
Шекараң шегенделмесе...

Шекараң шегенделмесе...
Кез келген мемлекеттің мемлекеттігі шекарадан басталатыны – аксиома. Сондықтан өзара шекарасы шегенделмеген мемлекеттер арасында дау тумай тұрмайды. Көктемнің соңғы күнінде бауырлас әрі шекаралас елдер – Қырғыз Республикасы мен Өзбекстанның арасында болған қақтығыс міне осының айқын мысалы.
Жалпы, Өзбекстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы мемлекеттік шекара 1 379 шақырымға созылған. Міне, осы шекараның 5 пайызы әлі күнге даулы. Яғни екі ел мемлекеттік шекара мәселесінде әлі толық келісімге келмеген. Осының кесірінен суда да, жер үстінде де қырғыз бен өзбек арасындағы жанжал тоқтамай келеді.
Бұл жолғы жанжал Өзбекстанның Ферғана облысы, Сох ауданы мен Қырғыз Республикасының Баткен облысы шекарасындағы Чашма ауылында болды. Суға таласып қалған екі тарап шекараның екі жағына топтасып, оның соңы шекараның екі жағындағы адамдардың бір-біріне тас лақтыруына ұласқан. Осының нәтижесінде дүрбелең басталып, шекарадағы тікенекті сымдар бұзылған. Шекараға өте жақын тұрған Өзбекстан тарапындағы екі үй, Қырғыз Республикасы тарапындағы бір үй отқа оранған.
Қазіргі кезде Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің шекара әскерлері шекарадағы жағдайды толық бақылауға алған. Сондай-ақ қырғыз тарапы да шекарадағы қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр.
Әрине, көрші елдер қашанда өзара жанжалды қаламайды. Өзбек-қырғыз елдері басшылары мәселенің неден туындағанын анықтап, жағдайды тез ретке келтіруге кірісіп кетті. Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов пен Қырғыз Республикасының бас уәзірі орынбасары Кубатбек Боронов кездесу үшін Баткен облысындағы Қадамжай қаласына барған. Қос тарап шекарадағы жағдайды қалыпқа келтіру мәселелерін талқылады және екі елдің құқық қорғау органдары арасында ынтымақтастық жоспарын жасады. Бұл туралы 1 маусымда Қырғыз Республикасы үкіметі мәлімдеме жасаса, Өзбекстан үкіметі әлі ресми түрде хабар таратпады.
Әрине, қақтығыс болған жерде дүние-мүлік бүлініп, адамдар зардап шекпей тұрмайды. Чашмадағы қақтығыстың салдары жайында екі елдің жергілікті билігі кездескенде айтылды. Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау уәзірлігінің мәлімдеуінше, шекарадағы жанжалдан кейін 25 қырғыз азаматы Айдаркен қаласының ауруханасына әкелінген. Олардың төртеуі емханаға жатқызылса, екеуінің жағдайы ауыр екен. Қалғандары медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне қайтарылған.
Ал өзбек жағынан 16 адам түрлі жарақатпен ауруханаға түсті деген дерек бар, бірақ ресми билік әлі оны растаған жоқ.
Шынына келсек, өзбек-қырғыз шекарасындағы қақтығыс бірінші рет болып тұрған жоқ. Осыдан жеті жарым жылдай бұрын да Қырғыз Республикасының Баткен облысының Өзбекстанмен шекарасында бүгінгіге ұқсас жағдай болған-ды. Атап айтқанда, Сох анклавының (Қырғыз Республикасы шекарасы қоршап тұрған өзбек жері) тұрғындары қырғыз шекарашыларына шабуыл жасап, 30 адамды кепілге алған болатын. Яғни, Сох ауданы Хушияр ауылының тұрғындары қырғыздың Чарбак ауылы тұсында, сол кезде енді ғана ашылып жатқан шекара бекетіне электр желісі бағандарын орнатып жүрген қырғыз шекарашыларына шабуыл жасаған. Олардың бетін қайтару үшін қырғыз шекарашылары аспанға оқ атқан. Кейін өзбек жағының адамдары тағы да тәртіпсіздік жасап, шекарашылар орнатқан бағандарды құлатқан. Мұнымен тұрмай, қырғыздың Чарбак ауылының 6 адамын кепілге алып кеткен. Дүрбелең басталған кезде Сох ауданы арқылы Қырғыз Республикасы шекарасына өтіп бара жатқан жеті адам да кепілге алынған. Одан кейін де бірталай қырғыз азаматтары кепілге алынып, кейін босатылған.
Сол кезде екі жақта да бір-бірін кінәлау болды. Қырғыз жағы «Өзбек азаматтары қырғыз шекарашыларының қаруларын тартып алмақ болды», «қақтығыс кезінде бірнеше қырғыз шекарашысы зардап шекті» десе, өзбек жағы «бұл іске қырғыз шекарашылары айыпты, олардың жергілікті тұрғындарға қарата атқан оғынан Өзбекстанның бес азаматы жараланған» деген секілді ақпарат таратқан-ды.
