«Әскер» ұстайтын әкімдер

«Әскер» ұстайтын әкімдер

«Әскер» ұстайтын әкімдер
ашық дереккөзі
312
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге халыққа барынша жақын болу керегін үнемі айтып келеді. Ол үшін шенділерге әлеуметтік желіде барынша ашық болып, халықтың арыз-тілегін тікелей тыңдауды тапсырған. Алайда Президент нұсқауынан соң жаппай әлеуметтік желіге тіркелген әкім-қаралар тапсырманың мәнін түсінбегендей. Желіні халықтың үнін тыңдап, тіке байла­нысқа шығатын құрал ретінде емес, жасаған жұ­мы­сын жарнамалайтын алаңға айналдырды. Әкім­дердің тындырған ісі онсыз да бұқаралық ақ­парат құралында айтылып, жазылып жатқа­нын ескерсек, әлеуметтік желідегі насихат үшін бюд­жеттен қыруар ақша бөлудің қандай қисыны бар деген сауалдың тууы заңды. Осы күні халық­пен емес, халыққа сөзі өтімді блогерлермен бай­ла­нысты күшейткен шенеуніктер олардың желі­дегі жазбасы үшін миллиондаған қаржы төлеуге дайын. Өз қалтасынан емес, ел қазынасынан. Жуырда Президент мемлекеттік органдардың ақпараттық жұмысты ақсатқанын сынға алған еді. «Әкімдер мен министрлер қарапайым ха­лық­пен байланыс орнатуды қойды. Олардың арыз-шағымдарына дер кезінде жауап бермейді. Сон­дықтан тұрғындардың көпшілігі қайда барарын біл­мей, торығуда. Өкілетті қызмет орындарынан дұ­рыс жауап ала алмаған тұрғындардан шағым­дар көп түсіп жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы шенділерге бюджетті қайта қарау және кон­­ференция, дөңгелек үстел, сал­т­а­натты шаралар, консалтингтік және PR-қызмет секілді қажетсіз шығын­дардан бас тартуды жүктеп, үнем­дел­ген қаржының барлығы індетпен кү­реске бағытталуы керегін айтқан. Алай­да өз жарнамасын дөңгелету үшін мил­лиондаған қаржыны ысырап етуді тоқтатпай отырған әкімдердің іс-әре­кетін көріп, қазына қаражатын үнем­деудің емес, шашудың жолын іздеп жүр ме деген ой келеді еріксіз. Мәселен, әлеу­меттік желілерде өзі жайлы жа­ғым­ды пікірлерді көбейту үшін 125 мил­лион теңге бөлген бас қаланың әкі­мі Алтай Көлгіновтің «жомарттығы» та­лайды «таңдай қақтырды». Елорда бас­шысының әлгі 125 миллионды қай­да, қалай жұмсағанын жіктеп-жіліктеп бер­ген «Время» газетінің тілшісі Ми­хаил Козачковтың мақаласы жарық көргеннен кейін Көлгіновке көптің іші жылымай қалды. Мақала мазмұнына сүйенсек, Ал­тай Көлгіновтің елорда әкі­мі болып тағайындалғанынан екі ай өткен соң Нұр-Сұлтан қалалық Қоғам­дық даму басқармасы мен Dasco DataCom компаниясы арасында келісім­шарт жасалған. Құжатқа сай, әкімдік компанияға «Ақпараттық кеңістіктегі астана әкімдігі мен қаланың құры­лым­дық бөлімшелерінің жұмысы туралы жазбаларға ЭЕМ арқылы мониторинг жүргізуге» тапсырыс берген. Бір қарағанда, Dasco DataCom әкім­дік пен оның қызметкер­лері жайлы ғаламторда жазылған дүниенің бәрін бақылау міндетін өз мой­нына алғандай көрінеді. Онда тұрған не бар – жас әкім өз жұмы­сы­ның қоғамда қалай бағаланып жат­қанын біліп, қателігін түзеп, қалаға кө­бірек пайдасын тигізгісі келетін шы­ғар деуіңіз мүмкін. Алайда қала