236
Жаңа статистика неліктен 1 тамызда жарияланды – А.Цой түсіндірді
Жаңа статистика неліктен 1 тамызда жарияланды – А.Цой түсіндірді
Қазақстан ДДСҰ-ның соңғы стандарттарына сай коронавирус пен пневмония статистикасын біріктіру жұмыстарын неге кешіктірді? Бұл сауалға Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жауап берді.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесімен біз 2020 жылдың 1 тамызынан бастап КВИ мен пневмония бойынша статистиканың біріктіру туралы шешім қабылдадық. Көп адам ДДСҰ бұл туралы 18 шілдеде хабарласа, Қазақстан статистиканы неліктен 1 тамыздан бастады дейді. Себеп мынада: бізге кодировка мен пациенттерді тіркеу жүйесінің сенімділігін қамтамасыз ету алгоритмін әзірлеу үшін, қазіргі ақпараттық жүйені баптап, жаңа мәліметтерді енгізу үшін персоналды дайындауға екі аптаға жуық уақыт керек болды. Бұл өте күрделі әрі көп күшті талап ететін шаруа», - деді министр.
Алексей Цойдың түсіндіруінше, коронавирус жұқтырғаны ПТР-тест арқылы расталмаған (пневмония) науқастарды анықтау күрделі жұмыс. Аз уақыт ішінде коронавирус пневмониясының белгілерін анықтап, оны есеп жүйесіне тіркеу үшін дәрігерлер бар күшін салыпты. Бұдан былай жаңа статистика ДДСҰ стандарттарына сай жүргізілмек.
Еске сала кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке пандемияның статистикасын біріздендіруді тапсырған болатын.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтың айтуынша, індет жұқтырғандар жайлы жаңа мәліметтер 4 цифрға негізделеді.