1045
Еңбегін атажұртқа арнаған ерлі-зайыпты дәрігерлер (+видео репортаж)
Еңбегін атажұртқа арнаған ерлі-зайыпты дәрігерлер (+видео репортаж)
Жақында қандастарға арналған Atajurt жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысына қоныс тепкен қандастардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтудың сәті түсті. Әуелі сол өңірдегі «Отандастар қоры» және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бөлімшесіне барып, қандастардың хал-ахуалын сұрадық.
Шығыс өңірі басқа облыстармен салыстырғанда жұмыссыздық және құжаттандыру мәселесін біршама шешкен. Бірақ квота алу және пайдалануға қажетті жер алу мәселесі бар. Сонымен қатар қандастардың мәдени-рухани, әлеуметтік, кәсіптік жағынан да біршама мағлұматтар алдық. Соның ішінде ерекше атап өтерлігі ерлі-зайыпты дәрігерлер – Айдын Төкенұлы мен Күниса Үркімбайқызының жеке ауруханасына қалай да соғып кетуге бекіндік. Өйткені шығыстағы ел-жұрттан осы дәрігерлер отбасы жайлы көп естідік. Алғашында ол кісілерге хабарласып, сұхбаттасу үшін кездесуге ниет білдіріп едік, дәрігерлер таңның атысы, күннің батысы қауырт, қарбалас екенін жеткізді. Десе де, Өскеменде болған екі-үш күндік сапарымызда жұрт мақтаған ерлі-зайыпты дәрігерлердің жекеменшік ауруханасына барып, олармен тілдесудің орайы келді.
Ерлі-зайыпты дәрігерлер 2008 жылы Қытайдан көшіп келіп, ондағы оқыған білім-қабілеті мен жинаған тәжірибесін атажұртта жалғастырып жатыр екен. Айдын Төкенұлы мен Күниса Үркімбайқызының қызық та қилы тағдыры сонау студент шақта Үрімжі медициналық академиясында оқып жүрген кезден басталыпты. Содан бері міне отыз жылдай медицина саласында жұп жазбастан бірге қызмет істеп келе жатқанын мақтанышпен айтады олар. Отағасы Айдын Төкенұлы Қытай елінің Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағы, Дөрбілжін ауданының тумасы. Әйелдер дәрігері және жалпы сыртқы ауруларға қарайды. Дәрігерлік бұл кісіге бабадан балаға жалғасқан атакәсібі болып шықты. Ал жары Күниса Үркімбайқызы Қытай елінің Шыңжаң өлкесі Алтай аймағы Қаба ауданының тумасы. Балалар дәрігері, ішкі аурулар және инемен емдеу маманы. Әкесі Үркімбай Алтай аймағында көптеген жерде басшылық қызмет атқарған елге белгілі тұлға болыпты. Қос дәрігер де текті атаның ұрпағы екені тіптен олардың шежіресінен ғана емес, әрбір іс-әрекетінен де дегдарлық білініп тұрды.
– Ел астанасынан ат сабылтып келген тілшілердің тілегін жерге тастай алмадық, әйтпесе көп жерге сұхбат бермейтін едік, мұнымыз бәлсіну емес, қарбаластан қолымыздың босауы қиын, – дейді Айдын Төкенұлы.
Әуел баста кештетіп жеткен бізден біршама тіксініп отырыпты. Қазір бүгінгінің тілімен айтқанда хайп қуып, сөзіңді бұрмалап, өзіңді кінәлап кететін пысықайлар көп қой, сондай жүрген көлделең көк аттының бірі ме деп ашылмағанын да жасырмады. Сонымен әңгімеміз жарасқан соң, дәрігерлер «таңертең ерте 8-ден қалмай ауруханаға келіңіздер, бүгінгі сұхбатымыз дұрыс болмай қалды. Біздің жұмысымызды өз көздеріңізбен көріп, танысасыздар. Сонда тағы әңгімелесейік. Дәрігерліктің қыр-сырын айтып беруге тырысайық» деді. Сонымен таңертең межелі уақытта жеттік.
