4 Шілде, 15:26 490 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

«Тәуелсіздіктің 7 қыры» деректі фильмдер топтамасы жарық көрді

АSTANA телеарнасы Елорда күніне орай «Тәуелсіздіктің жеті қыры» деректі фильмдер топтамасын дайындады.

Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2019 жылы маусымда өткен «Кемеңгерліктің 30 жылы» халықаралық конференциясында айтқан 7 бастамасы туындының негізгі өзегі ретінде таңдалынды. Ел өз тәуелсіздігінің басында нақ осы сын-қатерлерге тап болды. Ал оларды еңсеру егемен Қазақстанның даму жолының бірегейлігін анықтады.

Барлығы 7 фильм дайындалды. Олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналған. Атап айтқанда, экономика, интеграциялық үдерістер, ұлтаралық келісім, антиядролық бастамалар, жаңа астана, транзиттік әлеует, отандастардың Отанына оралуы.

Фильмдердің мазмұны беделді спикерлердің – белгілі мемлекет, қоғам қайраткерлерінің, Елбасының елдің дамуы бойынша күрделі саяси шешімдер қабылдауының куәгерлерінің естеліктері мен түсініктемелерімен құрылған. Сондай-ақ мұнда тарихшылардың, саясаттанушылардың, экономистердің сұхбаты қамтылған. Олардың әңгімелері тиісті фото-бейне материалдармен (мұрағаттық және заманауи) сүйемелденеді.

Топтаманың мазмұны:

І Бөлім. «Бір ел, бір тағдыр»

Фильм өзге елдер үшін бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың үлгісі болған этносаралық бірлік пен конфессияаралық келісімнің бірегей қазақстандық үлгісін сипаттайды. Соның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясын құру жұмысына ерекше көңіл бөлінген.

ІІ бөлім. «Сын сағат»

Фильмде жас елдің нарықтық экномикада өзін қалыптастыру жолындағы «Тар жол, тайғақ кешуін» сипаттайды. Қабылданған шешімдер мен реформалардың күрделілігіне қарамастан, Қазақстанның қысқа мерзімде ТМД кеңістігінде көшбасшысы, экономикалық тұрғыдан дамыған мемлекетке айналғанын айқындап көрсетеді.

III бөлім. «Парасатты шешім»

Фильм Елбасының әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту және КСРО ядролық қаруының 2/3 сынағы өткізілген Семей полигонын жабу туралы тарихи шешімі туралы баяндайды. Сондай-ақ, фильмде Арал теңізін жаңғырту жұмыстары туралы көрсетіледі.

IV бөлім. «Ұйымдасқан ұтады»

Фильм аймақтық қауіпсіздік және шекараны делимитациялау мәселелеріне арналған. Картина Қазақстанның ТМД елдерінің ішінде бірінші болып мемлекеттік шекараларды делимитациялау мен демаркациялауды жүзеге асырғанын, АӨСШК, ҰҚШҰ, ЕҚЫҰ интеграциялық бірлестіктер шеңберінде өңірлік қауіпсіздік жүйесін құру жөніндегі жұмысты бастағанын көрсетеді. Осы кезде Н. Ә. Назарбаевтың ЕАЭО құру жөніндегі идеясын жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінеді.

V-бөлім. «Жаңғыру жолы»

Республиканың халықаралық транзиттік әлеуетін кеңейту, "Нұрлы Жол" бағдарламасын іске асыру туралы.

VI бөлім. «Елдіктің бастауы»

Фильм Елбасының демографиялық мәселелерді шешу, этникалық қазақтарды тарихи отанына қайтару, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, қазақ тілінде білім беретін білім беру мекемелерінің ашылуы туралы баяндайды.

VII бөлім. «Өзгерісті сәт»

Фильм Қазақстанның экономикада, құрылыс секторында, ішкі көші-қонда көптеген мультипликативтік үдерістерді іске қосқан жаңа жас Астананың құрылысын қалай бастағанын көрсетеді. Нұр-Сұлтан - жаңа елордамызда орнын айқындап, мансабын салған жүздеген мың жас қазақстандықтар үшін тартылыс орталығына айналды.

Барлық фильмдерде жүргізіліп жатқан реформалардағы Елбасының негізгі рөлін ашуға, бұрын белгісіз фактілерді жария етуге және оларды іс жүзінде іске асыруды, егжей-тегжейін ашуға ерекше назар аударылды.

Топтама АSTANA телеарнасының эфирінде күн сайын 3-6 шілде аралығында сағат 20:00 және 20:45-те көрсетіледі. Алдағы уақытта барлық бөлімдер АSTANA телеарнасының youtube-арнасына орналастырылады және әлеуметтік желілерде таратылады.

Соңғы жаңалықтар