390
Дәрі-дәрмектерді заңсыз сатқан 21 адам ұсталды
Дәрі-дәрмектерді заңсыз сатқан 21 адам ұсталды

Еліміздің барлық өңірлерінде дәрілік заттардың заңсыз саудасының алдын алуға бағытталған рейд барысында 21 адам ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінен мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, 5 шілде күні карантин уақытында қажетті дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігін пайдаланып, жоғары сұранысқа ие болған респираторлық вирустық аурулардан емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен сатқан дәріхана қызметкерлері мен азаматтарды анықтау үшін еліміздің барлық өңірлерінде рейд жүргізілген.
«Рейдтік іс-шаралардың бірінші күні полицияға барлығы 21 адам жеткізілді. Олардан 3500-ден астам дәрілік заттар тәркіленді. Оның ішінде 2100 орама «Ацетилсалицил қышқылы«, 589 орама «Парацетамол«, 230 ампула «Цефтриаксон« бар. Сондай-ақ 17 800 медициналық маска, бір рет қолданылатын 60 қолғап, 105 қорғаныс халаты (комбинезондар), 80 қорғаныс көзілдірігі, 79 термометр және 100-ден астам антисептикалық құралдар (300 литр) тәркіленді», – деп атап өтеді министрліктен.
Барлық анықталған фактілер бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі.
«Ішкі істер министрлігі дәрі-дәрмектерді заңсыз сатуға тап болған азаматтарды, сондай-ақ мұндай фактілер анықталған жағдайда жақын жердегі аумақтық полиция бөлімшелеріне немесе 102 және 112 телефондары арқылы хабарлауға шақырады. Рейдтік іс-шаралар жалғасуда», – деді ҚР ІІМ баспасөз қызметінен.