Елордада пневмонияға шалдыққандар саны 6 есе азайды

Елордада пневмонияға шалдыққандар саны 6 есе азайды

Елордада пневмонияға шалдыққандар саны 6 есе азайды
ашық дереккөзі
177
Карантиннің енгізілуі Нұр-Сұлтандағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандырып, инфекциялық стационарлардағы төсек-орынға сұранысты 99 пайыздан 18,5 пайызға дейін төмендетті. Бұл туралы  қала әкімі Алтай Көлгінов  Instagram-дағы парақшасында жазды. «Карантин алынғаннан кейін эпидемиологиялық жағдайдың қалай боларына талдау жасадық. Болжамға сәйкес, жағдай бірден жақсарып кетпейді. ОРВИ маусымын ескерсек жылдағыдай медициналық мекемелерге аурытпалық түседі. Қазірдің өзінде дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Емхана, ауруханаларға қосымша көмек көрсетілді. 600-ден астам флуометр, 500-ге жуық оттегі концентраторы, 500-ге жуық арнайы төсек-орын, өкпені жасанды желдету және КТ аппараттары алынды. Алдағы уақытта жедел жәрдем көліктері де жеткізіледі. Екі апта ішінде қалаға 110 тоннадан астам дәрі жеткізілді. Біз бұл жұмыстарды жүйелі негізде жалғастыра береміз», - деді А.Көлгінов. Шаһар басшысы қажет болған жағдайда барлық 16 инфекциялық стационар қайта ашылатынын жеткізді. «Спорттық ғимараттар мен басқа да бірқатар нысан кез келген сәтте орындар әзірлей алады. Жасыратыны жоқ, қала тұрғындары алғашқы карантиннен кейін санитария нормаларын сақтамады. Бұл, кері әсерін тигізіп, індетке шалдыққандардың саны күрт өсті. Дәрігерлер мен медициналық ұйымдар мүмкіндігінше барын салып жұмыс істеді. Карантин шаралары ғана жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді», - деді ол. Нұр-Сұлтанда инфекциялық стационарлардағы төсек-орынға сұраныс шілде айының басынан бастап 99 пайыздан 18,5 пайызға дейін төмендеді. 16 стационардың бесеуі жабылды. Оларда болған барлық науқастар жазылып шықты. КВИ мәселелері бойынша жедел жәрдем шақыру саны 9,5 есеге жуық төмендеп, тәулігіне 500-ден 53-ке дейін азайды. Стационарларда пневмониямен ауыратын науқастардың саны 6 есе қысқарды. Ертеңнен бастап қалалық емханалар жоспарлы қабылдауға қайта кіріседі. Десе де, Алтай Көлгінов тұрғындарға індетті жұқтыру қаупі жойылмағанын ескертті. "Инфекцияны тоқтату үшін сақтық шаралары мен санитария нормаларын барынша сақтау қажет», - деп жазды қала басшысы. Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов елімізде коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ендігі міндет – індетті жұқтыру мен өлім-жітімді тоқтату. Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда індетке шалдыққандардың жалпы саны 99 442-ге жетті. Індеттен 72,5 мың адам емделіп шықты. 1058 адам қайтыс болды. Ал  коронавирус белгілері бар пневмонияға шалдығудың 13280 дерегі тіркелді. Тамыздың басынан бері өкпе дертінен 161 адам көз жұмды.  

Серіктес жаңалықтары