432
Белгілі тұлғаның белгісіз қыры
Белгілі тұлғаның белгісіз қыры
Адам жанының қатпары қалың, жұмбағы көп. Ішкі сырлары мен толғаныс-тебіреністерін, күйініш-сүйініштерін көп адам сыртқа жария ете бермейді. Оны өзіне етене жақын, санаулы ғана сырлас дос-жар жандарға ғана айтуы мүмкін. Жүрек түкпірінде жатқан көп ешкімге көрсетпейтін, ашық айтыла бермейтін ондай жан сырлары көбінесе жеке адамдардың күнделіктері мен жасырын жырларында жатады. «Адамда сөз болмайды айтылмайтын» (халық әні «Ақбақай») демекші, ондай сөздердің де ерте ме, кеш пе, жұртқа жететін бір күні болады. Міне, сондай көп көзінен тасада ұстап, жеке мұрағатында ұзақ сақтап келген жыр жолдарын 75 жасында жариялаған аса қадірлі ел ағасы 2014 жылы кітабын қолтаңбасымен бізге де ұсынды. Кітапты ашпай тұрып бір таңғалсақ, ашып оқығаннан кейін екінші рет таңғалдық. Бірінші таңғалуымыздың себебі, тіл-әдебиет ауылынан алшақтау жатқан бухгалтерлік есеп, менеджмент мәселелерін зерттеген ірі экономист-ғалым әрі қашанда сабырлы қалпынан жаңылмайтын, салмақты қайраткерді өлең жазады деп ешқашан ойламаппыз. Кітапты ашып оқығанда екінші рет таңғалдырған салиқалы ғалымның сыршыл жырлары болды. «Жасырын жатқан жырларым» деп аталатын бұл кітаптың авторы – бүкіл елге танымал тұлға, ҰҒА академигі, белгілі мемлекет қайраткері, экономика ғылымының докторы, профессор Көпжасар Нәрібаев.
Ғалымның жазған ғылыми еңбегінен оның теориялық білімі мен қарым-қабілетін, кәсіби дайындығы мен тәжірибесін, логикасы мен талдау әдістерін көруге болады. Сол арқылы оның ғылыми еңбегіне әріптес сала мамандары тұрғысынан баға беріледі. Бұл, әрине дұрыс. Бірақ біз белгілі тұлғаларды, елдің көрнекті азаматтарын тек маман, ғалым, инженер ғана емес, адам ретінде де танығымыз келеді. Олардың кісілік келбетін, адамдық болмысын білсек дейміз. Бұл тұрғыдан келгенде өлеңді адамтанудың, тұлғатанудың кілті десек, қателеспейміз. «Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр, Сырымды тоқтатайын айта бермей» деп ұлы Абай айтпақшы, өлеңде адамның жан сыры бар. Өлеңнен шығармашыл тұлғаның, оның авторының бүкіл болмысын көруге болады. Мұқағали: «В жизни не знаю, в поэзии не врать» дейді. Өлең – адам жанының шырылы, өлеңде өтірік айта алмайсың. Егер өтірік айтсаң, ол өлең емес. Осы бір шындыққа Көпжасар ағаның жасырын жатқан жырларын оқығанда тағы да көз жеткізгендей болдық. Жырын оқып, жанын ұқтық. Ол өлеңді сонау 50-жылдардан, жас кезінен жанына серік етіпті. Жинаққа енген алғашқы өлеңі «Алғашқы жыр» деген атпен 1956 жылы 18 жасында жазылыпты. «Алғаш жазған бұл жырым – Алаулаған жас жалын» деп өзі айтқандай, жастық лебі есіп тұр. Кітабының «Жастық шақтың сырлары» деп аталған бірінші бөлімінде бозбаланың балаң жырлары, жап-жас жігіттің жастық сезімге толы өлеңдері топтасыпты. Бөлімді түйіндеп тұрған 1961 жылы жазылған «Мәскеуге аттанарда» деген өлеңінде «Көз ұшында қалқам қалып барады, Мөлтілдеген жасқа толып жанары» деген жолдар бар. Осы жырындағыдай оның жалынды жастығы да ақырын-ақырын алыстап, көз ұшында қала береді...