би­лігі жайлы жазылғанның бәрін ба­қы­лау – келісімшарттың бір бөлігі ғана. Құжаттың техникалық си­пат­тамасына сүйенсек, әкімдікке желі мониторингі аздық еткен сияқты. «Тапсырыс берушінің имиджін көтеру» деген бөлімде тапсырысты орындаушы қазақстандық және халықаралық ақ­па­раттық-сараптамалық алаңдарда, форумдар, блогтар мен әлеуметтік желі­лерде елорда әкімдігі жайлы жарияланған жағымсыз пікірлерді анықтап, оларға пікір жазуға міндетті екені көрсетілген. Нақтырақ айтқанда, айына кем дегенде 1 мың бейтарап-позитивті пікір жариялауы тиіс екен. Ке­лісімшарт бойынша Алтай Көлгі­новтің жұмысы жайлы жағымды пікір­лер Facebook, ВКонтакте, Однок­лассни­ки және Instagram желілерін тегіс қамтуы қажет. Айтпай кетуге бол­майтын тағы бір жайт, 2019 жыл­дың тамыз-желтоқсан айлары аралы­ғында «Әкімдік имиджін көтеру» са­лық төлеушілердің қалтасына небары 36 млн теңге салмақ түсіріпті. Dasco DataCom 2020 жылдың ба­сында Нұр-Сұлтан әкімдігі­нен жаңа тапсырыс алғанына қара­ғанда, компания жұмысының алғашқы нәтижелері  Көлгіновтің көңілінен шыққанға ұқсайды. Екінші тапсырыс­тың құны – 100 млн теңге. Наурызда тараптар қосымша келісім жасап, тап­сырыс құнын 89 млн теңгеге дейін кемі­тіпті. Алайда бұл әкімдіктің төтен­ше жағдай кезінде қазына қаржысын үнемдеу ниетінен туған қадам болмаса керек. Жауапкершілігі шектеулі серік­тестік қосымша құн салығынан боса­тыл­ғандықтан, 10 миллионнан аса қаржы қала бюджетінде қалған. Десе де, келісімшарттың техникалық сипат­тамасы өзгермеген. Тапсырысты орын­даушы ай сайын төрт желіде мыңнан аса пікір жариялау қызметін жалғас­тыра бермек. Осылайша, жыл соңына дейін Dasco DataCom жалпы сомасы 125 миллион теңгені игеруі тиіс. Осы орайда Dasco DataCom-ның қожайыны кім екенін де айта кеткен жөн. Компания шахматтан Қазақстанның бес дүркін чемпионы, бұрынғы шенеунік, қазіргі консалтинг жөнінде маман Дәрмен Сәдуақасовқа тиесілі екені құпия емес. Өз компания­сының жұмысына қатысты дау туын­даған соң ол Facebook парақшасында «ақ­параттық шу көрсетілетін қызмет­тің мәнін, оның қала тұрғындарына пайдасын түсінбегеннен туды» деп жазды. Көпшіліктің сынынан соң әкім­діктің жауапты басқармасы Dasco DataCom компаниясының қыз­метіне тапсырыс бергенін растап, он­дағы мақсат «Нұр-Сұлтан қаласы әкім­дігінің Медиа-орталығының қыз­ме­тін үйлестіру және ақпараттық сүйемелдеу, жергілікті және респуб­ликалық деңгейде интернет-ресурстар, блогтар және әлеуметтік желілер ар­қылы мегаполистің әлеуметтік-эко­номикалық және мәдени дамуы бойын­ша Нұр-Сұлтан қаласы әкімді­гінің қызметін жариялау» деп түсін­дірді. Бір қызығы, әкімдікте жоғарыда аталған қызмет түрлерін атқа­ра­тын бір емес, бірнеше қызметкер бар. Тұрғындарды қаланың тыныс-тір­шілігімен таныстырып, әкімнің әр басқан қадамын ақпарат құралдарында жа­зып отыратын баспасөз қызметкер­лері, менеджерлер аз емес. Сондықтан жарнама агенттігін жалдаудың, оған қыруар қаржы бөлудің қисынға кел­мейтінін алға тартқан жұрттың уәжін орынсыз дей алмаймыз.

