Ермұрат Үсеновтің «Туған жер ыстықсың сен маған» шығармашылық кеші[/caption]
– Кейбіреулер төкпе күй мен шертпе күйлерді екі бөлек дүние деп қарайды. Тіпті, біреулер «тереңдік шертпе күйлерде, төкпе күйлер асығыс тартылып, құлаққа сіңе бермейді» деп санайды. Бұған сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Қазақта күй деген ұғым біреу-ақ. Ол домбырада, қобызда, сыбызғыда орындалатын ерекше музыкалық туынды. Бірақ қай аспапта шертілсе де – күй. Ұлан- байтақ еліміздің бар түкпірінде шертілетін күйлер әртүрлі стильде дамыған. Соған орай әуендік желісі, ырғағы, қағысы, орындалу техникасында өзгешеліктер болуым мүмкін. Бірақ барлық күйге ортақ қасиет оның бітұтас жанрлық даралығы. Бұл − баға жетпес күй жанрының музыкадағы ерекше, оқшау құбылыс екенінің дәлелі.
Қазақтың күй жанрында орындалу стилі мен әуендік желісіне қарай бұрын екі-үш мектеп болса, бүгінде оншақты күй мектебі белгілі болып отыр. Қазанғап, Тәттімбет және Маңғыстау күйлері қазір де жақсы зерттеліп, халыққа тарауда. Әлі зерттеуін күтіп жатқан Шығыс күйлері, Жетісу күйлері қаншама? Сыбызғы, қобыз күйлерінің өзі бір төбе...
Ал енді осы күй мектептерін әлдекімдер айтқандай, «анау артық, мынау төмен» деу, «анау терең, мынау таяз» деп бағалау өте жаңсақ әңгіме. Қай күй мектебін алсаңыз да, бірі бірінен өтетін мықты. Олардың бәрінде жылдам, жігерлі немесе мұңды, терең философиялық толғауларға тұнып тұрған күйлер жетерлік. Сондықтан «ұлттық құндылықтарымызды бөліп-жармай тұтас қадірлеп, бағалай білейік, ағайындар» дегім келеді.
– Музыка да заманмен бірге құбылып, дамып отыратын ерекше құбылыс. Кейінгі дәуірде қазақ күйлерін домбыраға электронды аспаптардың үнін қосып орындайтын болды. Мысалы, әкесі Жасарал Еңсепов негіздеген ДЭККО жанрында күй тартатын Асылбек Еңсепов бар және сол бағыттағы басқа да топтар болды. Күйді рок стилінде орындайтын «Ұлытау» тобы бар. Ескі сарындарды өз репертуарының негізі HasSak, «Тұран» сияқты этнофольклорлық ансамбльдер де елдің назарында. Бұлардың ұлттық музыкамызды жаңаша жеткізуге талпынысы қалай? Жеке-жеке тоқталып өтсеңіз...
– Заманның ағымына сай қазір күй шығару, жазу, халыққа − кең аудиторияға жеткізуде жаңа жетістіктерге қол жеткізіп жатырмыз. Әрине, мұндай жағдайда ғажап сазды күйлеріміздің түпнұсқасын жоғалтып аламыз ба деген қауіптің болғаны рас. Бұл реттегі ізденісті алғаш болып бастаған Асылбек Еңсепов болды. Көптеген талас-тартыстар туды. Бірақ қалай дегенмен Асылбектің арқасында «Адай» күйін әлемнің біраз елдерінің танығаны анық.
Асылбек − белгілі күйші-композитор, марқұм Жасарал Еңсепов салып берген жолмен Құрманғазы күйінің бір нотасын да бүлдірмей, түпнұсқаны сақтай отырып, өте сәтті алып шықты. Бұл оның ұлттық музыканы қадірлей білетін тектілігінің, әке аманатына адалдығының, ұлы күйші Құрманғазыға деген үлкен құрметінің айғағы болды.
Сол сияқты «Ұлытау» тобы да күйлерімізге аса сақтықпен қарап, түпнұсқаны бұзбай орындап, ел құрметіне бөленіп жүр. Қалайда талантты жастар ұлы күйшілеріміздің шығармашылығына құрметпен қарап, күйлердің әуендік желісін, ырғағын өзгертпей орындап жүрсе құба-құп.
Енді HasSak, «Хазар», «Тұран» топтары туралы айтар болсақ, бұлардың бағыты мүлде бөлек. Музыкада импровизация деген термин бар. Аталған топтардың орындауында белгілі бір әуен, дәстүрлі музыкалық форма сақталмайды. Музыкалық шығарма орындағанда белгілі бір тақырыпты не оқиғаны негізге ала отырып, соны біртіндеп дамытып отырады. Арасында көне аспаптарды (ұрмалы аспаптар, шыңқобыз т.б.) шебер пайдалана отырып, шығарманы тыңдарманға әсерлі жеткізе біледі.
Аталған топтар негізгі бастауын Алтай қазақтарының халық ансамбльдерінен ала отырып, оған өз трактовкаларын қосып, жаңа бір ерекше ұжым жасап шықты. Сөйтіп бізге мүлдем жақын, ықылым замандағы көне дыбыстарды тірілтті. Халқымыздың сонау көктүріктер заманындағы өтіп кеткен, ұмыт болған бақсы сарындары, кие тұтқан аң-құстарының тылсым үндері құлаққа тосын естіледі. «Тұран», HasSak сонысымен өтімді. Кез келген тыңдарман, мейлі Еуропа болсын, бұл топтарды ерекше тыңдайды. Бұлардың орындап жүрген шығармаларын белгілі бір автор − композитор емес, ұжымдасып, бірігіп жасайды. Міне, уақыт көрсетті, құрылғанына біраз жылдар өтсе де аталған топтар әлі сұранысқа ие, әлі де ізденіс үстінде.
