Еуропа бірлігі сынға түскен күн

Еуропа бірлігі сынға түскен күн

Еуропа бірлігі сынға түскен күн
ашық дереккөзі
208
Бүгін Еуропаның бірлігі мен тұтастығы сынға түсетін күн. Былтыр сайлауда жеңіске жеткен Дэвид Кэмерон уәдесінде тұрды: 23 маусым Біріккен Корольдіктің азаматтары Еуропалық одақ құрамында қалу не одан шығуды жақтап дауыс береді. Шешімді қабылдайтын британдықтар болса да, референдум нәтижесі кәрі құрлық тұрғындарының да тағдырына айтарлықтай әсер етпек. Себебі Ұлыбритания Одақ құрамында қалса, бәрі өз қалпында сақталады, әр іс өз жөнімен атқарылмақ. Ал Брексит шынымен жүзеге асатын болса, онда Еуропалық одақтың өз ішіндегі көзге көрінбес толқулар белең алып, кері интеграция басталу қаупі бар.

Барак Обама да жіті қадағалауда

Басқа түгілі, Ақ үйдің иесі Барак Обама британдықтардың референдумды ұйымдастыру барысын жіті қадағалап отыр. Көптеген еуропалық мемлекеттердің президенттері, еуропалық құрылым жетекшілері, қаржылық институттар басшылары Лондон мен Брюссельдің арасындағы одақтастық жібінің үзіл­мегенін қалайды. Ұлыбритания пре­мьер-министрі Дэвид Кэмеронның өзі соңғы айларда «Еуропалық одақ­та қалайық!» атты үгіт-насихат науқанының басы-қасында жүрді. Олай етпесіне амал жоқ, егер Брексит жүзеге асса, онда Кэмерон билік басынан таяды, ал Ұлыбритания еуропалық одақтан шығуға қатысты, кемі екі жылға созылатын ұзақ та ауыр келіссөздерге кіріседі. Брекситке қатысты дауда бри­тандық саясаткерлер, экономистер, шен иелері өздерінің партиялық ұста­нымдарынан тыс екіге жарылды. Мысалы, Консерваторлар жетекшісі Кэмерон одақ мүшелігінде қалуды қолдаса, оның жақын әріптестерінің бірі, бұрынғы Лондон мэрі Борис Джонсон соңғы бірнеше айда Брюссельден іргені аулақ салуды қолдаушылардың көшбасшысына айналып шыға келді. Ал Лейбористер партиясының жетекшісі Джереми Корбин партияластарының ішін­де Брекситті қолдаушылар көп болғанына қарамастан, жақында ғана Еуропамен бірге болуды жақ­тап мәлімдеме жасады. Сонымен, бри­тандықтар партиялық ұстаным­да­рынан бөлек, еуропалық одаққа деген көзқарасына сай бөлініске түсті. Сонда бұл референдум кімге, не үшін керек болды деген заңды сұрақ туады. Ең әуелі, Дэвид Кэмерон бастаған Консерваторлар партиясына керек. Себебі Консерваторлар былтырғы сайлауда 37 пайыз жинап, әрең дегенде үкіметті жасақтауға қа­жет­ті басымдыққа ие болды. Бірақ олардың жүргізіп отырған сая­сатына оппозициялық партиялар, оның ішінде басты қарсыласы Лейбористер партиясы Еуропалық одақтан шығуды қолдап, талай рет мәлімдеме жасады. Сайлау алдында берген уәделерінің бірі ретінде Кэмерон ел ішіндегі осындай пікірді жақтаушылардың