212
Алматы әкімі троллейбус инфрақұрылымы қашан жаңғыртылатынын айтты
Алматы әкімі троллейбус инфрақұрылымы қашан жаңғыртылатынын айтты
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев "Алматы" телеарнасында Akimat LIVE бағдарламасының эфирінде троллейбус инфрақұрылымын жаңғырту туралы тұрғындар сауалына жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Коронавирустың кесірінен барлығына шығындар азайтылды. Бізді троллейбустардың жағдайы қызықтырады. Көбіне байланыс желілері істен шығып, троллейбустар көшедегі қозғалысты жиі тоқтатып жатады. Бәлкім, трамвай сияқты, троллейбустан да бас тартқанымыз жөн болар," - деп сауал қойды қала тұрғыны.
Сағынтаев өз жауабында бұл мәселе күн тәртібінде емес екенін айтты.
"2019 жылы біз олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін байланыс желілері мен қосалқы станцияларды модернизациялау бағдарламасын қабылдадық. Биыл пандемияға байланысты бұл шығындарды біршама төмендеттік, ол жоспарланған 5 миллиардтың орнына 1,7 миллиард теңгені құрайды. Нәтижесінде, жыл соңына дейін шамамен 16 көшенің желісі жаңғыртылатын болады", - деді ол.
Қала әкімінің айтуынша, троллейбус инфрақұрылымын толық жаңғырту, оның ішінде 172 шақырым байланыс желісін ауыстыру 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған.
"2020 жылдың соңына дейін Жандосов, Сейфуллин, Қабанбай батыр, Әуезов, Розыбакиев, Жұбанов, Райымбек, Емцов, Қалдаяқов, Пушкин көшесінің бойында, Рысқұлов пен Райымбек даңғылының бойыедағы байланыс желісінің тіректерін бөлшектеу және орнату жоспарлануда", - деп толықтырды Сағынтаев.
Айта кетейік, кабельдік және байланыс желілеріне күрделі жөндеу соңғы рет 2000 жылы жүргізілген болатын.