке пара алды деген айып тағылып, сот оның мүлкін тәркілеп, өзін 7 жыл бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтеуге кескен еді. Бірақ оған 2012 жылы рақымшылық жасалып, мерзімінен бұрын босап шықты. Ол 65,1 млн теңге пара алғаны үшін сотталған болатын.
2013 жылы Қазақстан Қорғаныс министрлігінің лауазымды қызметкері болған генерал Алмаз Асенов 200 мың доллар пара алды деген айыппен 11 жылға сотталып, 3 жылдан соң бостандыққа шықса, бұрынғы Ішкі істер министрі Серік Баймағамбетов 80 мың доллар параны алғаны үшін 10 жылға сотталып, 2 жылда түрмеден босап шықты.
2014 жылы Жемқорлық жасағаны үшін Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев 5 жылға сотталып, бір жарым жылдан соң босап шықса, Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов та 3 жылға сотталып, бір жарым жылдан соң түрмеден шықты.
Статистика агенттігінің төрайымы Анар Мешімбаева да сол жылдың басында 700 миллион теңгеден астам қаржы жымқырды деген айыппен істі болып, 7 жылға сотталса, 4 жылдан кейін босатылған.
2014 жылы 6,9 млн теңге, 100 доллар пара алғаны үшін сотталған Ауыл шаруашылығы экс вице-министрі Мүсілім Өмірияевқа 10 жылға бас бостандығынан айыру үкімі шықты. Бірақ 2017 жылғы қаңтарда рақымшылық бойынша босатылды...
Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Бағдат Майкеев пара алды, сонымен бірге заңсыз қару сақтады деп айыпталып, 2014 жылдың маусым айында алты жылға сотталған еді. Бірақ жеті айдан кейін − 2015 жылдың ақпанында денсаулығына байланысты жазадан босатылған. Сотта Майкеевтің алған парасы 2 млн доллар деп көрсетілген болатын.
2015 жылы 11 желтоқсанда бұрынғы Үкімет басшысы Серік Ахметовке Қарағанды облыстық соты «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты» және «өкілетін асыра қолданды» деп айыпталып, 10 жылға соттаған болатын. Басында оның ісіне аса ірі көлемде пара алды деген айыптау болған, бірақ кейін оны дәлелденбеді деп алып тастаған. С.Ахметов пен бірге 15-тен аса кісіге шыққан үкімде олардың мемлекетке 2,2 миллиард теңге көлемінде шығын келтіргені айтылған. С.Ахметов 2017 жылғы 21 қыркүйекте түрмеден босап шығып, жазаның қалған уақытын бас бостандығын шектеумен өтеуге міндеттелген.
Сол жылы тағы бір шенеунік − Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасы Мұрат Оспановтың үстінен «жемқорлық» бабымен үстінен іс қозғалып, ол 1 миллиард 101 миллион теңге айыппұл төлеп, қамалмай қалды.
2016 жыл. Бұл жыл лауазымды шенеуніктердің үстінен көп іс қозғалғанымен тарихта қалатын шығар.
2016 жылғы 9 маусымда «ЭКСПО-2017» АҚ-тың бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияев ұлттық компанияның қаражатын жымқырғаны үшін сотталып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Онымен бірге осы іс бойынша тағы 22 адам тергеліп, 12 адам жазасын алды. Тергеу нәтижесінде сотталғандардың мемлекетке келтірген шығын көлемі 8,06 миллиард теңге деп бағаланды (бұл ақшаға 711 бір бөлмелі пәтер тұрғызуға болады дейді экономистер). Т.Ермегияевке 780 млн теңге пара алды және өзгенің мүлкін иеленіп кетті деген айып тағылған еді. Сотта жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда жетекшілік қызмет ету құқығынан өмір бойына айыруға үкім шығарылған ол өзінің кінәлі екенін мойындамады. Кейін істі қайта қарауға жасаған өтініші қанағаттандырылса да, оған шығарылған үкім өз күшінде қалды.