санымен санасуға мәжбүр болды. Әуелгіде бұл референдум 2017 жылы өтеді делінген. Бірақ был­тыр кәрі құрлықта ушыққан мигра­ция­лық дағдарыс пен ғаламдық эконо­микалық өсімнің тежелуі Лондонды саяси шешімдерді қабыл­дауды тездетуге мәжбүрледі. Кэмерон былтырғы жылдың аяғын­да еуропалық әріптестерімен ішкі миграцияны реттеу жөнінде және саяси егемендікті қорғауға жеңіл­діктер қарастыру жөнінде біраз келіссөздер жүргізді. Ақыры, биыл ақпан айында өзі қойған төрт талап бойынша біраз жетістіктерге қол жеткізді. Анығын айтқанда, алдағы төрт жылда Ұлыбритания жаңадан келетін еңбек мигранттарын жергілікті үкіметтен берілетін жәрдемнен қағатын болды. Жаңа мигранттарға белгілі бір көмек, мысалы, әлеуметтік баспана немесе жәрдемақы осында төрт жыл тұрғаннан кейін кезең-кезеңімен берілетін болады. Бұл келісімнің қалай жүзеге асатыны әлі анық емес. Бірақ Лондон Брюссельді өз ыңғайына қарай жығып отырғаны түсінікті. Ұлыбритания тағы бір талабы – саяси егемендікке қол сұқпау. Қазіргі кезде Еуропа одағына мүше елдерде экономикалық егемендік жоққа тән. Себебі олардың атынан халықаралық келісім-шарттарды Брюссель қабылдайды. Есесіне, Одақ мүшелері АҚШ, Қытай, Швейцария т.б. мемлекеттермен өте тиімді келісім-шарттар жасасқан. Егер әрқайсысы өз алдына би болса, онда мұндай тиімді әріптестікке қол жеткізу қиынға соғар еді. Бірақ әу баста экономикалық құрылым ретінде ойластырылған Еуропа одағы бүгінде біртіндеп саяси ұйымға айнала бастады. Яғни, халықаралық саясатта беделін сақтап, ғаламдық қауіп-қатерлердің алдын алып, саяси шешімдерді қабылдау жылдамдығын тездету үшін еуропалық мемлекеттер ортақ саяси бишікті Брюссельдің қолына ұстатуы шарт. Мысалы, Ресей мен Украина арасында Қырымға қатысты кикілжіңде Еуропа одағы саяси құрылым ретінде өз ұстанымын бірден айқындай алмады. Болары болып, бояуы сіңген соң ғана, 28 мемлекет өзара ақылдасып, мақұлдасып, Ресейге қарсы экономикалық санкциялар қолдану жөнінде шешім қабылдады. Бүгінде еуропалық сарапшылардың өздері Украинаға қатысты мәселеде Еуропалық одақ бұдан гөрі әлдеқайда батылырақ қимылдауы керек еді деп санайды. Мұнсыз халықаралық саясатта ықпалды құрылым болу мүмкін емес. Әйткенмен, Лондонды Брюссель­дің халықаралық беделі онша толған­дырмайды. Ұлыбритания өз есесін түгендеумен әуре. Британдықтар Еуропалық одаққа саяси егемендікті бермеу үшін мұны құжат түрінде жазып, ресми бекітіп алғанды жөн санайды. Әзірге, Брюссель сөз жүзінде Біріккен Корольдік «саяси интеграцияға қосылмаса да болады» деп келісім беріп отыр. Бірақ іс жүзінде бұл келісімді одаққа мүше басқа 27 мемлекет құптап, ратификациялауы шарт.

