253
Швеция – мәжбүрлеусіз-ақ карантин талаптарын сақтаған ел
Швеция – мәжбүрлеусіз-ақ карантин талаптарын сақтаған ел
Әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылған қазақтың Қазақстаннан басқа Отаны жоқ. Қандастарымыз қай қиырда жүрсе де, олардың іздеушісі, сұраушысы – қалың елі қазағы. Осы тұрғыдан алғанда Turkistan халықаралық газеті біраздан бері қиырдағы қазақтардың тыныс-тіршілігі жайлы тұрақты жазып келе жатқаны мәлім. Газетіміздің бүгінгі санында Швецияның Кристианстад қаласындағы оқу орнында халықаралық менеджмент және маркетинг бойынша оқытушы болып қызмет атқаратын PhD докторы, қандасымыз Индира Қадемқызымен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.
– Индира, өмір жолыңа үңілсек, екінің бірі қол жеткізе бермейтін оқу орындарында білім алыпсың. Бізге қызық болып тұрғаны, Алматыдағы Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын «Дарын» республикалық мектеп-интернатында оқып, одан кейін ҚазҰУ-дың Журналистика факультетін тәмамдаған соң мүлде басқа бағытқа қарай бет бұрып, Швецияда, Англияда біліміңді шыңдап, шетелде жұмыс істеп, қалып қойыпсың. Швецияға қалай, қайдан бардың?
– Иә, мен жалпы ерте есейіп, үлкен өмірге ерте араластым. Туған жерім Орал өңіріндегі мектепті 7-сыныпқа дейін оқып, сосын арман қуып Алматыға кеттім. Онда өзіңіз айтқан Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын «Дарын» республикалық мектеп-интернатында оқыдым. Одан кейін ҚазҰУ-де халықаралық журналистика мамандығын алып, магистратураны KIMEP университетінде жалғастырдым. Жалпы, магистратураны тәмамдап, академияда қызметке қалған кез келген маман ғылыммен айналысуы керек. Сол себепті одан әрі докторантураға түскен соң шетелде тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша оқуға мүмкіндік туып, Эразмус Мундус жобасымен оқуға тапсырдым. Бұл екі жылдық бағдарламамен 3 елдегі университеттерге баруға болатын еді. Солардың ішінен халық саны аз, әрі дамыған, өркениетті ел болғандықтан Швецияның Лунд университетін таңдап алдым. 2008 жылдың сәуір айынан бастап сонда докторантурада оқыдым.
– Швециядағы оқуың аяқталған соң елге оралуды ойламадың ба?
– Оқуым аяқталатын жылы болашақ жарымды кездестіріп, одан әрі қалатын болып шештім. Әрі мен оқыған бағдарлама «Болашақ» сияқты емес, елге қайтып келіп жұмыс істеуді міндеттемейтін еді. Отбасын құрып, Швецияда қалған соң қайтадан докторантураға түсуім керек болды. Сосын басқа елдердің де оқуын көргім келді. Швецияға қарағанда Англияның оқу орындарының дипломы бәрібір деңгейі жоғары болып есептеледі. Бір жылдан кейін ағылшындық жоғары оқу орнына құжат тапсырып, Бат университетіне грант алдым. 4 жыл сол жерде докторантурада оқыдым.
– Еуропаның екі бірдей университетінде оқыған маманға Швециядан жұмыс табу аса қиындық туғызбаған шығар?
– Оңай болды дей алмаймын. 2015 жылы Швецияның оңтүстігіндегі Мальме қаласында тұрамыз. Әуелі Бат университетінде зерттеуші болып еңбек еттім. Екі айда бір рет ұшып барып, қашықтан жұмыс істедім. Сосын 2017 жылы ұлым Артур дүниеге келді. Келесі жылы Кристианстад институтында Экономика факультетінің ішіндегі бизнес сабақтарынан оқытушы болып жарты жылдық келісімшарт бойынша жұмысымды бастадым. Ал тұрақты жұмысқа кіруге жіберген құжатты 3 ай тексереді екен. Швецияда тұрақты жұмысқа алынған адамды жұмыстан шығарып жіберу оңай емес. Сол себепті жұмысқа алу процесі де өте ұзақ. Мысалы, мен жұмысқа кірер кезде бір орынға бес-алты адам үміткер болды. Біздің құжаттарымызды үш түрлі басқа университетте жұмыс істейтін бейтарап маманға жіберді. Олар CV номеріңді, жазған қағаздарыңды, барлық деректеріңді тексереді. Алты кісінің әрқайсысына бөлек-бөлек талдау жасатты. Қызметке алу процестері ашық. Барлық талдау нәтижелерімен жеке танысамын деп талап ете аласың. Ақырында толық штатқа жұмысқа мені алды. Өйткені бұған дейін жарты жыл жұмыс істегенім бар, мені көріп-танығасын алған болар деп ойлаймын.
– Швецияға қазақтар жиі келе ме? Мүмкін қазақстандық студенттерге де дәріс оқыған шығарсың?
