734
Абай өмірінің соңы қалай өтті?
Абай өмірінің соңы қалай өтті?
Абай өмірінің соңы жайлы аңыз, әңгіме көп, бірақ жүйесіз, көбісі екіұшты, ашылмаған. Ұлы Абайды алыс-жақын елдерге танытсақ дейміз. Жөн-ақ. Бірақ алдымен өзіміз жақсы танып-білгенге не жетсін?! Ол үшін кемеңгердің өмірі және еңбектері трафаретті көзқарастан, цензура таңбалаған ақтаңдақ атаулыдан арылуы керек-ау.
Сондықтан қолда бар естеліктер мен Абайдың төл өлеңдері бойынша шындық ауылын іздейік. Сөзді Мағауия қазасынан бастайық. Ата даңқы жер жарған, өзі де еліне сыйлы болғандықтан, қалың жұрт «ой, бауырымдап» ағылған. Халық аяулы Абайын үш күндей босатпаған. Осы ауыртпалықта қан қысымы (гипертония дейді) жоғарылап, мидағы қан тамырының бірі үзілуіне – микроинсультке әкеп соққан. Оған Абай сөзі азайған, қозғалысы баяулаған біртүрлі хәлге ұшырағаны дәлел. Осы хәлді көрген жандар аз емес.
1904 жылдың жазына дейін Абай ауылы, Жидебай тұрғыны болған адамның бірі – жігітек Қорамжан. Абай оған: «Сендерді енді өз ауылдарыңа көшірейін деп отырмын. Мен де енді қанша өмір сүрер дейсің. Көзімнің тірісінде көшіңдер», – депті. Бұл Мағауияның жетісін бергенде болған оқиға. Қорамжанның келіні Мақып әжей былай деп есіне алады: «Абай бізге екі бие, екі түйе, бір сиыр берді. Киіндірді. Біз жігітек руы отырған Сарыкөл деген жерге көшіп бардық. Бір айдан соң «Абай қайтыс болды» деген хабар келді ауылға» (бұл естелік толық түрінде жазушы Т.Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» атты кітабында бар).
Абай: «Мен енді қанша өмір сүрер дейсің» деген. Қорамжанды еліне көшірген. Демек, өмірінің таусыларын жақсы білген. Абайды сол соңғы күндері көргеннің бірі – Бейсехан Сағындықұлы деген атқосшы жігіт Өзбехан деген ел ағасына еріп, Байқошқар жайлауында отырған Абай ауылына барған екен. «Абай ағаның үйіне бардық, Абай дүниеден өтерден екі күн бұрын, – дейді Бейсехан. – Сәлем беріп отырғаннан кейін Өзбехан көңіл айтты (Мағаш қазасына – ред.). Абай аға төсек үстінде жатыр екен, басын көтеріп, жастыққа шынтақтап отырып «әумин» деді. Өзбехан: «Әбе, қалыңыз қалай?», – дегенде Абай: «Басым ауырып, тынысым тарыла береді», – деді. Біраз отырғаннан кейін қайта жолға шықтық» («Абай» журналы. – 2001. – №4).
Осыдан небары бір тәулік өтер-өтпесте Абай дүние салған. Әрхам Кәкітайұлы жазады: «Сол күні кешке Абай ауырып шықты. Төсектің үстінде басын көтеріп отырып алды. Тамақ ішпеді, не жатып ұйықтамады. Өзі сөйлемеді, бірақ жағдайын сұраса басын шайқады. Мұндай ауруды бұрын көрмеген ел аң-таң болды, не шара істерін білмеді».
Сөйтіп, Мағауия жөнелтілген кезден Абай көпке беймәлім бір ауру хәлге ұшыраған. Мағаштың қырық күндік асы берілгенше сол хәлден айыға алмай, көз жұмған. Көзі көргендер бірауыздан бекітетін жәйт, міне, осы.
