1394
1916 жылғы көтеріліс – ұлттық бірегейліктің көрінісі
1916 жылғы көтеріліс – ұлттық бірегейліктің көрінісі
ПРОФЕССОР Талас ОМАРБЕКТІҢ «ТҮРКІСТАН» ГАЗЕТіне БЕРГЕН СҰХБАТЫНА ОРАЙ
«Түркістан» газетінің осы жылғы 7 шілде күнгі №27 санында профессор Талас Омарбектің «Тарих ешкімнің ықпалына түспеуі керек» деген тақырыпта журналист Жәнібек Ғалымға берген сұхбаты жарық көрді. Иншалла, Талас Омарбек отандық тарихнамада өз орны бар, жариялаған зерттеу еңбектері арқылы қоғамда кең танылған, азаматтық ұстанымы айқын ғалым. Аталған сұхбатын оқи отырып, еліміздегі тарихшы ғалымдардың өз ойларын еркін де батыл айта бастағандығына көзіңіз жете түседі. Осы ретте жазушы ағайындар тарапынан орынды-орынсыз тарихшылар атына сын айтудың қалыпты нәрсеге айналып бара жатқандығына көңіл аударуға тура келеді. Тарих жазу – бұл азапты еңбек, өнер. Тарихшының еңбегімен таныспай жатып, жеңіл-желпі пікір білдіре салу мәдениеттіліктің көрінісі бола қоймас. Жақында ғана осы басылымда жарияланған сұхбатында белгілі жазушы бауырымыз «жүздеген кәсіби тарихшылардың санына қарамастан қазіргі таңда қазақ тарихынан пікір жарыстыратын, ой алмасатын адам жоқ, қазір тарихшы мамандар болғанымен шын мәніндегі тарихшы ғалымдар болмай тұр» – деген ой түйіп, күйінеді. Тарих ғылымы саласының жүгі ауыр екендігі, оның күрделі өзгерістер кезеңінде тұрғандығы, ірі таланттарға мұқтаждығы жалпы қоғамға мәлім. Өйткені бүтін бір ғасыр бойы идеологиялық агрессия жағдайында өмір сүріп, енді ғана рухани еркіндік алғандай болған қазақ қоғамы өзінің тарихи портретін көргісі, танығысы келеді және оған толық құқы бар. Қоғамда осындай сұраныстың барлығын біле отырып, Білім және ғылым министрлігі тарапынан ұйымдастырушылық шаралардың іске асырылғаны жөн еді. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы шын мәнінде ұлы жоба, ұлы бастама болды. Дегенмен, бұл бағдарламада басымдылық тарихи ескерткіштерді жаңғыртып, сақтауға, әлем орталықтарындағы ұлт тарихына қатысты дерек көздерін елге жеткізуге, сондай-ақ тарихи еңбектерді қазақ және орыс тілдеріне аударуға берілді. Бұл, сөзсіз, аса маңызды және орынды атқарылған іс. Сонымен бірге, әрине, тікелей ұлт тарихының өзекті мәселелеріне арналған монографиялық еңбектерге тапсырыс беру ісі де атқарылғанда құба-құп болмақ еді. Үлкен құлшыныспен қолға алынған «Халық тарих толқынында» аталатын мемлекеттік бағдарлама жақсы-ақ басталды, тарихшылар қауымы дүр сілкініп, оған зор үміт артты, өкінішке қарай бағдарлама бастапқы кезінде-ақ үзіліп қалды. Басқа да ғылымдар саласы сияқты тарих ғылымы да бағбанның назары мен қолына мұқтаж. Тарихи еңбектер жеке патриоттың белсенді еңбегінің нәтижесінде ғана өмірге келеді деген кісілер қателеседі. Тарихи тәжірибе мұндай тұжырымның қате екендігін көрсетеді. Менің бұл жерде айтайын дегенім, Талас Омарбектің тәуелсіздік жылдары түрлі қиындықтарға қарамастан тарих ғылымы саласында сұраныстарға ие тақырыптарға өндірімді қалам тартқан ғалым екендігін айту еді. Сонымен бірге «Сократ менің досым, дегенмен шындық одан да қымбат» демекші, ғалымның аталған сұхбатындағы кейбір даулы тұжырымдарға тоқталуды өзіме парыз санадым. Сонымен сөз не жөнінде? Т.