31 Шілде, 18:57 574 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

БАӘ иттердің көмегімен коронавирусты анықтап жатыр

Біріккен Араб Әмірлігінде (БАӘ) Covid-19-дың таралуын шектеу бойынша жүргізіліп жатқан профилактикалық және алдын-алу жұмыстарында жаңа жетістікке қол жеткізді. Бұл туралы ҚазАқпарат WAM-ға сілтеме жасап жазды. 

БАӘ әуежайларында полиция иттерін коронавирусты жұқтырған жолаушыларды анықтау үшін пайдалана бастады. БАӘ әлемде бұл әдісті тәжірибеде қолданған алғашқы ел болып саналады.

Айта кету керек, адам ағзасында өлімге әкелетін вирусты анықтауға арналған бұл әдіс әлемнің көптеген елдерінде зерттеліп жатыр. БАӘ әдісі адамның және жануарлар денсаулығы қауіпсіздігінің ең жоғары стандарттарына сәйкес иттер мен заттар арасындағы тікелей байланыстың алдын алатынымен ерекшеленеді.

Тәжірибелік қолдану алдында қажетті зерттеулер, сонымен қатар әртүрлі елдердің сарапшыларымен ынтымақтастық орнатылды. Covid-19 жағдайын анықтауда иттерді қолдану туралы пікірталастар мен теориялық зерттеулер күшті иіс сезімін ескере отырып жүргізілді.

Осылайша, иттерді полиция патрульдерімен қатар сауда орталықтарында, іс-шараларда, әуежайда және басқа да өмірлік маңызды нысандарда пайдалануға болады деген шешім қабылданды.

Әуежайларда коронавирусты анықтау әдісінің елге келетін жолаушыларға нақты қолданылуын бақылау үшін арнайы топтар жұмыс істейді. Бірнеше секундтың ішінде ит адамда вирустың болу-болмауын оның қолтығынан алынған иісті сынамасын иіскеу арқылы анықтай алады.

Бұл әдіс халықаралық әуежайлардың біртіндеп ашылуы мен рейстер санының өсуі жағдайында әуежайда жолаушылардың қауіпсіздігін жақсартуға арналған қосымша шара ретінде қарастырылады.

 

Соңғы жаңалықтар