258
Альбион аралындағы Рамазан
Альбион аралындағы Рамазан
Рамазан Еуропада да ескерусіз емес. «Еуропада Исламның ықпалы өсіп келеді» деп дабыл қағушылар саны көбеюімен қатар, ресми саясат Исламның ереже-талаптарымен санасып, адам құқығы мен демократия талаптарына сай мұсылмандарға діни құлшылық жасауға жағдай жасауға ұмтылуда. Биыл Ватикан барша мұсылмандарға Рамазан айының басталуына байланысты құттықтау жолдады. Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон мен британдық белді саясаткерлер Біріккен Корольдіктегі мұсылмандарды құттықтауға асықты.
Ұлыбританияның түрлі қалаларындағы жергілікті мешіттер Рамазан айында мұсылмандарға ауызашар ұйымдастырып, Құран оқып, жамағатпен бірге ғибадат етуге шақыруда. Ал британдық университеттер ораза ұстайтын студенттерге Рамазан айында жеңілдіктер беріп, емтихан кестелерін өзгерткен. Жоғарғы оқу орындарының ресми сайттарында Рамазанның мәні, тәртібі, мағынасы жайлы мәліметтер жарияланып, ораза ұстаушыларға қажетті ақыл-кеңестер береді.
Осы күндері BBC сайты «Рамазан-2016: мен бұл туралы не білуім керек?» деген тақырыппен қасиетті ай және ораза туралы қажетті мағұлматтарды топтап жариялап отыр. Арнайы парақшаның сілтемесі: http://www.bbc.co.uk/guides/z82mtfr.
Мұның бәрі Ислам еуропалық қоғамның өміріне етене кіріге бастағанын көрсетеді. Ресми деректерге жүгінсек, бүгінгі таңда жер бетінде 1,5 миллиард мұсылман бар, ал Ұлыбританияда 2,7 миллион мұсылман өмір сүруде. Британдық мұсылмандардың орта жасы – 25. Бұл дін осы елдегі жамағаты ең жылдам көбейіп келе жатқан дін саналады.
Ватикан 10 маусымда мұсылмандарға ашық хат жолдап, Рамазан айымен құттықтады. Барша христиандардың атынан жазылған хатқа Кардинал Жан-Луи Торан қол қойған. Онда: «Рамазан айы мен Ораза айт әлемдегі барша мұсылмандар үшін өте маңызды діни мереке саналады, бұл ай ауыз бекітумен, құлшылықпен және қайырымдылық жасаумен өтеді әрі христиандар, достар мен көршілер тарапынан құрметке ие. Дінаралық диалог жөніндегі Папа Кеңесінің атынан және әлемдегі барлық христиандардың атынан біз ораза ұстап, қайырымдылық жасаушыларға рухани қолдау білдіріп, шынайы мереке тілейміз» делінген.
Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон өз құттықтауында: «Бұл қасиетті Рамазан айы, бұл айда мешіттер есіктерін айқара ашып, қоғамдық орталықтар, шіркеулер мен синагогалар өз көршілеріне жылы лебіз білдіріп, мұсылмандарды ауызашарға шақыратын ай. Кавентри соборы өз ғимаратында көпконфессиялық ифтарға шақырады. Манчестерде мұсылмандар ауызашарды Еуропа чемпионатының өтуіне орай ұйымдастырады. Сондай-ақ еліміздің барлық аймақтарында үйсіздерге арналған ифтарлар өткізіліп жүр. Ауызашарлар мен қоғамдық шараларға белсенді түрде атсалысайық. Өзіміздің мақтаулы, көпнәсілді, көпдінді демократияда өмір сүріп жатқанымызды тойлайық. Ұлыбританияға және барша әлемге – Рамазан Мүбәрак» деген.