«Өлеңді түнделетіп ұрлап жазам,
Әйтпесе тыныш таппай кетер мазам.
Өлеңнің құдіретіне басымды иіп,
Бұл менің өз-өзіме тартқан жазам», – дейді автор.
Біліммен өрілген өмір
Білімнен қуатты күш, одан мықты қару болмаса керек. Біліммен қаруланып, алған білімін ғылымға бағыттап, тәжірибемен ұштастыра білген адамның алар асуы көп. Ондай адам өзі ғана биіктерді бағындырып қоймай, шыққан биігінен қарай отырып айналасына, еңбектеніп жүрген саласына, бүкіл қоғамға көп пайдасын тиігізеді. Жасында талапты, ержеткенде білімді, есейгенде ғылымды болған Көпжасар Нәрібайұлы осы санаттағы білімпаздарымыздың бірі. 1960 жылы ҚазҰУ-ды, 1963 жылы Мәскеудегі қаржы институтының аспирантурасын бітіргеннен кейін ол бүкіл саналы ғұмырын білім мен ғылымға арнады. 1964 жылдан Алматы халық шаруашылық институтында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметтерін атқарды. 1976-1983 жылдары – Қазақ ССР жоғары және арнайы орта білім министрінің орынбасары, 1983-1987 жылдары министр болды. 1991-2001 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры. Ол Қазақстан Халықаралық Жоғары мектебінің, Қазақстан педагогика ғылым академиясының, Мәскеу Халықаралық Жоғары мектебінің академигі. Еңбек жолы, өмірбаяны оның білім-ғылымының қазанында қайнап жетілген, осы саланың ірі қайраткері екенін көрсетеді. Осы білім іздеу мен білім таратуға арналған мазмұнды өмірін ол жырымен былай өрнектейді: Менің барлық өмірім, Білімменен өрілген. Шуағына шомылдым, Шұғыла боп төгілген. Білімпаз өзінің білім саласына арнаған бар ғұмырын осы төрт жол өлеңіне сығымдап сыйғызып жіберіпті. Бұл жолдар оның өмір-қызметінің бас-аяғын түгел қамтыған түйіні, бар тірлігінің мәнін ашып беретін формуласы. Өлең өте ықшам әрі сыйымды. Аз сөзде көп мән бар. Өлең иесінің білім жолындағы үздіксіз ізденісі де, білім нұрына бөленген қанағат-қуанышы да әдемі әрі дәл бейнеленіп тұр. Басы артық бір сөз жоқ. Осы шумақтағы ықшамдылық пен тұжырымдылық автордың экономистік болмысын да сипаттап тұрғандай. Бұдан әрі автор ұстаздығы мен көп шәкірт өсіргенін, ғылым жолындағы ізденістерін баяндай келе өлеңін: Өміріме ризамын, Білімменен өрілген, – деп түйіндейді. Білім дәнін еккен жерің мәуелі баққа айналса, ондай еңбектің жемісін көріп отырып риза болмау қанағатсыздық болар еді. Білім диқаншысы ризашылық, қанағатшылдық танытады. Көпжасар Нәрібайұлының өмір сапарында бөктерген қоржынының бір басында білім толып тұрса, екінші басында ғылымы бар. Оның қоржынының екі басы да тоқ. Өйткені ол ғылым жолында адал ізденді, оған шын берілді.Азаматтық ұстанымынан айнымаған тұлға
Қоғам, ел алдында, ат үстінде жүрген тұлғаларын көпшілік тек өз кәсібін жақсы білгені, мамандығын жетік меңгергені бойынша ғана бағаламайды. Олардың ел мен ұлт мүддесіне адалдығы мен азаматтық ұстанымына қарай да баға береді. Бұл тұрғыдан келгенде Көпжасар Нәрібайұлының азаматтық үні айқын, тұғыры берік, ұлтына адал ұл екені жырларынан анық көрініс тауыпты. Кітабының «Желтоқсан жаңғырығы» бөліміндегі «Желтоқсан» деген өлеңінде ол былай деп жазады: Желтоқсанда бас көтерген жастарды Ұлттық рух, ар-намысы бастады. Ал оларды шын қолдаудың орнына, Қан жосытып, қырып салып тастады. Өлең соңына «29 желтоқсан 1986 жыл» деген дата қойылған. Мұны жазып отырған дәл сол күндері лауазымды қызмет атқарып отырған Қазақ ССР жоғары және арнайы орта білім министрі Көпжасар Нәрібаев. Академик К.Нәрібаевтың бастамасымен «Ұлттық тәрбие» пәнінің оқу бағдарламасы жасалғанынан, оқу құралдары басылғанынан хабардармыз. Ол «Тұлғаларға тағзым» атты көлемді еңбек жазды, Абай атындағы ҚазҰПУ жанынан «Тұлғатану» орталығының ашылуына мұрындық болды. Ел білетін экономист ғалымның тағы бір қыры – тұлғатанушылығы. Ол халқының тұлғаларын ұрпағына танытып жүр. Ірі тұлғалар тарихты тек өткен шақта ғана суреттемей, өз заманының сөзін де дер кезінде айта білген. Көбей Нарбайұлының өлеңінде де қазіргі қоғамның кескін-келбеті мен кемшіліктері де айқын көрініс табады.Текті атаның ұрпағы
Барлық тіршілік иесі тегіне тартады. Осыны жақсы білген бабаларымыз «Тектіден текті туады, Тектілік тұқым қуады» деп адамның тегіне әрқашан ерекше мән берген. Біздің халық «тексіз» деген бір ғана сөзбен адамды іске алғысыз етіп, қара жерге қазық қылып қағып жібереді. «Текті» деген сөзбен тұқым-тұқиян, зәузатыңмен қосып асылға балап, аспанға бір-ақ шығарады. Бір түбірден өрбіген қарама-қарсы мәнді осы екі сөз қазақ ұғымында адамға берілген бағаның ең зоры мен қоры. Қазақы тәрбие көрген кез келген адам өзіне ғана емес, бүкіл ата-бабасына дақ түсіретін «тексіз» деген салмағы зіл батпан сөзден қорқады. Қазақ баласына «текті атаның баласы» деген сөзді естуден артық марапат жоқ. Сондықтан да ұлттық тәрбие көрген әр қазақ ешқашан ата-бабасына сөз келтірмеуге, ел намысын қолдан бермеуге ұмтылады. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ғалым-хатшы болып жұмыс істеп жүргенімде 1996 жылы ҚазҰУ-дың Халықаралық қатынастар факультетінің жаңадан құрылып жатқан «Қазіргі шығыс тілдері» кафедрасының меңгерушілігіне жұмысқа шақырылдым. Конкурстан кейін ректор құжаттарыммен танысып, жұмысқа қабылдағанын факультет деканы Гүлжауһар Шағатайқызынан білдік. Дәл сол жылдары біріміз отызға да толмаған, енді біріміз отыздан жаңа асқан бүгінде елге танымал ғалым, ҰҒА-ның корреспондент мүшесі, филология ғылымының докторы Амантай Шәріп екеуміз Қаз ҰУ-дың ең жас кафедра меңгерушілері қатарында болған екенбіз. Бертінде білгеніміздей, ол да жұмысқа дәл осылай қабылданыпты. Кафедраны үш жыл басқарып, докторлық диссертациямызды қорғағаннан кейін жазғы демалыс аяқталып, жаңа оқу жылы басталарда ректор қабылдады. «Жаңа кафедраның жұмысы жүйеге түсті. Енді осы оқу жылынан бастап, Филология факультетіндегі қазақ тілі кафедрасын