Бүгін – Дидахмет Әшімханұлының туған күні

Бүгін – Дидахмет Әшімханұлының туған күні

Бүгін – Дидахмет Әшімханұлының туған күні
ашық дереккөзі
Бүгін – қазақтың белгілі жазушысы, журналист, қоғам қайраткері Дидахмет Әшімханұлының туған күні. Көзі тірі болғанда қаламгер 70 жасқа толар еді.  Жазушы 10 маусым 1950 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Жаңаүлгі ауылында дүниеге келген. Дидахмет Әшімханұлы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысы "Коммунизм туы" (1975–1976), "Лениншіл жас" (1978) газеттерінде тілші болып бастаған. Кейін "Қазақстан пионері" (қазіргі «Ұлан») (1978–1980), "Қазақ әдебиеті" (1980–1992) газеттерінде бөлім меңгерушісі, "Заман — Қазақстан" (1992–1993) газетінде бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. 1992–1994 жылдары халықаралық «Заман — Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі және газет редакторының орынбасары, 1994 жылы халықаралық "Түркістан" газетінде бас редактордың орынбасары болады. Өмірінің соңына дейін осы басылымда табысты қызмет етіп, газеттің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. 2003 жылы "Ел-шежіре" қоғамдық қорының президенті, "Алаш" баспасының директоры болды. Жазушының «Аққабаның толқыны» (1981), «Он бірінші күз» (1987), «Каменная падь» (1990), «Жер аңсағай сары атан» (1998), «Самырсын сазы» (2000), «Әңгіме емес әңгімелер» атты әңгімелер мен повестер жинағы жарық көрген. Дидахмет Әшімханұлы Дж. Голсуорси, Дж. Лондон, Е. Шварц, А.Курчаткин, А.Аширов, Х.Абдуллин, Т.Минуллин, А.Лупан, Т.Пулатов, П. Пурэвсурен, Кришннабам Малл шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті. Жазушы аударған Молдован драматургі А. Кирийдің «Зона» пьесасы ұзақ жылдар бойы Ғ. Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрының сахнасынан түскен жоқ. Қаламгер Қазақстан Республикасының Жазушылар, Журналистер Одақтарының мүшесі, «Жалын» жабық бәйгесінің екі мәрте жүлдегері болды. 2005 жылы халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері атанған.