Омарбек сұхбатында 1916 жылғы көтеріліске тоқталып, бұл тақырыптан «коммунистік жүйеде тарихшылар таптық сарын іздеді. Шындығында бұл рулық, тайпалық негізде ұйымдасқан «ұлт-азаттық» көтеріліс еді. Мысалы, Амангелді мен Әбдіғаппар бастағандар Әбдіғаппарды хан сайлады. Торғайдың арғындары Омарды хан сайлады», – дейді. Сұхбатының тағы бір жерінде қазақтар «әр аймақта, рулық, тайпалық негізде бас көтерді» деген ойды айтып, өз ұстанымын нығыздай түседі. Кеңестік кезеңде 1916 жылғы көтеріліске байланысты зерттеулерде айтыс-тартыс оның әлеуметтік-таптық сипатына байланысты жүрді. 1926 жылы көтерілістің он жылдығына байланысты Т.Рысқұлов «Восстание туземцев Туркестана 1916 году» атты мақаласын жариялап, большевизм идеологтарының аяғын басқандай қарсылық тудырды. Оларға ұнамағаны Т.Рысқұловтың Орта Азия халықтарының 1916 жылғы 25 маусым жарлығына байланысты кенеттен және жаппай көтерілуін «бұратаналардың көтерілісі» ретінде бағалауы, яғни көтерілістің жаппай ұлттық сипат алғандығына басымдылық беруі еді (Т.Рыскулов. «Восстание казахов и киргизов в 1916 году». М., 1927 г.). Т.Рысқұлов аталған еңбегінде 1916 жылғы патша жарлығына байланысты жергілікті халықтардан соғыс қажеттілігіне жұмысшылардың алынуын көтерілістің шығуына түрткі болған оқиға ретінде қарастырып, ал көтерілістің негізгі себебі «патшалықтың Түркістанды 50 жыл бойы тоқтаусыз отарлық қанауға алуы болды» деп көрсетті. Түркістан Ресей үшін «айтарлықтай кең қанау объектіне, өз өнімдерін өткізетін базарға және шикізат көзіне, сондай-ақ еркін үлестіріп, иемденуге болатын мол жері бар өлкеге айналды», – деп жазды. Осы арада советтік тарихнама айналып өтетін мынадай жағдайға көңіл аударуға тура келеді. Отарлау – бұл түрлі қоғамдық күштердің атсалысуымен атқарылатын процесс. Ресейлік отарлау ісіне атсалысқан сондай күштердің бірі, әрине, ішкі ресейлік губерниялардан қазақ жеріне қоныс аудара келген шаруалар болғандығы мәлім. М.Шоқайдың «патшалық үкімет мұжыққа таянса, мұжық патшалық үкімет жүргізіп отырған жер саясатының игілігін көріп кенелді» (М.Шоқай. Таңдамалы. І т., 2016 б.) деген сөзі өмірлік тәжірибеге сүйенген тұжырым болатын. Яғни, 1916 жылғы көтеріліс, әрине, ең алдымен негізгі отарлаушы күш патшалық әкімшілікке, сондай-ақ қазақ жері мен елін отарлау ісіне атсалысқан басқа да әлеуметтік күштерге қарсы бағытталды. Басқаша айтқанда, ол ұлт-азаттық сипат алды. Кеңестік тарихнама бұл тарихи шындықты мойындауға бармады. Неге? Біріншіден, советтік идеология патшалықтың отарлау саясатын сөз жүзінде айыптағанымен, іс жүзінде үкіметтің қазақ жерінің асты-үсті байлығын игеру және ішкі ресейлік шаруалармен жұмысшыларды қазақ жеріне қоныстандыруды жалғастыру шараларын қолдау жолында тұрды. Бұл ісін ол түрлі идеологиялық жамылғылар арқылы жүргізді. Екіншіден, 1916 жылғы көтеріліс тарихына байланысты мынадай бір жағдайға назар аударуға тура келеді. Советтік кезеңде, қазақ қоғамы саяси репрессия жағдайында ғана емес, сонымен бірге орталық билік тарапынан, яғни сырттан таңылған идеологиялық агрессия жағдайында да өмір сүруге мәжбүр болды. Белгілі бір дәрежеде теориялық ұстанымы қалыптасқан қоғам империялық мүддесін көздей отырып, бұл ретте кенже қалған қазақ қоғамында өзінің жасанды теориялық тұжырымдары мен ұстанымдарын орнықтыруға күш салды. Бұл тұрғыдан алғанда қазақ қоғамы ХХ ғасыр бойы советтік империя тарапынан жүргізілген түрлі идеологиялық агрессияның сынақ алаңына айналды. 