Блогерлерді байытып жүрген қай әкімдік?

Желідегі насихаттан ақша ая­майтын жалғыз елорда әкім­дігі емес. Жуырда әріптестеріміз Алма­ты қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері де блогерлер үшін бөлек тендер өткізгенін анықтаған еді. Алматы облысы әкімдігінің дін істері жөніндегі басқармасы сәуір айында «жаңалықтар порталдарында және әлеуметтік желілерде, оның ішінде танымал блогерлер мен қоғамдық пікір жетекшілері арқылы ақпараттық-түсіндіру және қарсы насихат жұмыс­тарын жариялау» деген атпен 3 мил­лион теңгенің тендерін ойнатқан. Тен­дерді «Ізгілікті істер» қоғамдық қоры ұтыпты. Тапсырысты орындаушы жыл соңына дейін интернет ресурстар мен әлеуметтік желі арқылы діни экстре­мизм мен терроризмнің алдын алуға, деструктивті идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру мен діни қа­тынас бағытындағы радикалды идея­ларға қарсы материалдар әзірлеп, жа­риялауы тиіс екен. Ол үшін әлеу­меттік желілер мен мессенджер­лерде платформа құрып, аудитория жинауы қажет. Ақпараттық топтар мен плат­фор­малардағы қолданушылар ай сайын 750 адамға артып отыруы тиіс. Құжаттың техникалық сипат­тамасы бойынша, тапсырысты орындаушы белсенді азаматтық ұста­нымы бар Алматы облысының қайрат­керлерін (блогерлерді, беделді мә­дениет және спорт қайраткерлерін, жас­­тарды, белгілі саясаттанушыларды, дін­танушыларды, теологтарды, дәс­түр­лі діни бірлестік өкілдерін және т.б.) тарта отырып, сұхбат, ақпараттық-ағар­­­тушылық және жаңалық посттары, мақалалар, фотоларды әзірлеп, желіде жариялайды. Айына кемі 30  жарияла­ным шығуы тиіс. Осыған ұқсас тендерді ақпан айын­да Алматы қаласы әкімді­гі­нің Қоғамдық даму басқармасы да өткізіпті. «Дін саласындағы профи­лактикалық жұмыстарға блогерлерді тарту» деген атпен ашық конкурс түрін­де өткен тендердің жалпы сомасы – 10 714 285 теңге. Тендерді ұтып алушы әлеуметтік желіде 1 желтоқсанға дейін кемі 80 пост жариялауы тиіс екен. Ай сайынғы кем дегенде 8 жарияланым болуы керек. Яғни, әр блогер кемі 1 жазбадан жа­риялауға міндетті. Бұл жұмысқа тар­тыл­ған блогерлердің құрамын қалалық әкімдіктің Қоғамдық даму басқармасы бекіткен. Тендерді жеңіп алушы бұл жұмысқа әлеуметтік желілердің бі­реуінде  (Facebook, ВКонтакте, Instagram) 3 мыңнан кем емес жазылушы­лары бар кемінде 8 блогерді тартуы қажет. Яғни, Алматы әкімдігі блогер­лер­ге желідегі әр жазбасы үшін 100 мың теңгенің үстінде төлеуге дайын. Айтпақшы, Информбюро пор­талының тілшісі тендерді ұтып алған Bsquared компаниясының иесі бұрын Алматы әкімдігінде жұмыс іс­теген экс-шенеунік екенін анықтапты. ЖШС-ның директоры әрі құрылтай­шы­сының бірі Бейбіт Тұрабаев бұрын Алматы қаласы Ішкі саясат басқар­ма­сының қоғамдық-саяси жұмыс бөлімін басқарған. Сондай-ақ ол Дін істері басқармасының «Зерттеу және талдау орталығының» жетекшісі қызметін де атқарған көрінеді.