«ЭКСПО ісі» бойынша айыпты болғанның тағы бірі «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы департаментінің бұрынғы басшысы Қажымұрат Үсенов ЭКСПО құрылысына тиесілі 214 миллион теңгені жымқырды деп айыпталған еді. Алайда ол тергеумен келісімге келіп, 2 жылға сотталды. Дегенмен 10 айдан соң бостандыққа шықты.
Одан кейін елді таңғалдырған сот процесі сол тұста Ұлттық экономика министрі болған Қуандық Бишімбаевқа қатысты болған еді.
2017 жылғы қаңтарда Қ.Бишімбаев қамауға алынып, 346 миллион теңге пара алған және 1,2 миллиард теңге қаржы жымқырған деген айып арқалап, 10 жылға сотталған еді. Алайда 2 жыл 8 айдан соң шартты жазамен босатылды.
Бұл жылдың «қылмыстық сенсациясы» «Қорғас» шекаралас ынтымақтастық орталығының бұрынғы президенті Василий Ниге қатысты іс болды. «1 миллион доллар пара алды» деген айыппен қамауға алынған ол айыбын мойындап, «істеген ісіне қатты өкінгені ескеріліп» сотталудан аман қалды!
Сонымен бірге «84 миллион теңге пара алды» деп 13 жылға сотталып, 3 жылда бостандыққа шыққан Қостанай қаласының әкімі Ахмедбек Ахметжановтың, «параға делдалдық жасағаны үшін»
4 жылға сотталып, ұзамай босап шыққан Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Қалиевтің және «900 миллион теңгеден астам қаржы жымқырды» деп күдікке ілініп, 4 жыл арқаласа да, бір жылдан соң бостандықтың таза ауасын жұтқан Ақтөбе облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты Мейіржан Өндіргеновтің істері де «ақыры қайырлы» болғанымен қызық.
2017 жылы «Қазақстан инжиринг» басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков «Аса ірі көлемде пара алғаны үшін» қылмыскер атанып, 10 жылға сотталды. Дегенмен 2 миллиард 139 миллион теңге төлеп, екі айдан соң аман-есен отбасымен қауышты. Сол жылы «100 миллион теңгеден астам қаржы жымқырды» деген айып арқалаған Ақтөбе облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы Ескендірбек Маханов 7 жылға сотталып, бір жылдан кейін түрме есігін жауып шықты.
2019 жылы Білім және ғылым министрінің бұрынғы орынбасары Эльмира Суханбердиева «қызметін асыра пайдаланып, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысқаны үшін» кінәлі деп, қылмыскер орындығына отыруға мәжбүр болды. Сөйтіп, бір ай қамауда отырған ол жіберген қателігі үшін мемлекетке 6 миллион 312 мың теңге төлеп, азат болды.
Ал Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Серікбол Мусинов «25 мың доллар пара алды» деп, сол «күнәсі» үшін 240 млн теңге айыппұл төлеп, сот залынан бостандыққа шықса, «ҚазМұнайгаз» өнімдері компаниясының директоры Қуандық Қалмұрзин «4,3 миллион теңге пара алды» деп айыпталса да, оны 129 миллион теңге айыппұл төлегені қамалудан аман сақтап қалды...
Міне, қысқаша бір шолып шыққанда осындай мәліметтер көз алдымыздан өтті. Қарап отырсақ, сотталғандардың бәрі мемлекеттік қызметкерлер. Алды – елордада үлкен қызметтердің тізгінін ұстағандар.
«Елін жау шапса, қосыла шабатындар» аз емес
Айдың-күннің аманында жұрттың мәжбүрлігін пайдаланып, бопсалап пара беруге мәжбүрлейтіндер қиын шақта да есін жинамайды екен. Өйткені арам жеп үйренгендер обал-сауап дегенді түсінбесе керек.
