Айдос Есмағамбетов: Голливудтан асып түсетін туынды жасағым келеді

Айдос Есмағамбетов: Голливудтан асып түсетін туынды жасағым келеді

Айдос Есмағамбетов: Голливудтан асып түсетін туынды жасағым келеді
ашық дереккөзі
324
Айдос Есмағамбетов – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, елімізден шыққан алғашқы гиперреалист-мүсінші, суретші. Astana Musical мемлекеттік театрында гример болып жұмыс істейтін Айдоспен сұхбаттасудың сәті түскен еді. –  Алғашқы тырнақалды жұ­мы­сыңызды Елбасының мүсінін жа­сауға арнауыңызға не себеп бол­ды? – Мен кішкентайымнан сурет салуға құ­мар болып өстім. Бұл қанмен берілген қа­сиет болса керек. Әкем сурет салып, мү­сін жасаумен, анам кесте тігумен ай­на­лысады. Өзім Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық инс­титутында «бейнелеу өнері және сызу» ма­мандығы бойынша кәсіби білім алдым. Ма­мандық таңдауда қателескен жоқпын деп ойлаймын. Өйткені сурет, мүсін өне­ріне бала кезден ғашықпын.  width= Алғаш Барак Обама АҚШ президенті бо­лып сайланғанда оның балауыздан жа­салған мүсінін мадам Тюссо музейіне қой­ды. Осы жаңалықты 2009 жылы ауылда оты­рып теледидардан көрдім. Сол кезде өзі­ме «Неге біз осындай мүсіндерді тек теледидардан ғана көруіміз керек?» деген сұ­рақ қойдым. «Біздің елімізде неге осы өнер­ді дамытпасқа?» деп ойладым. Дәл сол кез­де Елбасы 70 жасқа толып жатты. Ел­басының туған күніне сенсациялық сый­лық ретінде мүсінін жасаймын деп шештім. Не дегенмен алғашқы жұмысым және та­рихи маңызды тұлғаның образын жасап шығу көп ізденісті, зерттеуді қажет етті. Біреу дайындап, қолымен көрсетіп берген технология жоқ. YouTube желісінен көр­генім мен Google жүйесінен оқығанымды пайдаланып, Елбасының образын жасап шықтым. – Араға бірнеше жыл салып өткен жылы Елбасының бейнесін арнайы тапсырыспен жасадыңыз ғой? – Иә, өткен жылы еліміздің Қорғаныс ми­нистрлігінің тапсырысы бойынша Елба­сының және тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің мүсінін жаса­дым. Аталған жұмыстарымды елордадағы Әскери-тарихи музейден тамашалай ала­сыздар.  width= – Жеке тапсырыспен жұмыс істейсіз бе? – Жеке тапсырыспен әлі жұмыс істеп көр­ген емеспін, өз басым ондайды онша ұната қоймаймын. Елге еңбегі сіңген, ха­лық­тың сүйіктісіне айналған, мүсін жа­сауға лайық тұлғаларды сомдауға дайын­мын. – Бір мүсінді бастан-аяқ жасап шығуға қанша уақыт жұмсайсыз? – Мүсіннің қанша уақытта бітетіні жұ­мыстың қиындығына байланысты. Мы­салы, мадам Тюссо музейінің мүсіншілері бір жұмысты 4 айдан 1 жылға дейінгі уа­қыт­та жасап бітіреді. Мен де бір жұмысты жасауға дәл осындай уақыт жұмсаймын. Бірақ мадам Тюссо музейінде 1 жұмыспен 15 шақты адам айналысады. Біреуі көзін, екін­шісі киімін жасайды. Ал үшіншісі ша­шын орнатады, яғни олар бір адамның мүсі­нін жасауға команда болып жұмылады. Мендегі ерекшелік бәрін бір өзім жасай­тындығымда. Болашақта өзім командамен жұмыс істегенді қалаймын.  Бұйырса осы жол­да біраз еңбектеніп, тер төгіп, команда құ­рып, шәкірт тәрбиелеп, білгенімді үй­ретуді қолға аламын. – Тұлғаның бейнесін жасау барысында қалай ізденесіз? – Кейіпкерім тарихи немесе заманауи тұлға болсын, барынша шынайы мәлі­мет­терді жинаймын. Мысалы, Абылай ханның бейнесін жасайтын кезде антропологиялық мәліметтерге, оған қосымша тарихи дерек­тер, әдеби негіздерге сүйендім. Кейде әдеби суреттеудің де пайдасы тиеді. Тұлғаның сырт келбетін, болмысын, мінезін зерт­тей­мін. Ал негізінен кейіпкердің шынайы, де­тальді көрінген фотоларына қарап оты­рып мүсінін жасаймын. – Мүсін жасауға пайдаланатын материалды қайдан алдыртасыз? – Мүсін жасауға пайдаланатын ба­лауыз, силикон сынды материалдарды шет­елден тапсырыспен алдыртамын. Өзім силикон материалымен жұмыс істегенді жақсы көремін. Әлемде жаппай тараған індетке байланысты шетелге материалға тапсырыс беру жағы қиын болып тұр. Бүгін­де