1916 жылғы көтерілісті жаңа ұстаным тұрғысынан қорыту ісінде біз бұл жағдайға көз жұма алмаймыз. Біздің бұл ойымызға 1916 жылғы көтерілістің 10 жылдығына байланысты советтік басылымдарда жүрген дискуссия материалдары нақты куәлік жасай алады. Т.Рысқұловтың 1916 жылғы Орта Азия елдеріндегі көтерілісті ұлт-азаттық көтеріліс ретінде қарастыру ұстанымын қырғыз елінің белгілі мемлекет қайраткері, 1927-1933 жылдары қырғыз үкіметін басқарған Жүсіп Әбдірахманов та қолдады «О восстании 1916 года» аталатын мақаласында ол «1916 жылғы көтерілістің сиаптын анықтаудың тарихи маңызы зор», ал оның «қозғаушы күші тек бұратана халық болды, өз ретінде ол Түркістандағы орыс шаруаларының ғана емес, тіптен аз ғана орыс жұмысшыларының да қолдауын ала алған жоқ. Ондай қолдау орыс мұжығының тарапынан болмайтын да еді, өйткені патшалықтың жүргізіп отырған отарлау саясаты жағдайында оның мүддесі жергілікті халықтың мүддесімен мүлдем үйлеспейтін еді», – деп жазды (Ю.Абдрахманов. Избранные труды, Б., 2001, – С.188-190). Дискусссия нәтижесінде Т.Рысқұлов пен Ж.Әбдрахмановтың ұстанымы, әрине, жеңіліс тапты. Советтік тарихнамада (1955 жылғы конференциядан соң) 1916 жылғы көтеріліске байланысты «прогресшіл, революцияшыл, халық-азаттық сипат алып, патшалық билікке, сондай-ақ аракідік феодалдық-бай элементтерге қарсы бағытталды» деген мағынадағы дүдәмал, бұлыңғыр баға берілді. Басқаша айтқанда, тарихи оқиғаға баға беру ісінде басымдылық тарихи шындыққа емес, советтік тарихнамаға тән таптық принципке, саяси конъюнктураға берілді. Большевиктік орталыққа 1916 жылғы көтерілісті ұлт-азаттық мазмұн, сипаттағы көтеріліс ретінде тану неге ұнамады? Көпұлтты советтік империядағы билікке келген большевиктер (сталиндік басқарудағы) ұғымында «ұлт-азаттық, «ұлтшылдық» ағымдар бұл реакциялық, яғни коммунистік қозғалысқа қарсы және зиянды ағымдар ұлтшылдармен тап жаулары – помещик, буржуа, қаражүздіктермен (черносотенцы) күрескендей дәрежеде күрес жүргізілуге тиіс болды. Мұндай ұстаным іс жүзінде патшалық билік тұсында аяқ асты болған отарлық езгідегі халықтардың азаттық үшін қозғалысының өмірлік және тарихи негізін мойындамау, оны жоққа шығарумен тең еді. Қазіргі уақытта да төл тарихымызды қорыту ісіне араласып, оған өздері қалағандай мазмұн, реңк беруге мүдделі сырт күштердің бар екендігі байқалады. Түрлі идеологиялық ойындар әлі де жалғасын табуда. Ендігі уақытта біздің қоғамның, сол сияқты тарихшы мамандардың сондай астарлы да қитұрқы ойындарға жол беріп алуы, әрине, өкінішті болар еді. Сондай саяси ойындар, мәселен, қазақ қоғамында әлі де болса төбе көрсетіп қалатын рулық сезімге табан тіреуден үміттенеді. Бұл арада Т.Омарбек сияқты қоғамда мойындалған, тәжірибелі тарихшының сұхбатынан ондай астар іздеу қателік болар. Дегенмен, ғылым жүзінде көп жылдан бері бірге келе жатқан әріптесімнің айтқанынан жоғарыдағыдай пікірді оқи отырып, пайдалы болар деген ниетпен ол жөнінде ой бөлісуді жөн көрдім. Егер, 1916 жылғы көтерілісті «рулық, тайпалық негізде ұйымдасқан «ұлт-азттық» көтеріліс еді» деп қарастырар болсақ, онда мұндай тұжырым өткен ғасырдың 20-ншы жылдары оған «ұлт-азаттық» қозғалыс ретінде берілген