326
Бірліктің үлгісі
Бірліктің үлгісі
#BizBirgemiz – қиын жағдайдағы өзара қолдаудың және көмектің шынайы процесі. Мемлекет басшысының қолдауымен басталған
#BizBirgemiz акциясы еліміз үшін күрделі кезеңде адамдардың санасындағы өзгерістерге де алып келуде. Құндылықтарды және негізгі басымдықтарды қайта бағалау жүруде. Қоғам дамуының ескі парадигмаларының орнын жаңа, кейде үйреншікті емес үдерістер алып жатыр.
Өзінің мәлімдемелерінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономикадағы және әлеуметтік саладағы дағдарысқа қарсы шаралар мен мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау тетіктерін атап өтті. Бұл еліміздегі төтенше жағдай уақытында мемлекеттік аппараттың тәуекелдердің алдын алу жөніндегі жұмысын және қазақстандық қоғамның сұранысы мен алаңдаушылығына ортақтасуға әзір екенін көрсетеді.
Әлемдегі коронавирус індетінің таралу жағдайы мемлекеттердің алдына карантиндік шаралар енгізу бойынша салмақты міндеттер қойып отыр. Қайғылы статистика бүкіл әлем бойынша ауырып қалғандар санының артып отырғанын көрсетеді. Бүгінгі күні 3 миллионнан астам адам инфекция жұқтырған. Төтенше жағдай немесе карантин енгізу COVID-19 індетінің екпіндеп таралуына тосқауыл қоюға оң әсер ететін тетіктердің бірі болып отыр. Осыған байланысты экономиканы қолдау және дағдарыс салдарларын жеңілдету мәселелері де кезек күттірмес шешімдер қабылдауды талап етеді. Карантиндік шаралар азаматтардың қаржылық және әлеуметтік әл-ауқатына өзінің теріс әсерін тигізіп отыр.
Осындай жағдайларда волонтерлік және қайырымдылық қызметтер алдыңғы қатарға шықты. Әсіресе, егде жастағы адамдар, ардагерлер, көпбалалы аналар, табысы аз, еңбекке жарамсыз азаматтар секілді ең мұқтаж жандарға көмек қолын созу – кезек күттірмес мәселе. Халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан жақсы қасиеттері осыған шақырып отыр. Маңызды біріктіруші құрылым болып есептелетін Қазақстан халқы Ассамблеясында қайырымдылық пен өзара қолдаудың көп жылдық жинақталған тәжірибесі бар. Бүгінгі таңда #BizBirgemiz акциясы аясында ҚХА тарапынан 400 мыңға жуық қазақстандық 230 млн теңгеден астам сомаға көмек алды.
Осылайша, этномәдени бірлестік төрағалары, Достық үйлері, Аналар кеңесі және ҚХА-ның басқа да құрылымдық бөлімшелерінің қолдауымен еліміздің республикалық маңызы бар қалалары мен барлық өңірінде халыққа атаулы қолдау көрсету акциясы өткізілуде. Ассамблея волонтерларының штабы мен клубтары халық арасында әлеуметтік жағдайы төмен санаттағы адамдар – егде жастағы және ерекше қажеттіліктері бар тұрғындар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, табысы аз отбасылар, өз-өзін оқшаулаған азаматтар және т.б. гуманитарлық және қайырымдылық көмекпен қамтамасыз етуде. Көмек негізінен азық-түлік жиынтығы мен себетін, дәрі-дәрмек құралдарын сатып алу және жеткізу, медициналық бетперделер, алғашқы қажеттілік заттарын әзірлеу және тарату түрінде көрсетілуде.
Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі өзінің 25 жылдық тарихында әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар мен тұжырымдамалар шеңберінде көптеген жетістіктерге және іске асырылған міндеттерге толы екенін атап өткіміз келеді. Қызмет ету саласының кеңеюіне және алға қойған міндеттердің жүйелі түрде орындалуына қарай ҚХА жергілікті жерлердегі қоғамдық бақылау, қайырымдылық және медиация тәрізді жұмыс бағыттарын да дамытуды қолға алған.
Қазақстан халқы Ассамблеясы тек 2019 жылдың өзінде 11 мыңнан астам қайырымдылық іс-шараларын өткізді. 600 мыңнан астам адамға 308 млрд теңге сома көлемінде көмек көрсетілді.
Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен ашылған республикалық Волонтерлар фронт-офисі, Ұлттық волонтерлік желі, Мейірімділер клубы, Ұлттық спорт түрлері федерациясы, Джентльмендер клубы және басқа жүздеген қоғамдық ұйымдар елімізде волонтерлік топтар құруда. Олар әртүрлі қайырымдылық қорларынан, демеушілерден түскен қаражатқа азық-түлік және алғашқы қажеттілік тауарларын сатып алады. Оны санитарлық нормаларға сәйкес орап, дайындап, қажеттілігі бар үйлерге таратады.
Президент 2020 жылды «Волонтерлар жылы» деп жариялай отырып, коронавирус пандемиясына дейін-ақ «бұл игі істер уақыты» екенін атап өтті және барлық қазақстандықты волонтерлік қызметке белсенді қатысуға шақырды. Оның үндеуіне құлақ салып, өз отандастарына көмектесуді саналы түрде қолға алған мыңдаған азаматтарымыздың үн қосқаны – бүгінгі вирустың таралуы және оның дағдарыстық салдарларының қауіп-қатері алдында көңілде үміт отын оятатын ізгі шара.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында: «Ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы болған жерде ғана игілік пен ізгілік қатар өркен жаяды. Осы қасиетті қағида әрбір қазақстандықтың жадынан, жүрегінен орын алуы керек», – деп атап көрсеткен болатын. Бұл қағида, жаппай қауіп-қатердің алдында тұрған халықтың бірлігі мен тұрақтылығын сақтауда өз септігін тигізетіні де сөзсіз.
#BizBirgemiz – бұл қиындықты бірлесіп еңсерудің және бірліктің жолы.
Мадина БЕКТЕНОВА,
Қазақстан Президенті жанындағы
стратегиялық зерттеулер институты
әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің
жетекші ғылыми қызметкері