285
Төрегелді Шарманов: Індеттің өршуіне халық та, дәрігерлер де кінәлі емес
Төрегелді Шарманов: Індеттің өршуіне халық та, дәрігерлер де кінәлі емес
– Пандемия көп саланың кемшілігін әшкере еткені рас. «Медицина саласы да бұл індетке дайын болмай шықты» деген пікір айтылуда. Сіз бұған не дейсіз?
– Денсаулық саласын пандемияға дайын болмады деп кінә тағуға аса келіспеймін. Бұл вирус былай қарасаң баяғы инфекциялық аурулардың бірі сияқты, ал шын мәнісінде бұрынғы вирустардан күрделі, өзгеше, бөлек болып отыр. Тез өзгеріске ұшырайтын вирус болғандықтан да еліміздің медицина саласы беймәлім дүниеге дайын болмады. Сондықтан да күрделілігімен, тез өзгеруімен ерекшеленетін, өмірімізге кездейсоқ келген вирусқа «жауап беру», тосын жағдайға білек сыбанып кірісу оңай болмады. Медицина саласына әлі қаншама құрал-жабдықтар қажет екені білінді. Болашақта осы мәселені шешуді ойлау керек.
Кездейсоқ келген вирустан дәрігерлер көп зардап шекті. Бұл соғыста дайындықсыз ұрысқа кірген олар бірінші болып «оққа ұшты». Олар нағыз батырлықтың үлгісін көрсетіп, өздерін құрбандыққа шалып жіберді деп айтуға болады. Оны жұрт бағалай бермейді. Денсаулық сақтау саласында іс-шараларды ұйымдастыру жағы кемшін түскен болуы мүмкін. Біздің оқу жүйемізде осындай тез болатын вирус жағдайына дайындық керек екені де білінді.
Әлі есімде, мен Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалған күні кабинетіме кірместен тура Қызылордаға қарай сапар шектім. Өйткені оба мен холера Қызылорда мен Батыс Қазақстан облысында өршіп тұрды. Сол кезде де осындай жұқпалы ауруға ешкім дайын болмады. Бірақ Кеңес өкіметі аурумен күресті өз қолына алды. Бұл жағдайда да мемлекет тарапынан жан-жақты кешенді жоспар мен дайындық болуы керек еді. Сонымен қатар жеке адамдар өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны абзал.
– Тез өзгеретін вируспен нәтижелі күресу мүмкін бе?
– Вирус тез өзгеретіндіктен дайындық кешенді, ал әдістемелік тәсілдер өзгеріп тұруы керек. Дайын болу дегеннің өзі өте күрделі жұмыс. Вирустың бірінші көрінісімен күресті бастағаныңмен, сәл уақытта ол өзгеріп жүре береді, яғни мутацияға ұшырайды.
– Эпидемиологтар «Бұл вирус әлемді әлі 2 жылдай әбігерге салады» деген болжам айтып жатыр...
– Микроб пен вирус деген көзге көрінбейді, өте көп және тез өзгеріп, таралып отырады. Әсіресе, мына ауру күреске дайын барлық дәрі-дәрмекті әкелгеніңде өзгеріп шыға келеді. Былайша айтқанда, сенің «дайындығың» далада қалады, нәтиже жоқ, әсер етпейді.Ал бірақ осыған қанша шығын мен күш жұмсалады. Кезінде холера мен обаны вакцинаның әсер етуі арқылы жеңдік, бұл мына жағдайда сен дайындаламын дегенше вирус мутацияға ұшырап жатыр. Аурудың қауіптілігін осыдан-ақ білуге болады.
Қазір дүниежүзінің ғалымдары вирусты қайтсек жеңеміз деп бас қатырып, зертханадан шықпай жұмыс істеп жатыр. Ғалымдар міне вирусты толық зерттедім, күресуге дайынмын деген кезде, ғылыми зерттеуі жарамай қалады. Америка, Түркия мен Ресей мультипатент алуға талпыныс жасап отыр. Вирустың өзгерісін алдын ала көріп, математикалық есептеу жүргізіліп, содан кейін барып дайындық жасалуы керек.
– Өз бетінше антибиотик ішіп, емделіп жүргендердің денсаулығына қандай қауіп бар?
