972
Бүгінгі күннің қаһарманы – дәрігер
Бүгінгі күннің қаһарманы – дәрігер
Бұл күндері дәрігер туралы пікір көп ел арасында. Біреулер жерге сыйғызбай мақтап жатса, екіншілері жерден алып, жерге салып даттап, қаралап жатады. Өмірдің өзі солай ғой. Адамның ала-құласы болғаннан кейін, дәрігерлердің арасында да кемшіліктер, мінезі ыңғайсыз, тіпті дөрекі дәрігерлер табылады. Көпшілік қой. Бірақ бір-екі дәрігер сондай екен деп барлығына күйе жағу орынсыз болар. Осындай ой үстінде отырғанымда есіме ертеректе бір басылымнан оқыған мына бір оқиға еріксіз ойға келді.
...Түн іші. Беймезгіл уақытта сақа дәрігер-хирургтың үйіне телефон шалынады. Ауруханадағы кезекші жас хирург асып-сасып: «Аға, сіздің көмегіңіз керек. Машина жібереміз. Тезірек ауруханаға жетпесеңіз, ауыр жарақатпен түскен ауруға ота жасауға менің батылым жетпей тұр. Тәжірибем де шамалы екенін білесіз ғой. Көмегіңіз керек, аға...».
– Жарайды, мен қазір өз көлігіммен жетемін. Сен ауруды дәрігер-анестезиологқа көрсет те, ота бөліміне көтере бер, – деп дәрігер-хирург тез жинала бастады.
Ота бөліміне енгенде операция столында өңі шүберетей боп-боз жас жігіт сұлық жатыр еді. Тізбектерден көк тамырына дәрі-дәрмек тамшылап тұр.
– Аға, тезірек қолға алмасақ, қан қысымы төмен, жүрек соғысы тым жиі, жоғалтып алу қаупі мол, – деп анестезиолог науқасқа жедел интубация жасап, тыныс беру аппаратына қосып жатыр.
– Эритроциті мен гемоглобині қандай екен? Қан көп жоғалтқан секілді. Қан орталығымен хабарласып, эриторцитарлық масса және тоңазытылған плазма (қан сарысуы) алдырыңдар. Ота жасауды уақыт жібермей біз бастай берейік, – деп сақа хирург шапшаң қимылдап, тез-тез қолдарын жуып, үстіне стерильді халат іліп, қолдарына резеңке қолғап киіп отаны бастап кетті. Операция күрделі болып, оны аяқтағанша біраз уақыт өтті. Әбден сілікпесі шығып отаны аяқтаған хирургтар ақ желеңдерін шешіп, маңдайынан сорғалаған терді сүртіп терезеге қараса, түн түңлігі түріліп, бүкіл әлем нұрға бөленіп, таң сібірлеп атып келеді екен.
– Отаның протоколын өзім жазамын. Сендер аурудың жағдайына қараңдар. Қан қысымын қадағалап, бақылап тұрыңдар. Қажетті дәрі-дәрмектерді еш аямаңдар, жас жігіт екен. Ота ұзақ болса да орынды өтті, енді оның өмірін қалайда сақтап қалуымыз керек, – деп тәжірибелі дәрігер-хирург әріптестеріне нұсқау беріп, үйіне жиналды. Ота бөлімінен сыртқа шығар есік алдында тұрған адамдарға еш көңіл бөлмей, сұрақтарына жауап қатпай, тез-тез басып сыртты беттеп, асығыс кете барды.
– Мына дәрігер қандай мейірімсіз, мәдениетсіз, қатыгез жан. Біздің сұрағымызға бір ауыз жауап бермей, бір сәт бөгелмей, қасымыздан селт етпей өте шықты. Өзінде адамға деген қасиет, сезім, жүрек бар ма? Мұндай тасжүрек дәрігер де болады екен-ау-ә?! – деп даурыға, шу етіп, ашу-өкпелерін айтып жатқан әлгі топқа таяп қалған жас дәрігер:
– Кешіріңіздер. Ағамызды бекер сөгіп, балағаттап жатырсыздар. Ол ортамыздағы ең тәжірибелі маман-хирург, адамгершілігі жоғары, мәдениеті мол, сыйлы дәрігер. Кеше оның кенже қызы жол апатына түсіп, өкінішке қарай, содан көз жұмды. Бүгін жерлеу рәсімі. Сондықтан, уақыт тапшылығынан, ағамыз сіздермен сөйлесуге мүмкіншілігі болмады. Ол әріптесіміз басына түскен ауыр қайғысын жеңіп, бар жұмыс-тіршілігін жиып тастап, түн ішінде келіп, өзі ота жасап бергеніне рақмет айтыңыздар. Оны дұрыс түсініңіздер. Басқаша болуы да мүмкін еді ғой. Егер олай болмағанда не істер едік? Жүріңіздер, ординаторлар бөлмесіне. Барлық жайды түсіндіреміз...
Бұл бір дәрігердің өмірінде болған бір ғана оқиға. Байқаған боларсыздар, ауру үшін, оның денсаулығын сақтап, ажал тырнағынан арашалап қалу үшін олар барлық дүниені ұмытуға дайын. Тіпті, өзінің басындағы қайғы-қасіретті де сыдырып тастап, уақытпен санаспай, қажетті дәрігерлік жәрдем беруге қол созады. Дәрігерлік парыз, таңдаған мамандығына адал болу деген, сірә, осы болу керек.
Денсаулығы сызат берген, абайсызда жарақат алған адам дәрігердің көмегіне жүгінеді. Ондай жанын шүберекке түйіп келген кезде «Бірінші Құдайға, екінші Сізге сеніп келдім, дәрігер. Көмегіңізді аямаңыз. Көрер жарығымды ұзарта көріңіз», – деп жалынып-жалбарынатындары рас.
Дәрігердің алдына шипа іздеп келген жанға ең әуелі жылы сөз, жайдары қабақ керек. Қабағынан қар жауып, дөрекі мінез көрсеткен дәрігер мен науқас арасында өзара түсініспеушілік, сенімсіздік пайда болады. Әрбір дәрігер адам жанын түсінетін жақсы психолог болғаны дұрыс: кіммен қалай сөйлесу, орынды жерде әзіл-қалжың айтып, аурудың көңілін жадыратып, бойындағы уайымын сейілткені жөн. Дәрігердің кейбір науқаспен бірге қиналып, оның емдеу жолын іздеп, мазасы кететін, жүйкесі сыр беріп, түн ұйқысы қашатын (әсіресе, күрделі ота жасаған хирургтардың, гинекологтардың) кездері аз емес.
«Дәрігерлік – сананы сарғайтатын азабы да, жаныңды жадыратар ғажабы да мол ұлы мамандық» деуші еді ақтөбелік белгілі хирург, профессор, академик, марқұм Намаз Ізімбергенов. Шынында солай, ауруға деген шипагерлік еңбегің ақталып, науқас ауруынан айығып, аяғына тік тұрып, отбасына кетіп бара жатып: «рақмет сізге, дәрігер!» деп ризашылығын білдіріп жатса, дәрігердің көңілі тасып, мәртебесі өсіп қалады. Ал ісі керісінше болып жатса, аурумен және оның жақындарымен бірге жаны күйзеледі, көңілі жабырқайды, жүйкесі жұқарады, ұйқысы қашады, тіпті, кейде ауыр депрессияға шалдығады. Не дегенмен онда да жүрек бар, сезім бар, жүйке бар, жан бар. Әлгі «бұл қазақ мың өліп, мың тірілген» дегендей, дәрігер де аурумен бірге қиналып, бірге қуанады.
Кесірлі кеселден қалай сақтанамыз деп халық үрейленіп жүрген кезде Жамбыл облыстық көпсалалы аурухана әкімдік шешімімен уақытша инфекциялық ауруханаға айналдырылды. Өйткені уақыт талабы солай болды. Жұқпалы аурулар ауруханасы, облыстық фтизиопульмонология емдеу орталығы және де қаладағы басқа емдеу орындарында орын тапшы болып, пневмонияға шалдыққан науқастар топ-топ болып күндіз-түні түсіп жатты. Аурухана ұжымының дәрігерлері мен мейіргерлері, санитарлар және де басқа қызметкерлер қолдарын қусырып қарап отырмай, бірден басқа қатаң карантиндік режимге, жұмыс тәртібіне осылай тез арада көшуге мәжбүр болды. Әсіресе, анестезиолог-реаниматолог дәрігерлерге түскен салмақ ауыр еді. Сол жанкештілікпен еңбек еткен, өздеріне төніп тұрған індеттен еш тайсалмай, ауыр науқастарды ажал тырнағынан арашалап жүрген медицина қызметкерлерінің бірнешеуін әңгімеге тарттық.
