423
3 миллионнан астам маман жаңаша даярланады
3 миллионнан астам маман жаңаша даярланады
Қазіргі таңда адами капитал кез келген мемлекет бәсекелестігінің басты факторына айналды. Дүниежүзілік экономикалық форумның баяндамасында болашақта 10 жұмыс орнының 9-ы сандық дағдыларды талап ететіні атап өтілді. 2030 жылға қарай әлем бойынша кем дегенде 1 млрд адамды қайта оқыту қажет.
McKinsey болжамдарына сәйкес, 2030 жылға қарай цифрлық дағдыларға деген қажеттілік кемінде 55%-ға өседі. ЭЫДҰ баяндамасында жұмыс орындарының 32%-дан астамы цифрландыру нәтижесінде түбегейлі өзгертілетін болады деген болжам келтірілген. Бұл ретте компьютерлік сауаттылық туралы ғана емес, сонымен қатар алдыңғы қатарлы цифрлық құзырет туралы да айтылып отыр.
Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің айтуынша, бірнеше жыл бойы Қазақстан білім беру саласындағы халықаралық зерттеулерге қатысты, онда елдегі «гаджеттеудің» жоғары деңгейі цифрлық дағдылардың жоғары деңгейіне айтарлықтай әсер етпейтіні анықталды.
ICILS зерттеуіне сәйкес, 14 жастағы оқушылардың 54%-дан астамында цифрлық сауаттылық деңгейі төмен. PIААС зерттеуіне сәйкес, 6-дан 34 жасқа дейінгі 5 азамат қана жақсы цифрлық дағдыларға ие.
«Цифрлық құзыреттілікке қосымша адам капиталы үшін функционалдық сауаттылық, сыни ойлау, креативтілік, оқу және талдау қабілеті болып саналатын soft skills дамыту қажет. Бұл бағыттағы басты қадамдарды біз бастадық», – деді Білім және ғылым министрі.
2016 жылдан бастап мектептерде функционалдық сауаттылықты дамытуды қарастыратын жаңа білім беру бағдарламалары енгізілуде. Алдағы оқу жылында мектептердің жаңа бағдарламаларға көшуі аяқталады. Келесі қадам білім берудің барлық деңгейіне цифрлық құзыреттерді енгізу болады.
Министрліктің алдында әлемдік стандарттарға сәйкес АT саласының мамандарын даярлау, цифрлық құрауышты қамти отырып, басқа салалардың мамандарын оқыту және қайта даярлау және барлық азаматтарға базалық цифрлық сауат беру секілді міндеттер тұр.
«Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз «Цифрлық білім беру» ауқымды жобасын жүзеге асыруды ұсынамыз. Жоба үш негізгі бағытты қамтиды. Бұл – базалық цифрлық құзыреттер, мамандандырылған АT-кадрларды және басқа салалардың қызметкерлерін АT құзыретімен үйлестіре отырып даярлау. Осы жобаның нәтижесінде терең АТ білімі бар жаңа мамандар шығарылады», – деді А.Аймағамбетов.
Аталған жоба аясында жыл сайын 400 мыңнан астам «цифрлық құзырет» кадрлары шығарылады. Осылайша, 2030 жылға қарай барлық деңгейдегі оқу орындары жаңа формациядағы 3 миллионнан астам маман даярлайтын болады.
«Биыл жаңа оқу жылынан бастап цифрлық сала үшін мамандар даярлайтын жетекші колледждер базасында 31 жаңа бағдарлама енгізіледі», – деп хабарлады ведомство басшысы.
Сонымен қатар АT мамандығы бойынша жоғары білім беру жүйесінде 51 мыңнан астам студент білім алуда. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс көлемі артып келеді. 326 кәсіби стандарт негізінде АТ-бағыт бойынша бағдарлама 95% жаңартылды.
Министр атап өткендей, білім беру бағдарламаларына үлкен өзгерістер енгізілді. 2019 жылдан бастап университеттерге академиялық еркіндік берілді. Енді осы жоба аясында жаңа оқу жылынан бастап 91 инновациялық бағдарлама енгізіледі.