Бірақ біз жеткізбек ақиқат – бұл емес. Жоғары қан қысымы Абайда қашаннан? Ол Мағауия өлімінен пайда болған ба, жоқ әлде бұрыннан мазалап жүрген дерт пе? Біздің міндет – осыған көз жеткізу, анықтау.
Бас абайтанушы Мұхтар Әуезов былай деп жазады: «Өз қолында соңғы жылдарда болып, Абайды өзі күткен Кәмәлия (Кәмәш) деген келініне Абай өзі өлерден бұрын ауырмай тұрып: «Мен биыл өледі екем» деп ішкі өзі түйген ауыр сырын ең алдымен айтады» (Абай Құнанбайұлы. – Алматы, 1995. – 85-бет).
Құнды дәйек. Абай: «Мен биыл өледі екем» деп сыр ашқан. Мағаш қазасынан бұрынырақ. Демек, ойшыл жүрегі дерттілігін жақсы білген, өзін-өзі қадағалап, күтінумен жүрген. Кәмештің «ауырмай тұрып» дегенінен ұғылатыны – Абай сырқатын іште тығып ұстаған. Көпшілік тұрмақ, келіні Кәмешке де білдірмеген. Неге? Мұны Абайдың өзі: «Кейде онысын (дертін) жасырар жұрттан ұрлап, Кетірер деп мазақтап беттің арын» деп түсіндіреді («Ауру жүрек ақырын соғады жай» өлеңі).
Әкесі туралы көлемді естелік иесі Тұрағұл не дейді? «Жасында атқа болдырмайтын жүргіш болыпты, мен есімді білген кезде 30-40 шақырымдық жерге салт атпен жүруші еді» дей келе, өмірінің соңында әкем машығы күрт өзгерді дейді Тұраш: «Көбінесе үйде отырғандықтан ба, ...еріншектік ертерек иектеп, көп атқа мінуді азайтып, шау тартты». Атқа мінуді азайтып, шау тартса, бұл ненің белгісі? Ел іші мұны еріншектік, енді бірі кәрілік дескен. Ақиқатында, жүрек соғуы әлсірегендік екені анық. Қан қысымы тұрақсыз кісі өзін қалай сезінбек? Бүгінгі таңда баршаға аян, бірақ көшпелі дәуірде халық мұндай ауруды білмей, аң-таң болған. Сондықтан Абайдың денесі ауырлап, жүріс-тұрысы азайған хәлін Шәукімбай, Өмірбек, Қатпа, Жарқынбай, Қорамжан сынды жалшы-малшы, көрші-қолаң түгілі, Тұрағұл да «еріншектік» санап отыр.
Осы айтылған дерек-дәйектер Абайды мазалаған жүрек сырқаты және бұл әріден дендеген дерт деп тұжыруға жеткілікті сияқты.
Күмән-күдікті сейілту үшін енді Абай өлеңдеріне көз тігейік.
«Ауру жүрек ақырын соғады жай» өлеңі 1898 жылдың күзінде жазылған, ақын көңіл күйінің сол шақтағы айнасы есепті. Өйткені өлеңде осы жылдың жазында тәніне қамшы тиген, жүрегіне қаяу салған Мұқыр сайлауы оқиғасының ізі сайрап жатыр. Жырды Абай:
Ауру жүрек ақырын соғады жай,
Шаршап қалған кеудемде тулай алмай.
Кейде ыстық қан басып кетеді оны,
Дөңбекшіген түндерде тынши алмай, –
деп бастайды. Автобиографиялық сыр бары анық: өз жүрегі дертінің дәлді диагнозы. Демек, жоғары қан қысымы Абайда осы кезден деп білуге толық негіз бар. Аталмыш дерт неден? Оның жауабын ақын «Қараңғы, саңырау қайғы ойды жеңген» деп басталатын екінші шумақта айтқан және әрі қарай жүрек жарасы неден екенін тиянақтай түскен. «Тірілтіп өткен күнді, тағы шөлдеп... Кейде қайғы, азапты тағы да іздеп», «Кейде ойлайды жылауға қайғы зарын... Кейде онысын жасырар жұрттан ұрлап» деген өлең жолдары осының айғағы. Өлең соңын:
Ауру жүрек ақырын соғады жай,
Өз дертін тығып ішке, білдіре алмай.
