– Вирустың өршуімен елімізде онлайн кеңес алуға жүгінетіндер саны артты. Сіздің орталыққа онлайн кеңес алуға кімдер жүгінеді?
– Клиниканың телефоны жедел жәрдемнен кем шырылдамайды. «Не істеу керек?» деген сұраққа жауап іздеп хабарласушылар түн ортасында да толастаған емес. Ондайда шамамыз келгенше адамдарды сабырға шақырып, психологиялық көмек беріп, ауа алмастыру, есік-терезе ашу, дұрыс тамақтану, дене жаттығуларын дұрыс жасау сынды кеңес береміз. Ал хабарласушылардың жас ерекшелігі мен мамандықтары да әртүрлі. Ауырып, жанына ем іздегендер де, аурудың алдын алғысы келгендер де хабарласады. Қазір көпшілікті алаңдататын «Коронавирустың екінші толқынында не істеуіміз керек?» деген сауал. «Қандай дәрілер ішуіміз керек, тіпті алдын ала дәрі іше беруімізге бола ма?» деп сұрайтындар да бар. Ауырмасаңыз, алдын ала дәрі ішуге кеңес бермейміз. БАД, дәрумендер ішіп алдын алуға болады деп айтудан аулақпыз. Қазір елдің бәрі емші, елдің бәрі дәрігер болып кетті. «Мынаны ішіп жазылдым» деп елге жарнама жасап жатады. Бірақ оны ішіп жазылған адам кеңес еткен дәріні ішкен екінші науқастың қосымша ауруы асқынып кетуі мүмкін. Ет жеңіз, сорпа ішіңіз деп айтамыз, бірақ қан қысымы көтеріліп тұрған адам көп мөлшерде сорпа ішетін болса, қысымы одан ары жоғарылайтынын ескерген жөн.
– Карантин жағдайында онлайн жұмыс істеу көп адамның ұйқы режимін бұзды. Осы орайда ұйқының тыныш болуы коронавирустың алдын алуда және күресуде қаншалықты маңызды деп сұрағым келіп отыр.
– Уақытылы ұйықтау адам ағзасына, иммунитетке, жүйке жүйесіне, қан айналымына, ішкі секрецияға пайдалы. Ал ұйқының дұрыс болмауы керісінше иммунитетті төмендетіп, ішкі секрецияның және жүйке жүйесінің қызметін бұзады, қан айналымын баяулатады. Егер дұрыс ұйықтамағандықтан иммунитет төмендейтін болса, ондай адамның жұқпалы ауруларға, вирустарға, микробтарға қарсы тұру қуаты төмендеп, ауруды оңай жұқтырып алады. Сол үшін тек коронавирусқа байланысты емес, жалпы әрдайым уақытылы ұйықтау өте маңызды. Коронавирустан сақтанып, алдын алудың 4 негізгі жолы бар. Оның біріншісі – топтық ортаға бармау, таза ауамен тыныстау, үйдің ауасын алмастыру, яғни оңашалану, оқшаулану. Екіншіден бетперде тағу арқылы вирустың тыныс жолы арқылы жұғуынан сақтану және оны жиі ауыстырып тұру. Үшінші – үнемі қол жуу, ал төртіншісі ұйқы тыныштығын сақтау.
– Коронавируспен ауырған және ауырмаған адамдардың сақтану шаралары қандай болуы керек?
– Вирус жер бетінен жойылып кеткенше сақтану шаралары туралы айта береміз. Өйткені індеттің қашан және қалай кететінін ешкім білмейді. Бұл жағдайда сақтанғаннан басқа амалымыз жоқ. Түшкіру, әлсіздік, бас ауыруы, дене қызуының көтерілуі, тамақтың жыбырлауы, кеуде қуысының ауыруы, жүрек қағысының, тыныс алудың жиілеуі – аурудың басты белгілері. Вирус жұқтырған адамдарға айтарым, сабырлы болып, көңіл күйді орнықты ұстауы керек. Өйткені адамдар «өліп қалатын болдым» деп ішкі көңіл-күймен арпалысқан сайын қан қысымы бар адамның қысымы одан ары көтеріліп, қосымша аурулары болса, олар қозып кетуі мүмкін. Сол себепті сабырлық танытып, уайымға салынбау керек. Әр ауруды емдеу тәсілі болатыны секілді, коронавирусты да иммунитетті көтеру арқылы емдеуге болады.
Коронавируспен ауырмағандар осы сақтық шараларын жасап, спортпен айналысуы керек. Қимыл-қозғалыс өте маңызды, таңертең және кешке таза ауада көбірек жүрген дұрыс. Жаз айларында дәруменге толы көкөністерді, жеміс-жидектерді жеп, қымыз, шұбат, айран, сүт, сорпа ішу керек. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, қан қысымы көтеріліп тұрған адам қымыз ішсе, қан айналымы жылдамдап, қан қысымын көтеріп жібереді. Ал қаны қою кісілер өте майлы сорпа ішпеуі керек. Сонымен қатар күніне 2-3 литр таза жылы су ішкен жөн. Жас балалар мен жасы 60-тан асқан кісілерге судың бұл мөлшері көп болады, сондықтан адам жасы мен салмағына қарай таңертең аш қарынға жылы су ішуден бастағаны дұрыс. Дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану және жеке тазалықты қолға алу арқылы бұл вирусты жұқтырмай аман-есен өтуге болады.
 
Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