басқаруға барасың» деп жылы сөйлеп, қысқа ғана қайырды. Ол 50-ден астам оқытушы жұмыс істейтін жалпыуниверситеттік үлкен кафедра еді. Соны ойлап әрі үйренген шағын ұжымымнан кеткім де келмей, «Ол кафедраның ұжымы тым үлкен ғой» деп әңгімемді бастап келе жатыр едім, ректор: «Жассыңдар, сендердің нағыз жұмыс істейтін кездерің, іске кіріс», – деді. Сөйтіп, Көпжасар Нәрібайұлы ҚазҰУ-ға басшылық еткен жылдары біз оның қолынан университет дипломын алып, 1996-2001 жылдары 5 жарым жылдай кафедра меңгерушісі болып еңбек еттік. Жастығымызға, тәжірибеміздің аздығына қарамастан, жауапты істі сеніп тапсырды, жолымызды ашты. Жаратылысынан алды кең, өзінен кейінгі жастарға қамқор болып жүретін ел жақсысы министр, ректор және басқа да ірі лауазымды қызметтерді атқарған жылдары біз сияқты қаншама жасты жұмысқа алып, тәрбиелеп, өсіріп шығарды десеңізші?! 2001 жылдың шілдесінде Білім және ғылым министрі университет ұжымына жаңа ректорды таныстырды. Сол бір сәт айрықша есімізде қалыпты. Алдымен министр, одан соң жаңа ректор сөйледі де, соңынан Көбекең сөз алды. Өз басым оның жұрт алдында сөйлегенін сонда бірінші рет көрдім. Қысқа әрі өте мәнді сөйледі, сөзге шешен екен. Жиынға қатысушылар ұйып тыңдады. Сөз аяқталғанда залдағы профессор-оқытушылар орындарынан дүрк көтеріліп, ұзақ қол соқты. Бұл өзі он жыл басқарған университет ұжымының оған деген ыстық ықыласы, зор құрметі еді. Ұжымның оған деген шын ризашылығы, қимастығы анық сезіліп тұрды. Сол жолғы сөзінен де басшымызды нағыз зиялы, ой-өрісі кең, өресі биік, көрнекті тұлға ретінде тани түстік. Арада бір-екі ай өтпей-ақ біз де Астанаға Мәдениет министрлігіне жұмысқа шақырылып, елордаға қоныс аудардық. Одан кейінгі он бес жылдай уақыт ішінде Көпжасар ағамызбен кездесудің сәті түспепті. 2014 жылы ағамызға кіріп амандасудың реті келді. Қабылдауында бір-ақ рет болған басшымыздың есінде қала қоймаған шығармыз деп, өзімді таныстыра бастағанда: «Терминология мәселелерін жүйелі зерттеп жүрсің. Еңбектеріңмен таныспын. Мақалаларыңды оқып тұрамын», – деді. Сөз болып отырған жыр кітабы мен «Тұлғаларға тағзым» атты еңбегіне қолтаңбасын қойып берді. Арада көп жыл өткенде жиі жиналыс өткізе бермейтін ректорымыздың ұжымдағы әр қызметкері жөнінде жақсы білгеніне және өз кадрларының бет алысын, өсіп-жетілу жолын қадағалап отыратынына көз жеткіздік. Сонымен қоса, қайраткердің тек экономика мәселелерімен ғана айналысып қоймай, ұлт руханиятына, тіл мәселесіне де көп көңіл бөлетінінің және жадының беріктігінің куәсі болдық. Бұл да бекзат болмысты зиялы тұлғаның тектілігінің, ұлттық құндылықтарға адалдығының көрінісі. Сексенін еркін еңсеріп, ақырын жүріп, анық басып келе жатқан сүйегі асыл академиктің санасы сергек, ойы тұнық. Ал бойы білім-парасатқа тұнып тұр.Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,
филология ғылымының
докторы, профессор