бағадан кейін кету болып шықпай ма деген сауал ойға оралады. Біздің түсінігімізше, қазіргі уақытта да 1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының мемлекеттік дербестігі мен территориялық тұтастығы үшін жүргізіп келе жатқан ұлт-азаттық қозғалысының табиғи жалғасы, кезекті көрінісі, сондай-ақ ол рулық, тайпалық негізде емес, жалпыұлттық ауқымда көрінген тарихи қозғалыс ретінде қарастырған дұрыс, сондай-ақ мұндай көзқарас тарихи шындыққа қайшы келмейді. Егер 1916 жылғы көтерілісті рулық, тайпалық реңк алған құбылыс ретінде қарастырар болсақ, онда 1905 жылы өмірге келіп, патша үкіметіне жолданған «Қарқаралы петициясын», «Орал және Торғай облыстары ишандары мен билерінің дін және жер туралы наразылығы» сияқты құжаттарды қандай ұстаным тұрғысынан бағалауымыз керек? Ал мәтінінде ру, тайпаның иісі де жоқ бұл тарихи құжаттар ұлттық бірегейліктің (идентичность) нақты көрінісі еді ғой. Яғни, бұл бағдарламалық сипаттағы құжаттар жалпы қазақ елі атынан орталық үкіметке жолданған арыз-тілектер болатын. Тіптен ХІХ ғасырдың 1837-1847 жж. К.Қасымұлы бастаған көтеріліс те бірегейлікті сақтау үшін жүргізілген жалпыұлттық күрестің көрінісі болғандығы тарих ғылымында мойындалған шындық емес пе? Ғылымдағы ұлыдержавалық күштер бұл қозғалысты сұлтандар, билеуші топтар жүргізген тар әлеуметтік арнамен шектеуге күш салды. Шын мәнінде Кенесары хан бастаған қозғалыс сырттан төнген қауіп жағдайында бүкіл қазақ елін ортақ мақсатқа жұмылдыра алатын ұлттық идея бар екендігін көрсетіп берген қозғалыс болатын. Ал 1916 жылғы көтеріліске келсек, рас, ол белгілі бір аймақтарда, басым түрде белгілі бір рулық бірліктер қоныстанған жерлерде көрініс тапты. Тарихи-территориялық тұрғыдан қазақ қоғамы солай орналасты. Мұндай ерекшелік бүгін де байқалады. Бірақ осы тарихи тұрғыдан қалыптасқан жағдайды негізге алып, 1916 жылы қазақ қоғамында рулық-тайпалық бірегейлік, ұлттық бірегейлікпен басым түсіп жатты деп айта алмаймыз. 1917 жылғы Ресей империясындағы тарихи өзгерістерді қазақ елі қалыптасқан ұлттық бірегейлік жағдайында қарсы алды. Осы жылы өмірге келген Қазақ съездері, Қазақ комитеттері, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі қазақ халқының реті келген сәтте өзінің ұлттық ұйымдарын құру арқылы ұлттық бірегейлігін сақтап, ендігі уақытта оны күшейте түсуге ұмтылыс жасап отырғандығының айғағы болатын. Кез келген халық өзінің ұлттық бірегейлігін тұтас та бүлінбеген күйінде сақтағанда ғана өмір сүре алады. Ал ол бірегейлігін ұлттық мемлекеттік арқылы ғана сақтай алады. Міне, осы қажеттілікті Алаш қайраткерлері жақсы түсінді және оған өз өмірлерін арнады. Алаш қайраткерлерінің тарихи қызметін біз осы тұрғыдан қабылдаймыз және сол үшін ардақ тұтамыз. Күрделі тарихи кезең – өткен ғасырдың алғашқы ширегінде халқымызға осындай қайраткерлер шоғырын бергені үшін Жаратушы Аллаға шексіз ризашылығымызды айтамыз. Басқаша айтқанда, 1916 жылы көтеріліске қатынасқан қарапайым халық жеке рулық мүдделерін емес, жалпы елдік мүддені көздеп атқа қонды, ортақ жалпыұлттық мүдде төңірегіне топтасты. 1916 жылы дәстүрлі қазақ ауылының құрылымы рулық негізге сүйенді, өмір сүрді. Үлкен территория, жартылай көшпелі мал шаруашылығы оның базалық негізін анықтады. Ал бірақ бұл ауыл тұрғындарында ұлттық мүддеге сүйенген ұлттық сана болмады деп айту қателікке ұрындырған болар еді. Рулық негізде жерін игеріп, шаруашылық құрған қазақ қоғамында «біз Алаш еліміз!» деген сезім, сана XV-XVІ ғасырдан бергі уақытта үстемдік құрды. Осы сана-сезімнің арқасында ол жерінің тұтастығын, бітім-болмысын, мәдени ерекшелігін сақтап келді. Рас, сырттан қауіп төнген жағдайда бұл сана, ұстаным күшейсе, ал ел іші бейбіт жағдайда ол байқала бермейтін үйреншікті қалпына түсті. Тәкең айтқандай, көтеріліс барысында рулық бірліктердің көрініс табуы – бұл халықтық стихияның орын алғандығы. Наразылық барысында рулық бірліктер көрініс тапқанымен, әрине, олар рулық шеңбердегі ғана көтерілістер емес, бұл басқарушы орталығы жоқ ұлттың шашыраңқы қарсылығы еді. Басқаша айтқанда, қазақтар рулық негізде ғана қарсылық көрсететіндей патшалық майдан жұмысына адамдарды жеке-жеке рулардан алған жоқ, барлық қазақ халқынан алды, яғни, ауыртпалық барлық қазақ халқының басына түскен ортақ ауыртпалық болатын. «Қарқара көтерілісі» деген тура емес, өйткені отарлаушы күштерге қарсы жер көтерілмейді, көтерілетін адам, қоғам немесе белгілі бір әлеуметтік топ. Сондықтан да көтерілістің «албандар көтерілісі» аталғаны жөн деген де пікір бар. Міне, осы пікірге байланысты мынадай жағдайды ескерген жөн. Қарқара жәрмеңкесінде басталып, оған басым түрде Албан тайпасының адамдары қатынасқандығы, әрине, көтерілістің тайпалық сипат алғандығының көрінісі бола алмайды. Ол бар болғаны халықтық стихияның айғағы ғана. Біздің түсінігімізше, ол Қарқара жеріндегі халық көтерілісі аталғаны ғылыми тұрғыдан жөн болмақ. Сол сияқты, Торғай жеріндегі Әбдіғаппар Жанбосынұлы, Амангелді Иманұлы және Омар бастаған халық көтерілісі. Енді қысқа болса да 1916 жылға байланысты Алаш зиялыларының көзқарасына тоқталған жөн. Өйткені олар көтеріліске байланысты жағдайды көздерімен көрді, жандарымен сезінді, көтеріліс жөнінде пікірлерін жазып қалдырды. Ия, рас, олар көтеріліс басталғанда оған қарсы ұстанымда болды, қарулы әскерге қарсы тұру елге бүліншілік әкеледі деп түсінді. Оқиғалар ағымы бұл ұстанымның негізсіз еместігін көрсетті. Сонымен бірге, алаштықтардың 16-жылға байланысты көзқарасы, Т.Омарбектің тура атап көрсеткеніндей, біржақты, қарабайыр емес-тін. Ә.Бөкейханов көтеріліске байланысты «алыспаған, жұлыспаған бостандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды, ері құлдықтан, әйелі күңдіктен шықпайды, малына да, басына да ие болмайды» деп жазса, М.Дулатұлы 16-жылды тарихи жыл деп бағалап, «өткен жыл бізге ұмытпастай сабақ берді. Сырымызды ашты. Бұл күйде тұра берсек, мұнан кейінгі заманда тағы да осындай оқиғалар болмасына кім кепіл?», – деп жазды. 1929 жылы Мәскеудегі Бутырька абақтысында отырған А.Байтұрсынұлына елдегі жағдайды меңзеп, тергеуші Павловтың «азамат соғысы бастала қалған күнде қолдарыңда қару жоқ, қалай қорғанбақсыңдар?» деген сұрауына Ахаң «1916 жылы қазақ халқы қарусыз-ақ көтеріліске шықты ғой, демек оның тағы да қарсылық көрсетуге күші бар деп айтуға болады» деген ойын білдіреді. Бұл оның орталықты қазақ халқының пікірімен санасуға шақыруы еді. Тарихшы Талас Омарбектің мазмұнды да, өзекті тақырыптарға қозғау салған сұхбатына байланысты айтайын деген пікірім осы еді.Құрметпен, Мәмбет Қойгелді