170
Премьер-Министр «СҚ-Фармация» мекемесінің жұмысын тексерді
Премьер-Министр «СҚ-Фармация» мекемесінің жұмысын тексерді
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласындағы «СҚ-Фармация» логистикалық хабына барып, онда COVID-19-дан емдеуге арналған дәрілердің бар-жоғымен және ҚР денсаулық сақтау мекемелерін медициналық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты. Бұл туралы Үкіметтің ресми сайты хабарлады.
Денсаулық сақтау министрі А.Цой мен «СҚ-Фармация» басқарма төрағасы Е.Есқалиев ауруханалар мен провизорлық орталықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін дәрілік препараттардың 91 атауы жеткізілетінін баяндады.
Өткен айда медициналық препараттар өңірлер бойынша 8,7 млрд теңгеге бөлінді. Ауруханалардың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жедел түрде қосымша дәрі-дәрмектер сатып алынды, емделушілер амбулаториялық деңгейде тегін ала алатын дәрі-дәрмектер тізімі кеңейтілді (парацетамол, ибупрофен, ривароксабан, дабигатран және апиксабан енгізілді).
COVID-19-дың екінші толқыны бастала қалса, компанияда 24 млрд теңге сомасына екі айлық дәрі-дәрмек қоры құрылуда, сондай-ақ карантин кезеңінде жекеменшік дәріханаларды нарық өз бетінше толықтыра алмайтын 19 тапшы дәрі-дәрмекпен жабдықтау мәселесі пысықталып жатыр. «СҚ-Фармация» оларды қалалар мен ауылдық елді мекендердегі әр дәріханаға дейін толық жеткізеді.
Үкімет басшысына компанияның логистикасын жақсарту шаралары туралы баяндалды: жоспарлы рейстер саны 1,7 есеге артты, тиеу мерзімі 2 аптадан 1 аптаға дейін қысқартылды, тауарларды хабтардан өңірлерге бөлу Cross-docking қағидаты бойынша жүзеге асырылады, ал қоймалардың жұмысы 24/7 режиміне көшірілді.
Премьер-Министр өңірлерге дәрі-дәрмектердің тиелуін ерекше бақылауға алуды, күзгі-қысқы маусымда COVID-19-дан емдеу үшін барлық қажетті медициналық препараттардың болуын қамтамасыз етуді, дәрі-дәрмектерге қажеттілік артқан жағдайда шұғыл әрекет етуді, сондай-ақ бөлшек сауда секторын тапшы дәрі-дәрмекпен толықтыру бойынша тапсырманы орындауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Медициналық өнімдер мен дәрілік препараттарды отандық өндірушілерді қолдау бойынша жүйелі шараларды қабылдау қажеттігіне ерекше назар аударылды.
«СҚ-Фармация» логистикалық хабын аралауға Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжанов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, денсаулық сақтау министрі А. Цой, денсаулық сақтау вице-министрі Л.Бюрабекова қатысты.