415
Құралай ЖҰМАБЕКОВА: Праймериз – көшбасшыларды айқындаудың ең тиімді тетігі
Құралай ЖҰМАБЕКОВА: Праймериз – көшбасшыларды айқындаудың ең тиімді тетігі
Бүгін «Nur Otan» партиясы бойынша праймеризге кандидаттарды ұсыну мен тіркеу басталды. Еліміздің партиялық-саяси даму тарихында тұңғыш рет республикалық партияішілік сайлау ауқымында өткелі отырған праймеризге Ақмола облысы бойынша «Ана үйі» Қоғамдық Қорының үйлестірушісі Құралай Жұмабекова да қатыспақ.
– Еліміздің тарихында алғаш рет дамыған елдердің тәжірибесі праймериз өткелі отыр. Праймериз – көшбасшыларды айқындаудың ең тиімді тетігі. Мен праймериздің өтуін қолдаймын және өзім де қатысуды жөн көріп отырмын. Өзім бірнеше жылдан бері қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрмін. Сондықтан жалғызбасты, көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың мәселесіне бей-жай қарай алмаймын. Өзімнің 11 балам бар, өмірге 6 бала әкелдім, 5 баламды асырап алдым. Біздің қоғамда көп бала асырап алған отбасылар көбейсе деп ойлаймын. Сонымен қатар жалғызбасты ата-аналар мен олардың балаларына және балалар үйінен шыққан тәрбиеленушілерге көмек қолын созғым келеді.
Пандемиямен қатар келген экономикалық дағдарыс әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға үлкен соққы болып тигені анық. Осы ретте балалар үйінен тәрбиеленіп шыққан жастардың жоғары немесе кәсіптік бағытта білім алуы, жұмысқа орналасуы, еңбекақысын уақытылы алуы күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі. Бұл қатардағы жастардың қоғамнан қандай әлеуметтік көмек алып жатқанына дұрыс сараптама жасалуы керек. Өйткені бүгінгі таңда балалар үйінен шыққан жастардың қоғамға бейімделуі қиынға соғып отыр. Оған бір ғана дәлел – «Ана үйіне» келетін жұмысы жоқ, оқу бітірмеген, алданған қыздардың 80 пайызы балалар үйінде тәрбиеленгендер. Сондықтан осы мәселелердің оң шешімін табуына ықпал еткім келеді, – дейді Құралай Жұмабекова.
Праймериздің әділ өтетініне сенемін, өйткені «Nur Otan» партиясының атқарып отырған ішкі және сыртқы жұмыстарын көзіммен көріп жүрмін. Праймериздің жоғары деңгейде әрі сапалы ұйымдастырылуына бар күшін салып жатқан партияға алғыс білдіре отырып, праймеризге қатысып жатқан үміткерлерге сәттілік тілеймін, – дейді «Ана үйінің» үйлестірушісі Құралай Жұмабекова.