Қазақстандық мектептерді бір ауысымды оқу режиміне көшіру керек – Рауан Кенжеханұлы

Қазақстандық мектептерді бір ауысымды оқу режиміне көшіру керек – Рауан Кенжеханұлы

Қазақстандық мектептерді бір ауысымды оқу режиміне көшіру керек – Рауан Кенжеханұлы
ашық дереккөзі
Елімізде білім беру сапасын арттыру үшін отандық мектептерді бір ауысымды оқу режиміне көшіру керек. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында кеңес мүшесі, Ұлттық аударма бюросының басшысы  Рауан Кенжеханұлы осындай ұсыныс айтты.  «Қазақстанда білім беру сапасын арттыруға басты кедергі – мектеп жағдайы деп ойлаймыз. Нақтырақ айтсақ, Қазақстанға мектеп жетіспейді. Қазіргі таңда еліміздегі 7400 мектепте жалпы саны 3,5 млн аса бала бар. Оның 70% - екі ауысымда, ал 200 мың бала үш ауысымда оқиды», - деді Р.Кенжеханұлы. Спикер Қазақстанның ілгері дамыған елдердің тәжірибесіне ұмытылып отырғанын, алайда мұндай мемлекеттердің ешқайсысында үш немесе екі ауысымда оқытатын мектеп жоқ екенін алға тартты. «Сапалы білім беру үшін мектептің бір ауысымда жұмыс істеуі маңызды. Біздің есебімізше, орта білім беру жүйесін толықтай бір ауысымға өткізу үшін Қазақстанға шамамен 3 мыңдай жаңа мектеп қажет», - деді Ұлттық аударма бюросының басшысы. Рауан Кенжеханұлы мұндай аса ауқымды мәселені  шешу үшін мектеп салуға жеке қорларды кеңінен тартуды ұсынды. Оның айтуынша, қазіргі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік құралы және білім беруді жан басына қаржыландыру тетігі мектеп салуға жеке қаражатты, соның ішінде шетелдік қорларды тартуға мүмкіндік береді. «Алайда, осы аталған тетіктер аясындағы бизнесті экономикалық тұрғыдан ынталандыру шаралары жеткіліксіз. Оларды қайта қарап, кеңейту қажет деп санаймыз. Сонымен бірге, дағдарыстан кейінгі экономиканы жандандырудың бір амалы ретінде мектеп құрылысын да қарастыруға болар еді. Ауқымды мектеп құрылысының экономика мен қоғамға ұзақ мерзімде берері мол екеніне сенімдіміз. Тиісті есептеріміз бен нақты ұсыныстарымызды Білім және ғылым министрлігіне бердік», - деді спикер. Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Асылбек Қожахметов "ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттілік бағдарламасын" енгізуді ұсынғанын хабарлағанбыз.