Оңаша арал – өзгеше ойлау

Осылайша, Ұлыбританияның Еуропа одағындағы айрықша статусы тағы бір рет айқындалды. Обалы нешік, Одақтың кейбір мүшелері Лондонның «ерекше» статусына өте наразы. Бірақ «күштінің арты диірмен тартады» деген сөз ешуақытта өзектілігін жоғалтпаған. Ұлыбритания – Еуропа одағындағы экономикасы ірі, қорғанысы мықты мемлекет. Оның үстіне, АҚШ-пен жұбы жазылмас әріптес. Өткен тарихқа көз жүгіртсек, бүгінде Еуропа одағындағы өз орнын бұлдап жүрген Лондон осыдан жарты ғасыр бұрын басқаша күйде болатын. 1960-шы жылдары Франция президенті Шарль де Голль Біріккен Корольдіктің Еуропа одағына кіруіне үзілді-кесілді қарсы болған. Бұған себеп, Лондон мен Вашингтон ара-қатынасының тым жақындығы еді, яғни Ұлыбритания Еуропада америкалық мүдденің сойылын соғады деп түсінген. Де Голль 1963 жылы «Англияның болмысы, құрылымы мен тәртібі континенталды Еуропадан мүлде бөлек» деп мәлімдеген еді. Ақыры, Лондон генерал биліктен кеткен соң, тек 1973 жылы одақ құрамына енді. Содан соң премьер-министр Маргарет Тэтчер 1979 жылы Ұлыбританияға айрықша жеңілдіктер берілуін талап ете бастады. Оның «Маған өз ақшамды қайтарыңдар!» деген сөзі сол тұста айтылған. Бес жыл бойы дауласып жүріп, Лондон өз дегеніне жетті: Брюссельге мүшелік жарна ретінде төлейтін қаражатқа байланысты қомақты жеңілдікке ие болды. Ал 1999 жылы еуро ортақ нарықта айналымға енгізілген кезде, Ұлыбритания еуро аймаққа кіруден бас тартып, төл ақшасын сақтап қалды. Осылайша, 43 жылдан бері­ Лондон кәрі құрлықтағы әріптесте­ріне өз талабын қойып, өз шарттары­мен ғана өмір сүретінін дәлелдеп келеді. Әрине, бұл одақтастық екі жаққа да тиімді: Еуропа одағы Біріккен Корольдіктің қорғаныс, сыртқы саясат пен ғаламдық экономикадағы қолдауы мен әріптестігіне мұқтаж. Оның үстіне, қазіргі кезде миграциялық дағдарыстың шешімін таппай жанталасқан, экстремизм қаупінен қорғанудың жолын іздеп аласұрған және түрлі қайшы көзарастардың ішкі арпалысынан қажи бастаған кәрі құрлық Лондонның айрықша талаптарына қарсы тұрарлық жағдайда емес. Сырт қарағанда, Еуропа одағының әлсіреген тұсы Лондон үшін талап қоюға таптырмас кез. Екінші жағынан, Еуропа одағының қазіргі әлсіздігі британдықтарды шынымен де «кеме суға кетпей тұрып, жағаға шығып алған жөн емес пе?» деген сыңайдағы ойға итермелегені түсінікті. Еуропа одағына бүгінде 28 мемлекет мүше, бұл дегеніңіз аз дегенде 500 миллион тұрғыны бар біртұтас нарық. Жер көлемі шағын, сыртқы қорғаныс қабілеті әлсіз еуропалық мемлекеттер үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірге тірлік ету – өмірлік қажеттілік әрі даму тарихы айқындаған бағыт. Ал Англия болса, генерал де Голль айтпақшы, өзінің «континенталды Еуропа еместігін» дәлелдеп, ортақ өгізден оңаша бұзау күйін аңсаумен келеді.

Брексит кімге керек?