Экс-әкімдердің пиарына жұмсалған миллиондар

Шымкенттің экс-әкімі Ға­би­дол­ла Әбдірахымов та дәл осы мәселе үшін журналистер сыны­на жиі іліккені ел есінде болар. Шымшаһардың бұрынғы бас­шысы қоғамның өзіне деген ықыласын арттыру үшін АРЕХ-consult жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігінің қызметін пайдаланғаны, ол компанияның кімге тиесілі екені қазір ешкімге жұмбақ емес-ті. Мәселен, тек 2017 жылы ғана АРЕХ-consult компа­ния­сы Шымкент әкімдігінен мемлекет­тік тапсырыс бойынша 97 миллион теңге қаржы алған. Бұл тек Шымкент қаласы әкімдігінің Ішкі саясат басқар­масы арқылы бөлінген ақша. 2018 жы­лы бұл сома біршама аз – 56 мың дол­лар болған. Есесіне ЖШС үшін 2016 жыл олжалы болыпты. Бір таңданарлығы, 2017 жылғы 10 лоттың 7-еуі АРЕХ-consult ком­па­ниясына іс жүзінде ешқандай ба­ламасыз түрде берілген. Келісімшарт бойынша серіктестік «қала әкімдігі жайлы жағымды имидждік материал­дарды жариялау», «қала брендтерін ас­қақтатып таныту» міндетін өз мой­ны­на алыпты. Атырау облысының бұрынғы басшысы Нұрлан Ноғаев та өз жұмысының насихаты үшін аз қаржы жұмсамаған. Қайсыбір жылы блогер­лермен жұмыс істемейтінін айтқан экс-әкім: «Менің ойымша, әркім өз жұмысымен айналысуы керек. Облыс әкімдіктерінің құрамында баспасөз қызметі бар. Баспасөз қызметі әкімдік­тің атқарып отырған жұмысын халық­қа жеткізуге жауапты. Мен баспасөз қызметіне күнделікті тапсырма беріп, «ананы жаса, мынаны жаса» деп отырсам, ол кімге керек? Баспасөз қыз­меті бұқаралық ақпарат құралдарымен бірге жұмыс істеуі қажет», – деген еді. Десе де, өткен жылы Ноғаев әкім бо­лып тұрған тұста Атырау облысы ақпараттық саясатқа бөлінген қаржы көлемі жөнінен республика бойынша көш бастады. 2019 жылы мемлекеттік ақпараттық тапсырысты жүзеге асыру үшін аймақ әкімдігі 832 млн теңге бөлген. Облыстық Ішкі саясат басқармасы бұл қаржының бірде-бір тиыны желідегі жарнамаға жұмсалмағанын алға тартты. Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіндегілер де блогерлер­мен жұмыс істемейтіндерін айтты. Өткен жылы дәстүрлі емес БАҚ-тарға, медиа-тұлғаларды тартуға қазынадан қаражат бөлінбепті. Солай-ақ болсын. Дей тұрғанмен, аймақтың жетістік­терін дәстүрлі БАҚ-та насихаттау үшін бө­лінген 513 млн 872 мың теңге – аз қаражат емес. Мерзімді басылымдар аймақ­тардан келген ақпараттарды ақысыз-ақ жариялап отырады. Ақ­парат­тық порталдар да өңірдегі ақжол­тай жаңалықтарды өзгелерден бұрын жариялауға асығып, рейтингін кө­теруге ұмтылатыны жасырын емес. Егер әкімдердің пиарына құйылған бюджеттің қыруар қаражаты өңір өсіміне – облыс экономикасының да­муына, халықтың әл-ауқатын арт­тыруға жұмсалса, аймақтың да, аймақ басшысының да атағы аспандар еді. Халқының алғысын алған әкім жайлы жағымды пікірлер желіде «блатсыз-ақ» желдей есер еді.   Азиза ШУЖЕЕВА, BIGNAME репутациялық менеджмент агенттігінің жетекшісі:

Әкімдердің жарнамасы өз қалтасынан төленуі керек

 width= – «Шенеуніктерге пиар керек пе?» деген сауал жиі қойылады. Бұл сұ­раққа жауап беру үшін шенеу­ніктің лауазымын білу маңызды. Егер департамент басшысы болса, оған пиардың қажеті жоқ. Ал әкімге керек. Неге десеңіз, қала немесе об­лыс басшысы – қатардағы лауазым­ды тұлғаның бірі емес. Әкім – өзі басқаратын шаһар немесе өңірдің имиджін қалыптастырушы адам. Ал астана әкімінің беделі қаланың ғана емес, бүкіл елдің абыройына ықпал етеді. Өңірлер бас қалаға қарап бой тү­зейді. Астанада болып жатқан оқи­ғалар бизнесмендердің, инвесторлар мен дипломаттардың жіті назарын­да. Сондықтан қай мемлекет болма­сын, астанасын басқаратын адамның бе­делді, іскер болуына баса көңіл бө­леді. Әкімдердің өз имиджін дамыту бағытында жұмыс істегені құптар­лық. Алайда насихат жұмыстары са­лық төлеушілер есебінен емес, бас­шының өз қалтасынан төленуі керек. Имиджге салынатын ақша түптеп келгенде олардың мансаптық өсуіне құйылатын инвестиция. Со­н­дай-ақ көп нәрсе баспасөз хатшы­сының қарым-қабілетіне байланыс­ты. Сауатты маман БАҚ-пен жүйелі байланыс орнатып, ақпараттарды оқылымды, оқиғаларды тартымды етіп ұсынып, өз басшысының беде­лін биіктете алады. Тағы бір айта кететіні, ақпарат құралдарындағы ақылы материал­дарға қыруар ақша жұмсау – тиімсіз тірлік. Әкімдіктің жаңалықтарын ақпарат құралдары онсыз да қуана-қуана жариялайды. Өйткені әкімдік қаладағы немесе аймақтағы негізгі оқиғаларға түрткі болатын басты ор­ган. Егер БАҚ басшыларымен, жур­налистермен тығыз байланыста жұ­мыс істеп, түсіндіру брифингтерін жиі өткізіп, ақпаратты жүйелі әрі са­палы ұсынып отырса, жарияланым үшін ешкім ақы сұрамайды.    

Серіктес жаңалықтары