382
Шымкенттегі «Бекжан» базарынан өрт шықты
Шымкенттегі «Бекжан» базарынан өрт шықты
Шымкенттегі «Бекжан» базарындағы автовокзалда өрт шықты. Жалын базар алдындағы автокөлік тұрағында орналасқан аяқ киім дүңгіршектерін шарпыған, – деп жазды ҚазАқпарат.
Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт күндізгі сағат 15:13 басталған. Өрттің кесірінен айнала көк түтінге оранып, тіпті жолдар да көрінбей қалған. Бұл көріністерді тұрғындар ұялы телефондарына түсіріп, әлеуметтік желілерде бөліскен. Қаланың төтенше жағдай қызметі дүңгіршектердегі өрттің сөндірілгенін хабарлады.
«Темірлан тас жолындағы «Бекжан» базарының алдында автокөлік тұрағында орналасқан аяқ-киім дүңгіршектері жанып жатқаны белгілі болды. Өртті сөндіруге ТЖД-ның 70 өрт сөндірушісі мен 24 дана арнайы техникасы жұмылдырылды. Жалын 280 шаршы метр аумақты шарпыған. Оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Тілсіз жау сағат сағат 15:40 шамасында сөндірілді. Қазіргі таңда өрттің шығу салдары анықталуда», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, «Бекжан» базары бұған дейін де өртенген болатын. Ол кезде сауда орталығы толықтай өртеніп, қаза тапқандар да тіркелген. Қаншама кәсіпкер шығынға батып, оларға өтемақы берілген еді.