Расында Айдын Төкенұлы мен Күниса Үркімбайқызының шағын ауруханасы емделушілерге лық толы. Көбі тұрақты келіп екпе, система алып тұрады екен. Шағын аурухананың ерекшелігі – қаралушылар үшін УДЗ-ға түсу, науқастың диагнозын анықтау тегін. Тек емделу мен дәрі-дәрмектің ғана ақысын алады. Ал Айдын дәрігердің ерекшелігі – әйелдерге жақсы қарайтынында. Әрине, бұл сөз әзіл үшін емес. Дәрігердің жеке ауруханасы іске қосылғалы бала көтере алмай жүрген 300-дей әйел қаралып, нәтижесінде 280-нен астам әйел «ана» атанған. Әсіресе, жатырда пайда болатын ісік, байланған тас және ұрықтың жетілмеуі секілді әртүрлі бедеулікті емдейді. Расында, еліміздің демографиялық ахуалы үшін бұл үлкен жеңіс. Аналардың дені сау болу үшін Айдын секілді дәрігерлер қажет-ақ, шіркін.
Шетелден көшіп келген қандастар азаматтық алғанға дейін мемлекеттік ауруханада қаралуына және емделуіне хақылы. Бірақ бұл заңды мүмкіндікті қандастар толықтай пайдалана алмайды. Оралман куәлігімен немесе ықтиярхатпен емделе алмай жүрген қандастардың көбі жеке ауруханаларды жағалайтыны жасырын емес. Мұндай барар жері қалмаған қандастар да бұл ауруханаға көп келеді екен.
Егер өз көзімізбен көрмесек сенбес те едік, тіптен шетелден де қаралушылар арнайы іздеп келіп отырғанын көрдік.
– Біз Қырғыз Республикасының Жалал-Абад облысы Ақсу ауданынан келдік. Жолдасым екеуміз жылда Айдын дәрігерге келіп, емделіп тұрамыз. Ол кісі жақсы емдейді. Жолдасым бұрын да келген. Алған екпелеріміз жақсы әсер етеді. Жыл сайын Айдын дәрігерге келіп қараламыз. Жақсы жәрдем береді, – дейді Алатауды арғы жағы, қырғыз елінен келген Динара Қалиева.
Дәл осынау кішкентай ғана ауруханаға еліміздің түкпір-түкпірінен келіп емделетіндердің көптігіне қарап, таңғалғанымыз жоқ. Өйткені мұнда келгендердің тізімінде Ресейдің Екатеринбург, Новосибирск қалаларынан, Қырғыз Республикасынан және Еуропаның бірнеше елдерінен де келіп емделетіндер бар екен. Мұның сырын дәрігерлердің өзінен сұрағанымызда, Күниса Үркімбайқызы былай деп ағынан жарылды: «Медакадемияда оқып жүргенімізде бізге «дәрігерлік мораль» пәні кіретін еді. Онда науқастармен өте жақсы қарым-қатынас жасау, адамға деген шынайы мейірім, жанашырлық таныту туралы оқытылады. Өйткені дәрігердің алдына адам жетіскенінен келмейді, бар амалы таусылған соң, дерті жанына батып, қиналып келеді. Сондықтан бірінші ол адаммен жақсы тіл табыса білуің қажет. Науқаспен әңгімелесіп, жағдайын сұрап, саған дейін қандай дәрі қолданды, оны да білген жөн. Сосын мұқият қарап, диагнозын қойып, бірден дәрігерлік көмек көрсету керек. Оны әрі-бері сабылтып қою дұрыс емес. Кез келген адамға бірден қарау қажет. Оның ұлты, қай елдің адамы деген болмайды. Қолымыздан келген дәрігерлік көмегімізді аямаймыз. Біздің мақсатымыз, кім болса да науқасынан айығып, сырқатынан жазылып, адам қатарына қосылып кеткені керек. Таяққа сүйеніп келген кісі, аяғымен жүріп кетсе қуанамыз».