– Швецияға қазақтар көп келеді деп айта алмаймын. Себебі біздің халық негізінен Эйфель мұнарасы секілді аса танымал көрнекі орындары бар шетелдерге баруға әуес қой. Дегенмен мұнда көшіп келген жерлестер жоқ емес, бар. Мәселен, 2017 жылғы статистика бойынша, қазір швециялық болғанмен Қазақстанда туған 2 200 адам бар екен. Өзім халықаралық менеджмент және маркетинг бойынша сабақ беремін. Студенттерім Қытайдан, Нидерланд, Германия елдерінен келген. Бұрын оқып жүрген кезімде, әсіресе Англияда тұрғанда қазақстандық студенттермен көп кездесетінмін. Қазақтардың басы қосылса болды, ет асылады. Ауылдан қазы-қарта беріп жіберсе, тіпті керемет.
– Елді, туған жерді сағынатын, сағынып, жабығатын кездер болатын шығар. Сондай кезде сағынышыңды қалай басасың? Интернеттен қазақша ән тыңдап немесе әлеуметтік желі арқылы отандастарыңмен сөйлесетін шығарсың?
– Иә, әрине. Оған қоса мен тұратын қалада Нұргүл есімді қазақ келіншек тұрады, мұнда бухгалтер болып істейді. Алматының қызы, отбасылы, екі баласы бар. Қазақша сөз естігім келіп, туған тілімдегі әңгімені аңсағанда сол Нұргүлмен кездесіп, екеуміз де туған жерге деген сағынышымызды басамыз. Ауылымызды, оқыған жерімізді еске алып, біраз әңгіме айтып арқа-жарқа болып қаламыз. Отбасы-мызбен өте жақсы араласып тұрамыз.
– Елге оралатын ойың бар ма?
– Алдағыны алдын ала кесіп-пішіп айта алмаймыз ғой. Мүмкін түпкілікті көшіп бармасам да, біраз уақытқа жұмыс істеуге баратын шығармын. Күйеуім швед азаматы болса да Қазақстанда тұрып көргісі келеді. Ұлымның да анасының туған жеріндегі өмірмен танысқанын қалаймын. Биыл біраз жоспар бар еді. Коронавирусқа байланысты бәрі өзгерді.
– Отбасыңда қазақтың салты мен дәстүрін ұстанасың ба?
– Жолдасым, жалпы швед халқы өзге ұлттардың салт-дәстүріне аса құрметпен қарайды. Ал үйде мен қазақтың ұлттық тағамдарын пісірсем, жұбайым қуанады. Ет асқанымды қалап тұрады. Отбасында негізінен швед, ағылшын тілінде сөйлесеміз. Менің бауырларыммен күйеуім ағылшынша сөйлеседі.
– Жаһандық пандемия кезінде карантин жарияламаған Швеция елі бұл дерттен қалай сақтанды?
– Коронавирус келгесін әр ел әртүрлі реакция жасады. Швецияның ерекшелігі – ел билігі халықты карантинге жауып тастаған жоқ. Себебі Үкімет 10 миллион халыққа сенеміз деп үндеу жариялады. Халық ешкім мәжбүрлемесе де сыртқа шықпай отырды. Карантинге жаппай-ақ өздері саналы түрде сақтық шараларын толық орындады. Үкімет халыққа дерт туралы ақпаратты көп берді. Күн сайын түсте онлайн тікелей эфирде эпидемиолог, саясаткерлер, тағы да басқа мамандар халықтың сұрақтарына жауап беріп отырды. Тамақты онлайн тапсырыспен алдырдық. Жұмысымыз карантин кезінде де жүріп жатты. Әрине, бұл Швецияда коронавирустың кері әсері болмады деген сөз емес. Жеңіл өткергенмен қиындықтар болды.
– Өзің нені армандайсың, мақсатың қандай?
– Қазір мен әлі лектормын, ендігі мақсат – доцент деңгейіне жету. Соған әрекет етіп жатырмын. Ол үшін педагогикалық пәндерден сабақ алып, мақалалар жазу қажет. Бүгінде өзім педагогика сабағын оқып жатырмын.
Қазір барлық жерде, соның ішінде Қазақстанда да жоғары білім беру жүйесінде өзгерістер өте көп. Мәселен, елімізде оқу ордалары қазір Боллон үдерісі бойынша білім беруге көшкен. Бұл өзгеріс оңайлықпен болмайды. Боллон үдерісі дегеніміз – еуропалық бірыңғай жоғары білім кеңістігін құру үшін Еуропа елдерінің жоғары білім жүйесін бір-біріне жақындастыру, үйлестіру үдерісі. Мен осы өзгерістер туралы қазір мақала жазып жатырмын. Сол жағынан елге барып көмектессем деймін. Қазіргі жеткен тәжірибеммен Қазақстанда бірқатар оқу орындарында семинарлар өткізу туралы келіссөз жүргізіп жатырмын.
Сұхбаттасқан
Райхан РАХМЕТОВА