Лейбористер партиясының жетекшісі Джереми Корбин өз құттықтауында былай деді: «127 жыл бұрын Уокингте тұңғыш мешіт салынған еді. Бүгінгі таңда Ұлыбританияда 1000-нан аса құлшылық орындары бар, бұл біздің мультимәдени қоғамымызда мұсылман қауымының қатары көбейіп, ықпалы өсіп келе жатқанын көрсетеді. Қазір мұсылман кәсіпкерлігінің пайдасын көрмеген бірде-бір қала жоқ. Сән саласы мен коммуникацияға дейін, бөлшек саудадан баспа ісіне дейін сіздердің қауымдарыңыз қоғамның қажеттіліктеріне инвестиция құйып, жұмыс орындарын ашып жатыр. Барлықтарыңызға бейбіт Рамазан тілеймін. Барлығыңызға Рамазан Карим».
Либералды-демократиялық партияның басшысы Тим Фаррон: «Ассаламу-алейкум. Мен барлық қауымдарды, әсіресе мұсылмандарды Рамазан айында босқындар дағдарысы уайымдататынын білемін. Рамазан кедейлердің күн сайынғы тірлік үшін күресін, әлемдегі жағдайы нашар адамдардың мүшкіл халін есімізге салады. Босқындар дағдарысын шешуде бәріміз күш салатындықтан, жаңа ай туып, Ораза айт келген кезде адамзаттық ерік-жігер мемлекет басшыларын қазіргіге қарағанда тиімді әрекет етуге итермелейтін шығар деп үміттенейік».
Лондонның жаңадан сайланған мэрі Садик Хан Рамазан басталысымен интернетте видео жариялап, барша мұсылмандарды қасиетті айдың басталуымен құттықтады және өзінің ауыз бекіткенін хабарлады. «Бұл мен үшін Лондон мэрі қызметінде ауыз бекітетін алғашқы Рамазан» дей отырып, «Лондонның мықтылығы – оның санқырлылығында. Біз бір-бірімізге сый-құрмет көрсетумен шектелмейміз. Біз өз тамырымыз бен дәстүрімізді айқындаймыз. Рамазан – отбасы, достарымызды және сенімімізді аялайтын кезең. Мұсылмандар күн сайын ауызашарға бас қосатынындай, бұл уақыт бізден гөрі жағдайы төмен біздің достарымыз бен көршілеріміздің қамын ойлайтын кез» деп тұжырды. Лондонның мэрі бұған дейін Дональд Трамп пен Исламға қарсы пікір айтып жүрген саясаткерлерге Ислам дінінің бейбіт сипаты мен мұсылмандарды жақсы жағынан танытуды өзінің миссиясы санайтынын ашық мәлімдеген болатын.
Ұлыбританияның барлық аймақтарында Рамазан айы аяқталған кезде тойланатын Ораза айтқа арналған шаралар ұйымдастырылады. Мысалы, алдағы Ораза айт күндері Кавентри қаласында 60 000-нан астам адамға арналған мерекелік салтанат өтеді. Бұл осы елдегі ғана емес, бүкіл Еуропадағы ең үлкен мұсылман мейрамы болады деп болжанып отыр.
Лондон мэрі әйгілі Трафальгар алаңында айт мерекесін ұйымдастырмақ. Манчестердегі айттық шаралар футбол стадионында өтеді деп жоспарланған.
Лондондағы елді елең еткізген жаңалық – Рамазан айында әйгілі қызыл реңктегі ағылшын автобустары «СубханАллах» деген арабша жазумен қаланың көркін кіргізді. Мұндай баннерлер автобустарға ғана емес, аялдамаларға да жапсырылып, тұрғындар назарын аударды. Науқанды ұйымдастырушылардың айтуынша, «СубанАллах» деген жазуы бар баннерлерді ілудегі себеп – Сириядағы соғыс құрбандарына қолдау көрсетуге үндеу көрінеді. Алланың аты жазылған жүздеген автобус Рамазан айы аяқталғанша Лондон көшелерінде қызмет көрсете бермек.
Ұлыбритания