Британ саясатындағы дәстүр бойынша, кез келген мәселе жан-жақты талқыланып, барынша қызу айтысқа ұласады. «Бар» мен «жоқ» түгенделген кезде айтылмаған мәселе, қозғалмаған тақырып қалмайды десе де болғандай. Тіпті, даудың тақырыбына қатысы жоқ мәселенің өзі сөз болса, таңқалудың қажеті жоқ. Мысалы, «Брексит ең әуелі Ресей президенті Владимир Путинге керек» деген мәселе британдықтардың өз ішінде мықты аргументке айналды. Шындығында, ресми Кремльдің Брекситке қатысты ұстанымы белгісіз. Ұлыбританияның ішкі мәселесіне қатысты Ресейдің әлдеқандай пікір білдіруі, қолдауы не қарсы болуы қисынсыз көрінеді. Бірақ ресми Лондон «Еуропа одағында қалайық!» атты саяси науқан аясында «Брекситті жүзеге асырып, Ресейді, әсіресе, Путинді қуантудың қажеті жоқ» деген мазмұндағы пікірді кең таратты. Консерваторларды қолдайтын басылымдардың бірі «The Guardian» Одақ құрамында қалуды жақтаған көптеген материал жариялаған. Солардың ішінде белгілі шахматшы Гарри Каспаровтың мақаласы атап өтуге тұрарлық деп ойлаймыз. Қазір АҚШ аумағында тұрып жатқан Гарри Каспаров мамыр айында «Ұлыбританияның Еуропа одағына шығуы Владимир Путин үшін керемет сыйлық болуының себептері» атты мақала жариялаған. (Сілтемесі: https://www.theguardian.com/commentisfree/2016/may/13/brexit-perfect-gift-vladimir-putin-eu). Каспаров Шотландия Ұлыбри­тания құрамынан шығамыз деп рефе­рендум ұйымдастырып, бірақ басым дауыспен Корольдік құра­мын­да қалған кезде, Кремльдің қатты қайғырғанын жазады. Одан соң Путиннің көздегені НАТО мен Еуропа одағының әлсіреуі екенін ашық айтады. Қысқаша айтқанда, Гарри Каспаров британ­дық­тарды Еуропа одағының құра­мында қалуға үгіттеген. Оның сөзін келтірсек, «Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуы Біріккен Корольдік пен Еуропаның Путиннің шабуылдарына қарсы тұру қабілетін әлсіретеді. Бұл әлемдік жүйе үшін, ғаламдық экономикалық өсім үшін және адам құқығы мен демократия үшін кері кету болмақ», – дейді Каспаров. «Егер сіздер қай бағыттың дұрыс екенін таңдау алдында тұрсаңыздар, онда Путиннің қалауы не екенін ойлаңыздар. Және соған керісінше әрекет жасаңыздар. Мысалы, Путин АҚШ-тың келесі президенті Дональд Трамп болғанын қалайды», – деп қорытады ол. Осы орайда, Каспаровтың мақа­ласынан оған оқырмандардың берген жауабы әлдеқайда маңызды сияқты. Себебі Кремльге ашық қарсы шығып жүрген саяси диссиденттің түп мақсаты айқын. Ал оның мақаласына қатысты жазылған 2000-нан аса оқырман пікірі назар аударуға тұрарлық. Олардың ішінде Брекситті қолдаушылар да, оған қарсы шығушылар да, референдумды жоққа шығарушылар да бар. Ең бастысы, Брексит пен Путиннің арасында қандай байланыс бар екенін түсінбейтіндердің саны басым. Мысал үшін, кейбірін аударып көрелік: anitawales: «Біз не, Путиннің қалауына қарап дауыс береміз бе? Жоқ – мен Ұлыбритания үшін, өз балаларымның болашағы үшін және Еуропа одағының өзі үшін не жақсы, соны қолдап дауыс беремін». franklin100: «ХХІ ғасырда Ұлыбритания үшін не тиімді болса, Еуропа үшін де сол тиімді. ХХ ғасыр емес бұл. АҚШ, Путиндік Ресей, Қытайдың өсімі – біздің таңдауымызға қарап отыр ма? Ал мультиұлттық корпорациялар, олигархтар мен Қытайдың атом қуатын қайтеміз? Бұл тығырықтан шығудың бір-ақ жолы бар: не Еуропаны дұрыс жұмыс істетіңдер, не біз қош айтысамыз». jezzam: «Қызық. Мақалаға жазылған пікірдің бәрі Брекситті қолдайды, бірақ мақала Еуропа одағын жақтайтын газетте басылған. Ал соңғы сауалнамаларға қарасақ, тұрғындардың көбісі Брекситке қарсы дауыс беретін сияқты. Оған қоса, мақалаға жазылған пікірлердің 90 пайызы Путинді қолдайды. Мұның бәрі неден екен?». DenisOgur: «Құрметті Guardian, сіздерде Брекситке қарсы басылған мақалалардың саны оны қолдайтын мақалалардан әлдеқайда көп. Басқа да ағылшын газеттерінде осыған ұқсас жағдай байқалады. Мен батыстық басылымдарда плюрализм бар ма деп ойлайтын едім, бірақ енді көзім жетіп отыр: мен қателесіппін». dyst1111: «Иә, батыстық басылымдарда плюрализм бар, сіз тек плюралимзнің қалай жұмыс істейтінін дұрыс түсінбей отырсыз. Плюрализм дегеніміз газеттерде Брекситке қарсы не оны қолдайтын мақалалардың санын теңестіру дегенді білдірмейді. Плюрализм – сізге айтқыңыз келген пікірді білдіруге рұқсат етілген деген сөз, бары сол ғана». vr13vr: «Мистер Каспаров, Брексит Ұлыбританияның тағдырына қатысты, бұл Путинге не Ресейге қатысты мәселе емес. Егер сіз Брексит туралы әлдеқандай пікір айтқыңыз келсе, онда тақырыптан ауытқымаңыз. Талқыға тақырыптан тыс мәселелерді араластырмаңыз».  

Гүлбиғаш ОМАР

Ұлыбритания

Серіктес жаңалықтары