200
79 жастағы жамбылдық қария коронавирусты жеңді
79 жастағы жамбылдық қария коронавирусты жеңді
Жамбыл облысы Жуалы ауданының 79 жастағы тұрғыны қатерлі вирусты жеңді.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, Аманжол Дүрәліұлы коронавирус белгілері бойынша жедел жәрдеммен Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген.
Медициналық тексеру кезінде қарияның коронавирус жұқтырып, екі жақты вирустық пневмонияға шалдыққаны белгілі болған. Сондай-ақ, 79 жастағы тұрғыннан тыныс алу жеткіліксіздігінің үшінші сатысы анықталыпты.
Ақсақалдың қосымша созылмалы аурулары – жүректің ишемиялық ауруы, ишемиялық кардиомиопатия, жүрек жеткіліксіздігі және үшінші сатыдағы гипертензия коронавирустың асқына түсуіне әкеліп соққан.
Екі күн жансақтау бөлімінде болып, ӨЖЖ аппаратына қосылған Аманжол Дүрәліұлы ақ халаттылардың қажырлы еңбегінің арқасында қатерлі вирусты жеңіп, ауруханадан шықты.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкентте өкпесінің 70 пайызы зақымданған 90 жаста әжей індеттен айыққанын хабарлағанбыз.
Шымкент қаласындағы "Мейірім" провизорлық орталығында ем қабылдаған Күлсара Қарсыбаеваның жағдайының ауырлығына және қосымша созылмалы ауруларына (созылмалы холецистит, панкреатит, артериялық гипертензия) қарамастан пневмонияны жеңіп шықты.