АҚШ-та Domino’s компаниясында жұмыс істейтін 68 жастағы курьер Дэн Симпсон күтпеген жерден интернет жұлдызына айналды, деп хабарлайды turkystan.kz daily.afisha.ru-ға сілтеме жасап.
Оқиға тапсырыс жеткізу кезінде болған. Мейрамханада диеталық кола қалмаған, ал Симпсон клиентпен байланыса алмаған. Соған қарамастан, ол жолай дүкенге кіріп, өз ақшасына екі бөтелке сусын сатып алған.
Клиент Брайан Уилсон бұл әрекетке қатты риза болып, оқиғаны әлеуметтік желіде жариялаған. Видео қысқа уақыт ішінде 600 мыңнан астам қаралым жинаған. Кейін ол GoFundMe платформасында курьерге арнап қаражат жинау науқанын бастады.
Нәтижесінде небәрі сегіз күнде шамамен 45 мың доллар жиналған. Симпсон бастапқыда мұның бәріне сенбегенін айтып, «Бұл әзіл шығар деп ойладым» деп пікір білдірді.
Ол ұзақ жылдар бойы Айдахо ауыл шаруашылығы департаменті жұмысынан бөлек, қосымша табыс табу үшін түнгі ауысымда курьер болып істеген.
Жиналған қаражатқа ол Калифорниядағы алып секвойя ағаштарын көруге баруды жоспарлап отыр.