Кейде ыстық тағы да қан басады,
Кейде бір сәт тыншығар үн шығармай, –
деп қорытады. Келесі 1899 жылғы «Есіңде бар ма жас күнің?» өлеңі соңы да:
Жаралы болған жүрекке,
Дауа бер, жамап сылайын, –
деп түйінделген. Осы қапалы сарын «Жүрегім менің қырық жамау» өлеңінде жалғасын тапқан. Қай қайсы да кемеңгердің өз көңіл күйінің суреті екені талас тудырмаса керек.
Сөйтіп, Абай – жалғыз, жүрек дерттенген. Бірақ шыдаған, білдірмеген. Келтірілген 1898-1899 жылғы өлеңдері – соның куәсі.
Бұл жайында Шәкәрім «Кәрілік – шал деген бір...» деген өлеңінде:
Кім жалғыз, бұл жалғанда –
есті жалғыз,
Мұңдасар болмаған соң бір сыңары.
Жалтаңдап жалғыз
Абай өткен жоқ па,
Қазақтан табылды ма соның пары?
Өлеңімен жұбатты өзін-өзі
Еңбегі еш, іші беріш, жүзі сары.
...Не қылса да шыдады, білдірмеді,
Сол десеңші сабырлы қазақ нары –
деп сыр бөліседі. Естінің жалғыздық трагедиясын бұдан асырып айту қиын.
Сонымен, алыс-тартыстан қажыған, ол аздай, жүрегі сыр бере бастаған Абай бейнесі біршама анықталған сияқты. «Досты қайдан табасың, Кеңесерге адам жоқ» дейтін ақынға ең керегі не еді? Әрине, тыныштық, тек қана тыныштық! Сондықтан Абай мүмкіндігінше оқшауланып бағады. Әкесі Құнанбай құсап ел жұмысына араласуын біржола тияды. Тек рухани әңгімеге баяғыша құлшынып отырған. Әрхам ақсақал кейде түнде де жұмыс жасады дейді. Таза ой еңбегімен шұғылданып, өзі сөзінше «Бір хақты таппақпен ләззаттанғаны» анық. Айта өтері, 1898 жылдан кейін Шыңғыс болысы билік тізгінін Ақылбай, Мағауия, Тәңірбердінің Әзімбайы және Құдайбердінің Ырызықбайы (Шәкәрімнің інісі) алған болатын. Билік, жүгіністе, әсіресе Мағауия ойқастап озып, әке аузын сөзден, алдын кісіден босатқан. Абай да жақсы көргеніне мысал,1904 жылы қар кете сала: «Абай Еркежанды ертіп, ұранқайымен (ықшам киіз үй) Мағаштың ауылына келіп отырды» дейді Тұрағұл. Бұл Мағаштың төсекке таңылған кезі.
Тұжыра келгенде, Абай жан тыныштығын шығармашылықтан тапқан. 1898-1901 жылдардың жемісі, ең көлемді еңбегі – «Тасдиқ» атты күрделі трактаты сөзіміздің айғағы. Лермонтовтан көп өлеңдер аударған. «Сол досты сая таппай іздейді жан, Жоқтайды күңіреніп, қозғалып қан» деп өзі айтқандай, орыс ақыны жырларынан Абай өзі көп іздеген мұңдасатын, сырласатын жан досын тапқаны тағы ақиқат.