– Тосыннан келген бейтаныс вирусты жұқтырсаңыз, дәрігердің көмегіне жүгінген дұрыс. Бірақ біздің еліміздегі жағдай оған мүмкіндік бермеді. Бұл – дәрігердің осалдығынан емес, әбіргерге түскен халықтың қарусыз соғыста амалсыз жасаған әрекеті дер едім. Бұл жерде халықты да, дәрігерлерді де кінәлай алмаймын. Қазір бәрі өз орнына келе бастады.
Медицина саласында ауру, дәрігер, науқас адам үштігі ұғымы бар. Егер дәрігер мен науқас адам күш біріктірсе, олар ауруды жеңеді. Ал егер науқас аурумен бірігіп кетсе, онда дәрігер науқаспен және аурумен бетпе-бет қалады. Бұл дәрігерге оңайға түспейді. Сондықтан ауырған адам аурумен емес, дәрігермен бірге болуы керек.
– Коронавирус халықты не нәрсеге үйретті?
– Вирус бейқам қалмауға үйретті. Біздің қазақ далада өскендіктен менталитетінде «ештеңе етпейді» деген түсінік бар. Бейқам қалып, дәрігерлер емдеп алады демей, дәрігермен бірге болу үшін оларға көмекші болыңыздар.
– Ауруды құнарлылығы күшті, пайдалы тағамдар арқылы жеңу мүмкін бе?
– Қандай ауру болмасын тамақтану бірінші орында тұру керек. Ақуызы жеткілікті, сұйықтығы мол тамақтарды ішу керек. Коронавирусты жеңуде қымыз бен жылқы етінің алар орны ерекше. Тамағы дұрыс адамға вирус жолай алмайды. Ауруды тек тамақпен емдей алмассың, бірақ негізгі күресте оның маңызы өте зор.
Тамақтың төресі – жылқы еті мен қымыз. Түсінетін қазақ жылқының етінің пайдасын жақсы біледі. Қазақта «Кешке жеген қойдың еті ертеңгі күн батқанша, сиырдың еті таң сарғайып атқанша, жылқы еті төсек салып жатқанша сіңеді» деген сөз бар. Жылқы еті үш есе тез қорытылады, ағзаға бекіре балықпен бірдей уақытта сіңеді. Мүмкіншілік болса, жылқы етін жеп, қымызы мен саумалын ішкенге не жетсін!
– Вирус ағзасына енген адамның көңіл күйі болмай, жата бергісі келеді. Бұл жағдайды қалай жеңіп шығуға болады?
– Кез келген ауруда оптимистік көзқарас – жеңістің жартысы. Адамның ұзақ өмір сүруі де оптимистік көзқарасына байланысты. Дәрігер кіріп келген кезде ауруыңа жеңілдік сезінбесең, аурудың сені жеңгені. Ал дәрігерге сеніммен қарасаң, ауруың кейін шегінеді. Адамда ауруды жеңемін деген жақсы ой, сенім болуы керек.
– Өзіңіздің салауатты өмір салтын ұстанатыныңызды білеміз. Ұзақ өмір сүрудің құпиясы дұрыс тамақтану мен жақсы көңіл күйге ғана байланысты ма?
– Биыл Алла қаласа 90-ға келемін. Амандық болса 100-ге жетуді көздеп отырмын. Анам 96 жас жасады. Адамның өмір сүруінің 30 пайызы ата-анасының генетикасына байланысты, ал қалғаны өзіңнің қолыңда.
Ұзақ өмір сүру үшін адамға талпыныс керек. Саған сұраныс болса, соған сай тырмысып жауап беруің керек. Айналаңдағы адамдарға, қоғамға, халыққа қаншалықты керек болсаң, соншалықты ұзақ өмір сүресің. Халыққа қызмет ету дегенді көбісі жалаң ұғады. Халық сені керек етсе, еңбегіңе, қамқорлығыңа, сөзіңе мұқтаж болса, сол қызмет. Халқыңа керек болғаныңның өзі бір бақыт. Ал өзін ешкімге керек сезінбеген адам іштей тұншығады, мұның соңы жақсылыққа апармайды. Осы жасқа келіп өзімнің айқын бекіткен тұжырымым мен қазіргі пәлсапам осындай.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