Жол сапасына жауапты 13 шенеунік жазаланды

Жол сапасына жауапты 13 шенеунік жазаланды

Жол сапасына жауапты 13 шенеунік жазаланды
ашық дереккөзі
217
Солтүстік Қазақстан облысында автокөлік жолдары, көше-жол тораптары тексеріліп, өз ісіне салақ қараған 13 лауазымдық тұлға жауапқа тартылды, – деп жазды ҚазАқпарат. СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әкімшілік полиция басқармасы жылына екі рет автокөлік жолдарына, көше-жол тораптарына және құрылыстарына кешенді тексеру жүргізеді. Мамандар автожолдардың техникалық жағдайын, жол инфрақұрылымының ережелер мен стандарттарға сәйкестігін және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан жолдардан басқа республикалық маңызы бар тас жолдарды инспекциялайды. Кезекті тексеру барысында 1 мың 700 астам жол белгісі мен бағыттық көрсеткіштерді орнатып-ауыстыру, сондай-ақ 18 автобус павильоны мен тұрақтарды жөндеу қажеттілігі анықталды. 26 көпір мен жол бойындағы сымдарды тексеру кезінде 71 ақау табылды. Тексеріс нәтижесі бойынша барлық мүдделі органдарға ұсынымдар жолданды. Мәселен Петропавлдағы 101 бағдаршамның 32-сін стандартқа сай қосымша жарақтандыру қажет. «Жол қозғалысының қауіпсіздігі көптеген факторларға байланысты. Соның ішінде жолдың жағдайына, көрінуіне, жол белгілерінің орналасу жүйесіне. Қалалықтардан қосымша жол белгілерін және жаяу жүргіншілер жолақтарын орнату туралы ұсыныстар жиі түсіп жатады. Олардың тек белгіленген ереже мен стандарттарға сай орнатылатынын ескерген жөн. Полиция департаментіне немесе әлеуметтік желіге келіп түсетін әр өтініш жан-жақты қарастырылады. Әкімшілік полиция қызметкерлері жол-көлік торабын жетілдіру мақсатында кез келген мүмкіндікті пайдаланады», – дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Евгений Гокин. Тәртіп сақшыларының айтуынша, Белое ауылы маңындағы Челябі-Новосібір тас жолын жарықтандыру, Бескөл ауылының орталығындағы тас жол үстінен жол өткелін салу, Екатеринбург-Алматы, Жезқазған-Петропавл жолдарын кеңейту туралы ұсыныстар бар. Жалпы кешенді тексеру кезінде жолды және жол құрылыстарын күтіп-ұстамауға қатысты мыңнан астам кемшілік анықталып, 13 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.

Серіктес жаңалықтары