Сол кезде Сохтағы Хушияр ауылы тұрғындары қырғыз жағына су келіп тұрған арықты бөгеп, Чарбактың 300-ден аса тұрғыны сусыз қалған еді. Баткендегі өзбек жерінде (тұрғындарының 80 пайыздан артығы этникалық тәжіктер) қырғыздармен бұрын да талай рет ерегес болған. Тіпті, осы тұстан 1999 жылы Өзбекстан ислам қозғалысы ұйымының экстремистер Қырғыз Республикасының оңтүстігіне шабуыл жасаған. Кейін Өзбекстан мемлекеті Сохтағы шекарашыларын көбейткен және олардың көбі өзбек ұлтының өкілдері болды.
Жалпы, бұл өлкедегі қақтығыстардың себебі не дегенге келсек, ол кеңестік кезеңнің қитұрқы саясатының жемісі. Мәселен, Қырғыз Республикасы аумағында Өзбекстанға тиесілі Сох, Шахимардан, Тәжікстанға тиесілі Ворух анклавтары болса, Өзбекстанның Әндіжан облысында қырғыз еліне тиесілі Барак анклавы орналасқан. Осылай қолдан жасалған қиындықтар (әрине, кеңестік кезеңде бір мемлекет құрамында болған соң бір республиканың адамдары екінші бір республиканың аумағынан ешқандай тоқтату, тексерусіз өте беретін) бүгінде Орталық Азия мемлекеттерін бір-бірімен қырғи-қабақ қылып қойды. Бұл елдер өзара мемлекеттік шекарасын айқындаған кезде баяғы қалыппен қалып, анклавтағы халық өз еліне бару үшін ұзақ жол жүруге мәжбүр болып қалды. Соның кесірі ылғи шекара маңындағы елдерге тиіп жатады. Бір-біріне алакөз болған халық шекарадағы өзен суларын бір-біріне жібермей қалатын жағдайлар жиі ұшырасып, конфликтке себеп болып отыр. Ал шын мәнінде, мұның бәрі көршілес мемлекеттер арасындағы шекара мәселесінің әлі күнге лайықты шешімін таппағанының белгісі.
Осы тұрғыдан алғанда, солтүстікте 7 591 шақырым Ресеймен шекарасы бар, шығыста 1 782 шақырымға созылып жатқан Қытай Халық Республикасымен шекарасы бар, оңтүстігінде Түркіменстанмен (426 шақырым), Өзбекстанмен (2 354 шақырым) және Қырғыз Республикасымен (1 241 шақырым) шектесетін Қазақстанның бүкіл шекарасын шегендеп, қайтып дау болмастай қылып бекітіп алғаны әлемдік тарихта аса маңызды дипломатиялық табыстың бірі деуге болар еді.
Ерлан Саиров, саясаттанушы:
Қазақстанға қарағанда көршілеріміздің шекара мәселесі әлі күрделі
– Қырғыз-өзбек екеуі де бауырлас елдер, екеуі де өмір бойы егіншілікпен айналысып келе жатқан еңбекқор халық. Бізді ортақ тарих, әдет-ғұрып, салт-дәстүр байланыстырады. Болмыс-бітімімен бізге туыс мемлекеттердің жер-су дауы үшін қақтығысып жатқанын көріп көңілің құлазиды екен. Бүгінгі заманның трагедиясы. Бұл екі ел арасындағы шекара мәселесі күні бүгінге дейін реттелген жоқ. Кеңес дәуірінде, бауырлас мемлекеттердің шекаралары белгіленіп жатқан уақытта, әр республикада басқа ұлт өкілдері өмір сүретін аумақтар (анклав) қалып кетті. Бұдан этникааралық қақтығыстар туындап отырды және әлі күнге дейін жалғасуда. Қазақстан шекаралас мемлекеттердің ешбірімен қақтығысқан жоқ. Өйткені барлық көршісімен шекара мәселесі реттелген. Елбасы Н.Назарбаевтың сараланған әрі сарабдал саясаты мен дипломатиялық дұрыс қадамдарының арқасында біз көршілес елдермен шекара мәселесін саналы һәм бейбіт түрде шешіп алдық. Барлық құжаттар рәсімделген және БҰҰ-ның қорында (депозитарий) сақтаулы. Бұл істе өскелең ұрпақ үшін Елбасының сіңірген еңбегі зор. Біз әлем көрінісі өзгеріс тауып, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жаһандық ахуал құлдырап жатқан қиын кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Бұл кезеңде тарихи һәм дәстүрлі территориялық шекарамызды негіздеп алу аса маңызды аспект десек, біз бұл мәселені уақытылы шештік, енді өркениет деңгейінде бұл бағытымыздан таймауымыз қажет.