Кейінгі кезде елімізде болып жатқан оқиғалар тұсында да қиын жағдайда қалғандарға көпшіліктің көмегі ретінде ұсынылған немесе мемлекет ажыратқан қаражатқа арам қолын салатындар, анау-мынау емес, әжептәуір биліктің тұтқасын ұстап отырғандар қатарынан да шыққанын көргенде не деріңді білмейсің. Бірақ шындық...
Наурыздың аяғында ақпарат көздерінде Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовтың тұтқындалғаны туралы ақпарат тарап жатты. Басында жұрт сенбесе де, облысты басқаруға Гүлшара Әбдіхалықова келіп, ізінше облыстық сот бұрынғы әкімнің үйқамаққа алынғанын мәлімдеді.
Ел арасында әңгіме жата ма, «Қызылорданың экс-әкімі өткен жазда Арыстағы оқ-дәрі қоймасынан шыққан жарылыс салдарынан келген зиянды қалпына келтіруге арналған ақшаға қол салған» деген сыбыс шықты сол кезде. Жұрттың көбі сол уақытта оған сене қоймаған. «Қанша ұятсыз болса да, қирап жатқан жердің халқына тиесілі қаржыға қол сала қоймаған шығар, жала болар» десті. Бірақ «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамасын» білетін ақпарат құралдары бұл оқиғаға құлақ түріп, анығын білгісі келген-ді. Күдік босқа кетпеді. Расында Қуанышбек Ысқақов Арыс қаласын қалпына келтіруге арналған қаражаттан 80 миллион теңге жымқырғаны жайлы сөз шығып жатыр. Білетіндердің айтуынша, мол қаражат құрылыс компанияларына аударылып, ол жақтан қолма-қол ақшаға айналдырылып сұғанақтардың қалтасына кеткен.
Жұртты ұзақ күттірген экс-әкімнің ісінің қалай жүріп жатқаны осы аптаның басында мағлұм болды. Ол жайында Қызылорда облыстық сотының баспасөз хатшысы Ардақ Ысмағанбетова былай деді:
– 5 тамыз күні Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовқа қатысты қылмыстық іс түскен. Аталған іспен сотталушыларға ҚК 190-бабы, 4-тармағы, 2-бөлігі бойынша айып тағылып отыр. Қазір сот ісі қаралу барысында.
Әзірше, істің ауаны қалай бұрылып жатқаны жайында анық бірдеңе деу қиын. Бірақ «Мешкей деген жақсы ат емес» демекші, қиналып жатқан жұртқа қиянат қылып, көз-көрекі арыстықтарға арналған қаржының 80 миллионын бас пайдасына жаратып кеткені анықталса, Ысқақовтың сонша жыл қасықтап жинаған абыройы шөміштеп төгіліп ысырап болғалы тұр...
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» демекші, елімізде наурыз айынан басталған пандемияға орай төтенше жағдай жарияланып, көптеген ірі қала тұрғындары карантин жағдайында өмір сүруге мәжбүр болды. Сол кезде дәріханаларда коронавирус дертімен күресуге қажет делінетін дәрі-дәрмектердің дефициті пайда болып, халықтың әжептәуір қиналып қалғаны белгілі. Ал сол кезде қоймада бар дәрілер керекті жеріне жеткізілмей, халық дәрі тапшылығының зардабын тартқан. Сондай-ақ көптеген елден гуманитарлық көмек ретінде келген қорғаныс құралдары таратылмай, жатып қалған. Міне, осыған байланысты бұл мекеме Президент Тоқаевтың сынына ұшырап, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов пен «СҚ-Фармация» ЖШС басшысы Берік Шәріп қызметінен алынған болатын. Одан кейін ұзамай «СҚ Фармация» ЖШС-ның бұрынғы Басқарма төрағасы Берік Шәріп ұсталып, Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің уақытша тергеу изоляторына қамалды. Іле-шала Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бұрынғы басшылығына қарсы сатып алынатын қызметтердің құнын көтеру арқылы қор қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеуді бастаған көрінеді.
«Қара ешкіге жан қайғы, қасапшыға мал қайғы» дегендей, адамдар індеттен баудай түсіп жатқан кезде елге жетуі тиіс дәрі-дәрмекті таратуды қолдан қиындатып, содан қалтасын толтыруды ойлаған «СҚ-Фармация» ЖШС бастығына не деуге болады? Жай күн емес, алқымнан алып тұрған пандемияның дерті асқынып тұрған шақта қылмыс жасаудан беті шімірікпеген лауазымды тұлғалардың әрекетін Отанға сатқындық жасағандармен теңестіру керек шығар!
Біреудің мәжбүрлігін пайдаланып арамнан ақша табуға жүзі жанбайтындарды қалай тыюға болады өзі? Әлде ондайларға кеңестік кездегідей ату жазасын тағайындау керек пе?
Жемқорлық − мемлекеттің беделінің жауы
Transparency International жемқорлыққа қарсы күрес қозғалысының мәліметінде сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі жөнінен Қазақстан әлемдегі 180 елдің арасында 114-орында тұр. Ретімен айтсақ, алғашқы ондыққа Дания, Жаңа Зеландия, Финляндия, Сингапур, Швеция, Швейцария, Норвегия, Нидерланд, Германия, Люксембург елдері кірген. Бұрынғы посткеңестік елдер арасында ең жоғары нәтиже Эстонияда 18-орында тұр. Одан кейін Литва (37-орын). Сондай-ақ бұрынғы одақтастардан біздің алдымызда Грузия (46-орын), Латвия (48-орын), Беларусь (67-орын) елдері тұрса, бізден кейін кестеде Молдова (120-орын), Әзірбайжан (126-орын), Қырғыз Республикасы (128-орын), Украина (129-орын), Ресей (144-орын), Тәжікстан (156-орын), Өзбекстан (157-орын), Түркіменстан (167-орын) елдері орналасқан.
Бұл рейтингідегі орнымыз қазірше көңіл көншітпейді. Себебі еліміздегі жемқорлық деңгейі алға жылжуға мүмкіндік бермей, аяққа оралғы болып тұрғаны анық.
Әрине, аз болсын, көп болсын, жемқорлық әлемнің барлық елінде кездесетін нәрсе. Тек сонымен күресу пәрменділігі әр елде әртүрлі деңгейде. Бір елдер оны болдырмау үшін қатал салық жүйесін қолданса (мәселен АҚШ-та), кейбір елдерде пара алғандарды қатал жазалайды (Иран, Сауд Арабиясы т.б.), кейбір елдер тіпті өлім жазасына кеседі (Қытай). Ал жемқорлыққа қарсы біздегі заңның әлі «гуманистік» сипаты басым сияқты.
Бүгінде жемқорлық бір елдің көлемінен шығып, бірнеше елге бір мезгілде зиянын тигізуі мүмкін. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың келтірер зардабының алдын алу үшін 1989 жылы әлемнің дамыған 37 мемлекеті халықаралық бизнестегі жемқорлыққа қарсы күресу туралы конвенцияға қол қойды. Қазақстан да бұл конвенцияға қосыла отырып, 1998 жылғы 2 шілдеде алғаш рет «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң қабылдады. Содан бері елімізде жемқорлықпен күрес тоқтаусыз жалғасып келеді, бірақ әлі күнге айтарлықтай нәтиже жоқ. Керісінше, соңғы жылдары мемлекеттік лауазымды қызметкерлердің қатысы бар жемқорлық фактілері жиі көзге түсетін болып жүр. Бұл індеттің алдын алу үшін не істеу керек? АҚШ-тағыдай қатал салық жүйесін іске қосу керек пе, әлде елімізде біраз жылдан бері айтылғанмен, іс жүзінде қолданылуы әлі күнге жүзеге аспай келе жатқан жалпыға бірдей кіріс пен мүлік декларациясын енгіземіз бе? Әйтеуір бір жолын табу керек. Өйтпеген күнде экономиканың жұлынына түскен құрттай жемқорлық деген пәлеге тоқтам болмайды.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