Енді «Сенатқа хат» атты құжатқа ауысайық. Бұл Абайдың 1899 жылы Ресей империясының құзырлы органы – Сенатқа жазған хаты. Хат Мағауияның қолымен жазылып, Абай соңына қол қойған. Көлемді хатта Мұқыр оқиғасын егжей-тегжей баяндап, хат авторы қылмыстық істі қайтадан қарауды сұраған. 1980 жылдары Петербор қаласындағы архив қорынан табылған бұл құжат айтылып-жазылудан кенде емес. Зерттеушілер Абай білікті заңгер ғалым болғанының куәсі, міне, осы құжат десті. Хаттың мәтіні орталық баспасөздерде және 1995 жылғы Толық жинақта жарияланды. Шыны керек, осы мұра Абай абыройына да, өмірінің соңын дұрыс түсінуге де көлеңкесін түсіріп-ақ тұр. Неге десеңіз, хат Абай тоқтамына үндес емес, тіпті қайшы келеді.
Тұрағұл айтқан Мұқыр оқиғасына қатысты Абай тоқтамы мынау: «Бұл – жаманшылықтан туған жаманшылық деп біліңдер. Өлеміз, өлтіреміз, бітім жоқ деген сөз дұрыс емес. Мен енді бұл бітімсіздікті қостауға жайым жоқ. Жөні келсе, мен бітімнің кісісімін, – деп елді тоқтатты». Керей Бегеш шешен бастатқан төрт арыстың игі жақсылары жиналған жиында да Абай бітімге келген, тіпті дұшпан басы – Оразбайға да кешірім еткені аян.
Міне, иланымды Абай тағылымы осы. Ал мына хатқа не дейік? Кәне, айтаққа ерген, қамшы сілтеген пенделермен алысу әулие Абайға лайық па? Олармен соттасып, тіресерлік уақыт, күш-қуат болды ма? «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» жар салған хакімдік сананы қайда қоймақпыз? Шынымен-ақ көкейге қонымсыз дүние. Сондықтан хат қандай жағдайда жазылған дегенге аз да болса тоқталып, тексеріс жасауға мәжбүрміз.
Ақиқаты сол, Абайды Сенатқа хат жазуға жоғарыда аталған болыстық тізгінін ұстаған төрт азамат көндірген (1898-1901жж. Шыңғыс болысының болысы– Ақылбай). Болыс құрамына бір кіріп, бір шығатын наразы топ – жігітек, бөкеншінің телі-тентектерін ықтырып алуға мүдделі осылар. Хатқа бастамашы да осы төртеуі. Абайға көнуге тура келген. Мысалға «Жүрегім менің – қырық жамау, Қиянатшыл дүниеден» (1899) деген өлеңінде:
Кәрілік те тұр тақау,
Алдымызда айла жоқ.
Қайғысыздың бәрі асау,
Бізге онан пайда жоқ, –
десе, бұл шарасыздық жағдайын ептеп жеткізгені. Яғни, «Қайғысыздың бәрі асау» дегені жалпыға емес, жалқыға, өз айналасына меңзегені. Сондай-ақ «Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас» өлеңінде «Қартаң тартқан адамнан от азаймақ, От азайса, әр істің бәрі тайғақ» (1902) дейтіні де сол.
Сөйтіп, архив құжаты хакімнің мұратына, өнеге-өсиеті мен аманатына қайшы, оны әйгілеу керек емес. Абайдың алып тұлғасына қылаудай болса да көлеңке түсіретін дүниеге Абай жинағында орын жоқ.
Қорытынды: Абай науқасы алғаш 1898 жылы белгі берген, бір. Сол дауасыз дерті алты жыл кейінде Мағауия қазасы кезінде микроинсультке ұласқан, екі. Сенатқа хат, үш. Соңғысы – асау жастар талабы, бастамасы. Қазіргі таңда халыққа қажетті – шаблонсыз, цензурасыз Абай екені хақ. Сондықтан сөз болған жәйттер еленіп-ескерілер деген үміттеміз.
Асан ОМАРОВ,
зерттеуші