өзімде бар аздаған материалдарым­ды пайдаланып жатырмын. Өзім амери­калық танымал компанияның өнімін пай­да­ланамын. Мұнай бағасының арзан­дауы мен доллар бағамының өсуіне байла­ныс­ты алдағы уақытта материалдың баға­сы қымбаттауы мүмкін. Импортқа тәуелді болғандықтан, көнуге тура келеді. Өйткені елімізде мұндай материалдар өндірілмейді. – Силиконнан мүсін жасау өнерімен айналысып жүргеніңізге 10 жыл болды. Осы жылдар ара­лы­ғында сіздің өнеріңізге қандай көз­қарас қалыптасты? – Бізде, өкінішке қарай, суретшілердің, мүсіншілердің жұмысы аса бағаланбайды. Десе де ақырындап халықтың көзі ашы­лып, қызығушылықтары қалыптасып келе жатыр. Бұл ақырындап дамитын процесс деп ойлаймын. Өзім осы өнерді бастап қол­ға алғаннан кейін бір нәтиже шығар­ғым келеді. Болашақта Қазақстанда мадам Тюссо музейі секілді музей ашқым келеді. Егер музей ашылатын болса, оған қоятын та­рихи және заманауи тұлғаларымыз өте көп. Біздің елімізде де осындай өнер бар еке­нін шет мемлекеттің туристеріне ұялмай көрсете аламыз.  width= – Алдағы уақытта шетелде білім алып, тәжірибеңізді ұш­та­ғыңыз келе ме? – Әрине, шетелде білім алғым келеді. Ке­зінде бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы менің ше­берханамда болып, жұмыстарыммен танысқан соң мені шетелге оқуға жіберу туралы ойын айтқан болатын. Бірақ бұл ойымыз жүзеге аспады. Шетелде өз кү­шіммен білім алу үшін ағылшын тілін үйренуім қажет. Арманым – қазақты Голливудта таныту, өнеріммен мойындалу. Голливуд жасаған дүниеден асып түсетін, ерекше нәрсе ойлап табуға тырысып жатырмын. Бұған көп уақыт, фантазия және көп эксперимент керек. Адам тоқ­тамай жұмыс істей берсе ойы тереңдейді. Бұйыр­са осы білгеніммен тоқтап қалмай, шет­елде білімімді шыңдап, 1-2 жыл сол жақ­та жұмыс істеп, өз үйренгенімді елім­нің пайдасына жаратқым келеді. Түпкі мақ­сатым – шетел тәжірибесін елімізге әкелу. – Astana Musical театрын­да­ғы гримерлық жұмысыңыз өзіңіз­ге ұнай ма?  – Мен 2016 жылдары елордадағы Әс­кери-тарихи музейде Перизат Ақселеу­қы­зымен бірге жұмыс істедім. Ол кісі менің өнерімді жоғары бағалайды. Кейін Салта­нат Ақселеуқызы «Қазақконцертте» дирек­тор болып жүрген кезде «Astana Musical-ға сен­дей жас мамандар қажет» деп ша­қырт­ты. Жалындап тұрған жас әртістермен жұ­мыс істеу, шығармашылық адамдардың атмосферасын сезіну қызықты болды. Осы­ған дейін көрермен көзайымына ай­нал­ған «Нотр-Дам»,  «Ромео-Джульетта», «Ер Төстік», «Достар серті», «Шаңырақ» қойы­­­­лымдарын сахналадық. Гример бол­ған, бутофориялық декорациялармен жұ­мыс істеген ұнайды. Жалпы, өзімді жан-жақ­ты дамытып, әр қырымнан сынап көр­гім келеді.  width= – Косметикалық протез сала­сын­дағы ізденістеріңізден де ха­бар­дармыз. – Осыдан 3-4 жыл бұрын силиконмен жұмыс істейтінімді естіп, косметикалық протез жасап көрсеңіз деп ұсыныс айтқандар болды. Мен силиконмен жұмыс істегеннен кейін протезбен жұмыс істеу қиын емес екенін біліп, келістім. Адамның сау қолының бедерін көшіріп алып, екінші қолын жасап бердім. 1-2 саусағы жоқ жан­дар мұндай протездерді қолғап сияқты киіп алады, сырттай қарағанда ешбір ақау білінбейді. Болашақта осы бағыттағы жұмыстар біздің елімізде де сұранысқа ие болады деп ойлаймын. – Карантин жағдайында немен айналысып жатырсыз? – Бұрын ұсақ-түйек жұмыстар үлкен істерді бастауға кедергі келтіріп тұратын. Ойға алған шаруаңды межелі уақытта бі­тіруге мүмкіндік болмайтын. Карантиннің бір пайдасы идеяларымды толықтыруға, ойымды жинақтауға мүмкіндік берді. Өзім әдеттегідей жұмысымды жалғастырып жат­қан жайым бар. Жалпы, менің жұмы­сым карантинге қарамай-ақ, былайғы кез­де де шеберханада қамалып отырып іс­тей­тін жұмыс. Мүсін жасау дегеніміз – өте нәзік процесс. Есікті қатты жауып алып, бар махаббатыңды арнап, шынайы бері­ліп жасағанда жұмысың сәтті шығады.  

Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары