458
Қыдырәлі Болман: Мемлекет әр адамды аман алып қалуға жанын салуы қажет
Қыдырәлі Болман: Мемлекет әр адамды аман алып қалуға жанын салуы қажет
Қыдырәлі БОЛМАН, әнші, продюсер:
– Кеше ғана арамызда жүрген, бүгінде өмірден өтіп кеткен жақсы адамдардың жандары жәннатта болғай! Дәл қазір, Ел мен Үкімет бүтін болғанда ғана, ісіміз берекелі бола алатыны анық! Мемлекетіміз бар ресурстарын тәрк етсе де, Қазақстанның әр адамын аман алып қалуға жанын салуы қажет! Халыққа жеткілікті қылып оттегі аппаратын, керекті дәрі-дәрмек, қарапайым шприцтердің бәрін тегін тарату шарасын тез арада іске асырып, жеткілікті ем орындарын қамтамасыз етсек, қанша адамды құтқарып қалуға болар еді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлымен баршамыз біріге отырып, мемлекет пен бірге халық күш біріктіріп, барымыздың бәрін салып, әр адамды аман-есен алып қалуға жұмсауымыз керек. Бұл ең өзекті тақырыпқа айналып, күн тәртібінен түспеуі қажет! Қаражаттың ысырап болмауын бірнеше деңгейде қатты қадағалау болғаны ләзім. Қоймада бар дәрі-дәрмектерді шұғыл түрде дәріханаларға арбамен тасысақ та, күн-түн демей таратылуы тиіс. Бір адамды сақтап қалу, бүкіл әлемдегі адамдарды сақтап қалумен тең. Әр мемлекеттің тұғыры, ең басты байлығы – сол мемлекеттің халқы, әрбір адамы. Әр аурухананы күнде аралайтын, әр дәріханаға барып бақылау жасайтын, «дәрі бар ма, жоқ па?» деген ең өзекті мәселені сол жерде шеше алатын, мемлекетіне жаны ашитын, әр адамға жанашыр адал, еңбекқор, патриоттардан құралған құзырлы «механизм» қажет. Дәрінің бәрін тегін таратуға көшу керек, мемлекетіміздің оған шамасы жететініне күмәнім жоқ. Өздері қиналып отырған халыққа дәрі-дәрмекті 5 есе қымбат қылып сату, оны дефицит ету деген тіпті ешқандай ақылға сыймайды.
Адамдардың неден қайтыс болып жатқанына неге сараптама жүргізілмейді? Қайтқан адамдардың бәріне 100% бір диагноз қойылуы қаншалықты дұрыс? Басқа елдер індетке қарсы тұрып, есін жиып, тіршілігіне кірісіп жатқанда, біз өнбейтін дау қуалап, қалған адамдарды аман алып қалуға нақты қадамдар жасайтын алтын уақытты далаға шашып, қол қусырып отырған жоқпыз ба?
Осы кептеліп тұрған сұрақтарды шешу жолдары мейлінше айқын, мейлінше ашық жүргізіліп, ел көріп-біліп отыратын дүниеге айналуы керек. Мәселенің түп-тамырына үңілмесек, бәрі бекер... Дәл қазір біздің Үкімет халықты, әр аурухананы, әр дәріхананы, әрбір адамды күнделікті «естуі» алға жылжудың, елімізді құтқарудың жалғыз және ең өзекті тетігі болмақ.