Мақтааралдағы апат кезінде қанша мал шығыны болды – әкімдік есебі

Мақтаарал ауданында жалпы көлемі 7639 гектар ауыл шаруашылығы жерлері зақымданған. Ал мал шығыны – 297 бас, деп хабарлайды  өңірлік коммуникациялар қызметі.

Барлық шығындар есептеліп, Үкіметке ұсынылды. Алдағы уақытта өтемақы жасалады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметін өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлімдеді.

«Ауданда 11 елдімекеннің егістіктері зақымданған. Жалпы 1 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің тізімі жасалды. Біз 7639 гектар егістіктің шығынын 4 млрд 1 млн теңге көлемінде есептеп, Үкіметке ұсындық. Комиссия шешімі бойынша әр дақыл түріне орай өтемақы жасалады. Ал ветеринариялық жағдай бойынша 297 мал зардап шеккен: 58 бас сиыр, 227 қой-ешкі, 16 жылқы, 2 түйе және 227 үй құстары суға аққан. Барлығын жою жұмыстары жүріп жатыр. Мал шығынын өтеу үшін нарықтағы баға бойынша 32 млн теңге шығынды есептеп, ұсынып отырмыз», – деді басқарма басшысы.

Басқарма мамандары өлген әр малдың фотосын түсіріп, актісін дайындауда. Мал мен егіннің өтемақысы төтенше жағдайға байланысты ашылатын азаматтардың жеке шотына аударылады. Қосымша шот ашудың қажеті жоқ. Су тартылғаннан кейін ауыл шаруашылығы министрлігінен арнайы мамандар келіп, жердің құрамын, зақымданған күйін тексереді.

 

Back to top button