Осы отбасылық ауруханадан ем алып жүрген жандардың бір-екеуін әңгімеге тарттық. Соның ішінде тоқсаннан асқан қос қария – ерлі-зайыпты Мәмиевтер Айдын дәрігерге қаралып, ем-дом алу үшін ай сайын Қатонқарағай ауданынан арнайы келеді екен. Өскеменге әр келген сайын бұл кісілер дәрігерлердің құтты қонағы болып, Күниса дәрігердің қолынан дәм татпаса көңілдері көншімейтін көрінеді. 2008 жылы барлық аурухана «енді емделуі қиын» деп шығарып салған Қайырғалым Мәмиев ақсақалды Айдын дәрігер емдеп: «енді денсаулығыңызға10 жыл кепілдік беремін» депті. Биыл міне содан бері 12 жыл өтіпті, осы кезге аман-есен жеткен ақсақал Айдын дәрігерден тағы 10 жылға кепілдік сұрап жүргенін айтады. Осы ретте, «маған көбіне осындай «актіге» шығып қалған кәрі-құртаң ата-апалар келеді» деп күлді Айдын Төкенұлы әзіл-шыны аралас.
– Дәрігерлер алғаш келгеннен бері қаралып келеміз. Айтары жоқ, жақсы адамдар. Туысқанымыздай болып кетті. Ауданнан әр келген сайын емдеп қана қоймай, асты-үстімізге түсіп, күтіп қоя береді. Жылына бір рет он күн жатып система алып қайтамыз. Алған дәрілеріміз бойымызға ем болып қонып жатыр. Біздің Өскеменге Құдайдың өзі айдап келген дәрігерлер болып тұр, – дейді кейуана Гүлжан Мәмиева.
Ал емделуші Сырым Нұрсұлтанұлы өз ойын былай жеткізді: «Біраз жыл бұрын денсаулығым сыр беріп, қаралмаған жерім қалмады. Содан шетелден келген бір дәрігер жақсы қарайды екен, жақсы ем-дом жасайды екен дегенді естіп, Айдын дәрігерге келдім. Ол осыдан 12 жыл бұрын болатын. Нәтижесі болмайынша адам ештеңеге сенбейді ғой. Ауруымнан сақайып шықтым. Содан бері Айдын мен Күнисаның ауруханасына келіп, қаралып тұрамын. Мен әбден ауырғанда емес, жыл сайын алдын ала денсаулығымды қаратып отырамын.
Негізінде елге келген бұл азаматтар – Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасының жүргізген Көші-қон саясатының табысты нәтижесі деуге болады. Шетелдегі қандастарымыздың елге оралуына үлкен еңбек етті. Бұл кісілер елім-жерім деп келген азаматтар. Көшіп келгеннен бері қаншама қиыншылықтар болса да, халыққа қалтқысыз адал қызмет етіп, көптің алғысын алып келеді. Мұндай білікті мамандарды әлі көптеп тарту қажет-ақ, шіркін».
P.S. «Баламыз Арыстанбек Айдынұлы биыл 11 сынып бітіріп жатыр. Барлық сабағы өте жақсы. Мектепті үздік бітірді. Ол атасы мен әкесінің жолын қуып, медицина саласына, соның ішінде нейрохирург болғысы келеді. Енді соның тілеуін тілеп отырмыз», – дейді Күниса Үркінбайқызы. Анасының баласына тілеген адал ниетіне біз де тілеулес болдық. Дәл осындай ата-ананың тәрбиесін көріп өскен, дәрігерлікті атакәсіп қылған шипалы шаңырақтан шыққан ұл ертеңгі елдің ең білікті дәрігерлерінің бірі боларына сенім мол.
Бақытбек ҚАДЫР
https://www.youtube.com/watch?v=I95zjvCx6XE