– Күйшілік туабітті қасиет пе әлде жүре келе оянатын қабілет пе?
− Күйшілік − ерекше құбылыс. Кез келген музыкант-орындаушы күйші бола бермейді. Күйшінің жаратылысында музыканы өзгеше түйсіну сезімі болу керек. Себебі қандай бір оқиғадан, әңгімеден немесе бір жағдайлардан алған әсеріңді музыка тілімен айтып бере алатындай қабілет композиторлық қасиеті бар адамда ғана кездеседі. Сондықтан күйшілік қабілет тумысыңнан дарыса да, жүре келе оянса да, оның қозғаушы күші дарын деген құдірет.
Мен шертпе күйлерге әуес болдым. 1976 жылы Әбікен Хасенов туралы Қазтв-дағы хабарға қатысып, оның репертуарындағы күйлерді тұңғыш рет орындадым. 1977 жылы домбыра класын бітірдім. Ұстаздарым − Қазақтанның еңбек сіңірген әртісі Бақыт Қарабалина, Қазақстанның халық әртісі Қали Жантілеуов, Уәли Бекеновтер болды.
1988 жылы «Өнер» баспасынан тұңғыш рет Тәттімбет күйлерінің ноталық жазбалары топтастырылған «Саржайлау» кітабы шыққанда мен оның жалпы редакциялық жұмысына басшылық жасадым.
Күйші-композиторлар – Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедияров, фольклоршы ғалым Рахманқұл Бердібаевтар менен үлкен үміт күтуші еді. Амал не, 1984 жылы саусағым мертігіп, күйшіліктен алыстаңқырап кеттім. Өнердегі үлкен өкінішім осы... Дегенмен Қазақ радиосының Алтын қорында мен орындаған бірталай күйлер бар.
– Сізге қазақ тарихындағы ұлы күйшілер қалай әсер етті? Қандай күйлер жаныңызға жақын?
– Менің ең алғашқы тыңдаған күйшілерім − Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина. Менің күйге деген терең сүйіспеншілігімді оятқан осы ұлы тұлғалар. Олар менің жүрегімнен мәңгілік орын алған!
Консерваторияға келген соң радиодан Ә.Хасеновтің орындаған күйлерін естіп, қатты құмарттым. Әсіресе оның өзі шығарған «Қоңыр» күйі ерекше әсер етті. Анадан ерте айырылғандықтан ба, осы күй жанымды қатты тербеді. Консерваторияны бітірерде мемлекеттік емтиханда Әбікен Хасеновтің өз домбырасымен осы «Қоңыр» күйін тұңғыш рет сахнада орындадым.
− Жұртшылық сүйіп тыңдайтын шоқтықты шығармаңыздың бірі − «Кербез сұлу» атты күйіңіз. Осы күйге өзек болған не нәрсе?
− «Кербез сұлу» − Көкше жерінің әсем табиғатын, ондағы аққудай қыздардың ару келбетін суреттейтін шығарма.
2001 жылы Көкшетау облыстық мәдениет бөлімінің бастығы Нурикамал Сейтжанованың (композитор Тұрдықылыш Ізтаевтың бүкіл қазақ сүйсініп шырқайтын «Нурикамал» атты әні осы кісіге арналған) арнайы шақыруымен сол жерге барып, «Кербез сұлу» атты ансамбль құрдық. Осы шығарма сол ансамбльдің концерттерде міндетті түрде орындайтын негізгі шығармасына айналды. Кейін елімізге танымал күйші қарындасымыз Айгүл Үлкенбаева «Кербез сұлуды» үлкен сахналарға алып шығып, танымал етті. Сол сияқты көптеген ұлттық музыканы орындайтын ансамбльдер де ол күйді репертуарына енгізіп, көрерменге жеткізіп жүр.
– Қазақ ұлттық музыкасының болашағы туралы не айтасыз, ұлттық әуен-сазымыздың табиғи негізін сақтап қала аламыз ба?
– Қазақ музыкасы өте бай, ерекше сазды, терең ойлы толғау. Тыңдағанның рухын көтеретін жігерлі де, айбынды. Адам бойына қандай рухани азық керек болса, соның бәрі табылады. Сондықтан біз, қандай жағдай болса да, ұлттық құндылыққа айналған дәстүрлі музыкамызды көздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз. Болашақ ұрпаққа осы таза, бұзылмаған күйінде жеткізуіміз керек. Әсіресе, өнер жолында жүрген азаматтар, бейқам болмайық!
Ал енді әсем әндерін, тамаша күйлерін үзіп-жұлып, қадірін кетіретіндер жоқ емес. Олар − қазақ музыкасының көсегесін көгертейін деп емес, тек бас пайдасы, қалта қамы үшін жүргендер. Бірақ Құдайға шүкір, халық әндері мен күйлерінің жанашырлары көп. Қадіріне жетіп, тыңдайтын ел-халық бар! Сондықтан ғасырлардан-ғасырларға өтіп, бүгінге дейін жеткен ғажайып ұлттық музыкамыздың болашағы зор деп білемін. Мәңгілік қазақ елінің алтын бесігін тербейтін баға жетпес ән-күйлеріміз – ұлтымыз тұрғанша тұратын асыл қазына.
– Ұлттық музыкамыз туралы айтқан құнды ойларыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Ахмет ӨМІРЗАҚ,
Алматы қаласы