Эрнест БАҚАЕВ, дәрігер-анестезиолог:
Бұл жай ғана пневмония емес, бүкіл ағзаның ауруы
–Шындығымды айтайын, бастапқыдан, аурухана карантинге жабылысымен үйімізге бармай, аурухана жанындағы пансионатта, қонақүйлерде қонып жүрміз. Алғашқыда науқастар үсті-үстіне толассыз келіп жатты. Таңның қалай атып, кештің қалай батқанын, қай күн, сағат неше екенін білмейтінбіз. Екі-үш сағаттан ғана ұйықтап жүрдік. Адам қатты стресс кезінде ұйқыны да ұмытады екен. Ұйқың келеді, бірақ көзіңді жұмған сәтте хал үстіндегі науқас «көмектесші маған, дәрігер» деп көздері жәудіреп, саған қарап тұрғандай болады. Көрдік, бұл індетті туғызатын пәле, өте жауыз вирус екен. Ағзаға түскеннен кейін тез арада шығып болмайды. Енді тәуір болып келе жатыр дегенде қайта бас көтереді. Адамның психологиясына кері әсер етеді. COVID-19 қоздыратын пневмонияға шалдыққандарда қорқыныш сезімі басым болады. Жанарынан үрей көресің. Кірпігін қақпастан саған қарап: «Мені мына тажалдан аман алып қалшы!» дейді. Өңменіңнен өтіп кететін ондай жанарды бірінші рет осы жерде көрдім. Бұл дертке шалдыққандар ұйықтамайды. «Ұйықтайын десем, біреу қылғындыратын секілді» деп үрейленеді. Қаны қоюланатыны, өкпесіне су жиналатыны тағы бар. Пневмония – аурудың жалпы атауы. Бірақ бұл жай ғана пневмония емес, бүкіл ағзаның ауруы. Бүйрек, бауыр – бәрі зардап шегеді. Қант диабетімен ауыратын, бұрын инсульт алған, жүрек инфарктымен ауырған адам болса, науқасты алақанға салғандай күтеміз. Көп нәрсе адамның өзіне де байланысты. Кей адамдар бірден үрейге бой алдырады. Ал енді біреулер көңіліне мүлде күдік кіргізбейді. Аурудың ырқына көнбей, қасқайып қарсы тұрады. Ақыры ауруын жеңіп шығады. Вирус науқастың бойындағы өзге ауруларын қоздырып, соның салдарынан ажал шеңгелінен құтылмағандар да өте көп болды. Алдымызға өзіміздің әріптестеріміз – дәрігерлер, фельдшерлер және де басқа таныстар қиналып түсіп жатты. Олардың қазасын көру қиын екен. Кейбірін өлді деуге де қимайсың. Ақырғы сәтке дейін үмітпен қызмет еттік. Әттең, барлығы біз ойлағандай бола бермейді екен. Тағдырға қарсы келу мүмкін еместігін, дәрменсіздігімізді мойындап, жүрегіміз езіліп ауырған сәттер аз болмады. Бұрын мінезім қатты деп ойлаушы едім, бұрыннан таныс, белгілі әріптестерімнің көз алдымда шейіт болғанын есіме түссе, көз жасым тыйылмайды. Қасіретке, қайғыға, өлімге қарсы келетін ешқандай дүние жоқ екен... Алдымызға келетін әр науқастың отбасы, туыс-жақыны бар. Соны ойлап, тезірек сауығып кетсе екен деп тілейсің. Қай дәрігердің де, медбикенің де арманы – науқасты аяғына тұрғызып жіберу. Осындай қиын сәтте бізге қатты қолдау танытқан еріктілерге, қарапайым қала тұрғындарына ұжым атынан алғысым шексіз. Қиын кездегі кішкентай қолдау жүрегіңе жылу, бойыңа күш-қуат береді. Бағила ДӘУРЕНБЕКОВА, мейіргер:Дәрігер өзі қажып тұрса да, науқасын ойлайды
– Біз қызмет ететін Жамбыл облыстық көпсалалы аурухананы басқа ауруханаларда орын жетпей қалған кезде инфекциялық ауруханаға айналдырғанда көбіміз таңғалыс білдіргеніміз рас. Аурухана қызметкерлерінің ол сәтте індетке шалдыққан науқастарды қалай емдеу керек екені жайлы түсініктері аз болатын. Өйткені олар жұқпалы аурулармен бұрын-соңды кезіккен емес және тәжірибелері жоқтың қасы. Алғашқыда қиындықтар аз болмады, науқастармен бірге қиналдық, жүйкеміз сыр беріп, жүрегіміз ауырды, ұйқымыз қашты, дәрменсіздігімізді мойындап науқастармен бірге іштей жыладық, бірақ сабырлыққа салынып, барлығына төздік. Уақыт өте келе ауыр жұмысқа да үйрендік. Қазір жұмыс сәл де болса бір жүйеге түсіп қалды. Науқас саны да күннен-күнге азайғандай. Әрине, қиын кездер болды. Бір мезгілде бірнеше адамның халі нашарлап жатады. Ауысымнан шыққан кезде қасымыздағы қыздарға көмек керек болады. Тастап кете алмайсың. Қанша жерден қиналсам да «жұмыстан кетемін» деген ой басыма келмепті. Бізден ем, көмек сұрап келгендерді көзің қиып қалай тастап кетесің? Ешкім мәжбүрлеген жоқ, бұл мамандықты өзіміз таңдадық емес пе? Әріптестеріме өте ризамын. Бір де біреуі «шаршадым» демеді. Ауырып жүрсе де жұмысын адал атқарды. Кезекшіліктен шығып, «менің сағатым бітті, демалуым керек» деп кетіп қалған ешкім болмады. Күніне отыз-қырық науқас түсіп жатты. Вирустық пневмониямен ауырып, тынысы тарылып, демі жетпей түскен жағдайлары ауыр науқастар өте көп болды. Оларды дер кезінде оттегі тізбегіне қоспасаң, тұншығып қалуы әбден мүмкін. Зыр жүгіріп жүріп, қолдан келген жәрдемімізді аямадық. Езіліп, егіліп отыратын уақытымыз болған жоқ. «Қиындықтың бәрін жеңіп шығамыз», – деп тырыстық. Пендешілік қой, денің сау мамыражай кезде «айлығымды алған соң мынаны сатып аламын», «осылай істегім келеді», «кезекті демалысымда басқалар ұқсап шетелге шығып, демалғым келеді» деп ылғи бірнәрсені жоспарлап, қиялға орын беріп, алға талпынып жүресің. Бірақ денсаулығың болмаса, бәрі де жайына қалады екен. «Басты байлық – денсаулық» деп қазақ атам бекер айтпайды екен. Ең басты нәрсе – денсаулығың, отбасыңның бүтіндігі екенін білдім. Өз басым пандемияның «арқасында» бақыт деген тым қарапайым нәрселерден тұратынын ұқтым. Тезірек бұл аты жаман ауыр індеттен ел-жұртымыз құтылса екен, мамыражай «бейбіт» заман орнаса екен. Кезінде орыстың ғалым-дәрігері Н.Петров «Дәрігер ауруға өзінің білгенін ғана бермейді, ол сонымен қатар өзінің жақсы ішкі сезімдерін, тілектестігін, жүректегі сезімталдығын береді» деген екен. Көріп отырсыздар, дәрігер болу, медбикелік мамандыққа өмірін арнау кім болса соның қолынан келе бермейді. Ол үшін таңдаған сол мамандығыңды сүю керек, беріле еңбек ету керек. Жастарға, мектептің жас түлектеріне айтарым, мамандық таңдар алдында қателікке ұрынбағанымыз жөн. Ойланып, толғанып, үлкендермен, мамандармен ақылдасып, ой таразысына салып барып қана болашақ мамандығыңды таңда. Адам өмірінде екі нәрседен қателеспеу керек: Бірінші – өзіңе өмірлік серік, жар таңдаудан. Екінші – бағыңды ашатын, әрдайым жүрегіңді жылытып, рахат сезімге бөлейтін, күш-қайрат беретін мамандық таңдаудан. Егер осы екеуі бір адамның бойынан табылып жатса – ол ең бақытты жан. Осы есіңізде болсын!Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, денсаулық сақтау саласының үздігі,
Журналистер одағының мүшесі