189
Бейруттағы жарылыс құрбандарының саны 100-ден асты
Бейруттағы жарылыс құрбандарының саны 100-ден асты
Бейрут портындағы жарылыстан көз жұмғандар саны 100-ден асты. Бұл туралы Ливан Қызыл крес қоғамына сілтеме жасап Sky News Arabia телеарнасы хабарлады.
Апат орнында іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда. Мамандардың айтуынша, жарылыстан зардап шеккен ғимараттар қирандысын аршыған сайын құрбандардың саны арта түсуі мүмкін.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ливан билігі жарылыс себебін айтқан болатын. Билік мәлімдемесіне сәйкес, аммоний нитратының үлкен партиясы (аммиак селитрасы деп те аталайды) портта ұзақ уақыт қауіпсіздік шараларынсыз сақталғаннан кейін жарылған.
Ливандағы жарылыс салдарынан Қазақстанның дипломатиялық миссиясы ғимаратына зиян келгенін хабарлағанбыз.
СІМ хабарламасына сүйенсек, жарылыс кезінде дипломатиялық миссияның қызметкерлері жұмыс күні аяқталғаннан кейін жұмыс орнынан кетіп қалған. Жұмыста қалған консул жарылыс толқыны салдарынан жеңіл жарақат алды.
Апат туралы ақпаратты алғаннан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне Ливандағы қазақстандық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.