Б.Сапарбаев: Праймериз – жаңғырудың жаңа бағыты

Б.Сапарбаев: Праймериз – жаңғырудың жаңа бағыты

Б.Сапарбаев: Праймериз – жаңғырудың жаңа бағыты
ашық дереккөзі
171

«Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев  праймеризге қатысты үндеу жолдады.

Құрметті жерлестер!

Қазақ елі қашаннан не түрлі зұлматтарды бастан өткеріп, бірлік пен қажыр-қайратының арқасында қиындықтарға қайыспай, еңсеріп келеді.

Бүгінде күллі әлемді күрсініске салған кесірлі кесапатпен де көп болып күресудеміз. Шұғыл шешімдер мен жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ахуалдың оңала бастағаны байқалады. Бұл тұрғыда уақытпен санаспай еңбек еткен сала мамандарына, қарлығаштың қанатымен су сепкендей қол ұшын созған қайырымды жандарға, сақтық шараларын сақтап, індеттің таралуына тосқауыл қойған тұрғындарға айтар алғысымыз зор.

Өмір көші мұнымен тоқтап қалмайды. Серпінді даму жолында стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін саяси үдерістерді іске асырудың тиімділігі жоғары.

Баршаға белгілі, 17 тамыздан елімізде партияішілік іріктеу – праймериз басталды. Күні кеше Елбасы - «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл шараның маңыздылығына тоқталып, Қазақстан халқына Үндеу жариялады. Әлеуметтік лифт қалыптастыру жолында әділ бәсеке орнайтынына сенім білдірді. Расында даТәуелсіздік тарихында тұңғыш рет қолға алынып жатқан бастама демократиялық жаңғырудың жарқын үлгісі болмақ. Өйткені «Мықты лидерлермықты партия» қағидаты бойынша өзінің және елінің болашағына байыппен қарайтын үміткерлер бақ сынайды. Түйіні тарқамаған түйткілдер талқыланып, тиімді диалог өрбиді. Сол арқылы қалың көпшілік елімізді дамыту мәселелеріне азаматтық айбынмен атсалысады. Мұның барлығы жүйелі партиялық саясатты қалыптастыруға, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыруға оң септігін тигізетіндігі сөзсіз. Яғни, қоғам өкілдерінің белсенділігін арттыра отырып, ортақ нәтижеге қол жеткізуге басымдық беріліп отыр.

ПраймеризЕлбасының бастамасымен қолға алынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» партия жұмысын қайта жандандыру бағдарламасымен үндесіп жатқан маңызды шара. Осы орайда, партия Жамбыл облыстық филиалы аталмыш шараны жоғары деңгейде өткізу бойынша бірнеше айдан бері дайындық жұмыстарын жүргізді. Бұл бағытта кешенді жоспар әзірленіп, ұйымдастыру комитеттері мен есеп комиссияларының құрамдары жасақталған. Праймериз тәртібін түсіндіруге бағытталған 15 семинар өтіп, аудандық (қалалық) филиал төрағаларының бірінші орынбасарлары мен ұйымдастыру комитетінің мүшелеріне тиісті нұсқаулар берілді.

Бүгінде өңірде 55 мыңға жуық мүшені қамтитын 266 бастауыш партия ұйымы бар.

Дауыс беру тәсілі карантин жағдайы ескеріле отырып, онлайн және дәстүрлі түрде өтетін болады. Онлайн форматында дауыс беру 1-3 қазан аралығында, ал, дәстүрлі дауыс беру тәсілі 3 қазанда өтеді.

Дәстүрлі дауыс беру үшін 177 орын-жайлар белгіленді.

Осылайша аймақта праймеризді өткізуге жан-жақты жағдай жасалуда. Алғашқы күннің өзінде шараға қатысуға 33 үміткер өтініш білдірді. Біз бұл тізімнің толыға түскенін, азаматтардың өз мүмкіндігін мүлт жіберіп алмауын қалаймыз.

Барлық шынайы патриоттарды, бастамашыл және жауапкершілігі мол отандастарды аймақ пен елді қарқынды дамыту мен өркендету мақсатында праймеризге белсенді қатысуға шақырамын!

Серіктес жаңалықтары