416
Бүгін – Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл
Бүгін – Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл
15 тамызда аты аңызға айналған сазгер, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толды.
Болашақ халық композиторы 1930 жылы 15 тамызда елдің оңтүстігіндегі шағын ауылда дүниеге келді. Оның әкесі зергер, темір ұстасы болған. Десек те, өнерден де құры қол емес еді. Қазақтың қобызы мен домбырасын құйқылжыта тартатын сері адам. Анасы да ән салатын. Шәмші бала кезінен өнерге бейім болды. Кішкентайынан мандолинада ойнап, алғашқы әндерін жаза бастады.
Шәмші Қалдаяқов Сарыағаштағы Қапыланбек малдәрігерлік техникумын, Ташкенттегі музыка училищесін, Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген.
1950 жылдан бастап шығармашылық қызметпен айналысқан. Ол ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп ала келген сазгер ретінде танылды. Оның әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданып, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді.
Композитор шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік Шәмші шығармаларының басты тақырыбы. Оның азаматтық лирикаға тұнған, республикамыздың кең байтақ жерін жырға қосатын «Ақ ерке - Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Теріскей», «Қарқаралы», «Өмір өзен», т.б. туындыларын жұртшылық ерекше ықыласпен қабылдады.
Композитордың марш екпінді, жігерлі, шаттықпен шырқалатын «Менің Қазақстаным», «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу» сияқты әндері халық арасына кеңінен тарады.
1992 жылдан бастап сазгерлер мен әншілер үшін Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау-фестиваль дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.
Шымкент қаласында облыстық филармония, бір көше, Алматы қаласында бір көше, композитор туған өлке – Шәуілдір ауылындағы музыка мектебі – Қалдаяқов есімімен аталады.
Шымкент филармониясының алдына Қалдаяқов ескерткіші орнатылған 1991 жылы ол жайлы ғұмырнамалық «Жылдарым менің, жырларым менің» (режиссері Т.Ахметов) деген деректі телефильм түсіріліп, «Шәмшіғұмыр» естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді.