379
Несіпбек Дәутайұлы: Адамды құлдыраудан алып шығатын пәрмен – әдебиет
Несіпбек Дәутайұлы: Адамды құлдыраудан алып шығатын пәрмен – әдебиет
Кейде адаммен тілдеспей тұрып, оның болмысы жайлы қате ой түйетініміз бар. Белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлын жақын танымайтындардың көбі оны тәкаппар, кісіге жылуы жоқ қатал адам деп ойлайды. Сырт қарағанда солай көрінетіні рас. Алайда ол кісімен сөйлесіп, ішкі сарайына үңілсең, адам атаулыны алаламайтын кеңдікті, ілім-білімді шекарамен шектемейтін тереңдікті, сүреңсіз сөз, сүйкімсіз іске жуымайтын биіктікті көресің. Қазағына жүрегін жұлып беруге даяр тұратын мәрттік, жағымпаздық пен жалтақтыққа төзбейтін тік мінез, туғаным демейтін турашылдық та менмұндалап тұрады. Өз бойынан ғана емес, шығармаларынан да. Көрнекті қазақ қаламгері Несіпбек Дәутайұлының туындыларын көптің арасынан бірден тани қоятынымыз сондықтан болар.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет жолдаған эстафетаны қабыл алып, қазіргі уақытта өзі оқып жатқан кітаптар мен газет-журналдарының тізімін жариялады. Президент қазақстандықтарды кітап оқуға үндеу арқылы нағыз қазыналы білім қағазда қатталғанын ұқтырғандай...
– Адамдар түрлі қиын-қыстау кезеңдерде өз тамырына үңіліп, рухани құндылықтарға бет бұра бастайтыны белгілі. Себебі рухани құндылықтардың қай-қайсысын алсаң да – мейлі тарих, әдебиет, өнерге үңілсең де, тарихымыздың тағылымды сабақтары, ата-бабамыздың ұлтқа, ұрпаққа арналған ескертулері мен өсиет-өнегесі жинақталған. Соларға уақыт өткен сайын оралып, ойы мен бойын түзеу – адам баласының ертеден қалыптасқан әдеті. Қаршадайынан осынау құндылықтарды бойына сіңіріп өскен, қаламгердің, зиялының баласы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір жағы елмен етене екенін ұқтырып әрі қоғамға, ұлтқа пайдалы іспен айналысуға үндеуі мына ауыртпалық кезінде көңілімізге демеу болғаны рас. Жас-кәрі интернетке телмірген заман болса да, ілім-білімнің бағалысы кітапта, ақпараттың тұшымдысы газет-журналда екенін уақыт әлдеқашан дәлелдеген. Кітапты парақтап, әр бетінде жазылғанды байыппен бойға сіңіргенге не жетсін?! Қағаздың иісін сезініп отырып оқығанның өзі жан рахаты емес пе?!
Президент ұсынған газет-журналдар арасынан Turkistan-ды көріп, қатты қуандым. Демек, бұл газетте көтерілетін өзекті мәселелерге Мемлекет басшысы қанық деген сөз. Билік пен халықтың арасына көпір болудан, елдің мұң-мұқтажын жазудан жалықпаңдар. Қаламдарың мұқалмасын!
– Рақмет! Өзіңізбен соңғы рет 2017 жылдың қыркүйегінде сұхбаттасыппыз. 3 жылға жуық уақыт зулап өте шығыпты. Ақын-жазушыдан өз жағдайынан бұрын қаламының қуатын сұрайтын халықпыз ғой. Жазу үстелінен жырақтаған жоқсыз ба?
– Жазушылық дегенің жазу үстеліне жабысу емес-ау, сірә. Осы күні со шіркінге жолай бермеймін. Түйсігіңнен түтеп шығып, айтпасыңа жаныңды қоймайтын ой ағысы оң жамбасқа келе қоймайды. Жазу қолымнан келгенімен, не жазуды білмесең қаламды қайтесің, қағазда нең бар? Халықтың, жалпы бүгінгі оқырманның сұранымы мүлде бөлек. Оларды үсті-үстіне қырнап-сырнай беретін сұлу сөйлемдер қызықтыра бермейді. Олпы-солпылау жазылса да, ондыққа дәл тиетін әсер керек. Стиль дегеніміз – әлгіндей сұлу сөйлемдердің тізбегі емес, оқыс оятып жіберетін ой-жүйе. О, шіркінің қаперіңе оп-оңай орала берсе, қане. Осыдан кейін оқырманның обалы деген ойыңнан шықпайды.
– Қазір кітабы оқылмаған жазушы оқырманның талғамы төмен дегенді алға тартатын болды. Сонда оқырман талғамының қалыптасуына қаламгерлердің қатысы болмағаны ма?
– Біз, жазушылар, тұтас болмаса да, үлкен бөлігіміз уақыт тудырып жататын дүние, қоғам және адамтану тұрғысында, заманауи оң өзгеріске бет алған заңдылықтармен есептесе бермейміз. Жазудың баяғы үлгісі. Маған бір қаламгер ағамыз жаңа жазған романынан үзінді жібергені бар. Соның алғашқы 15 беті елдімекеннің табиғаты, топырағы, суы, желі, жаңбыры, қары, құсы... Ол оқырманға қаншалықты қажет? Қазіргі оқырманға керегі – айтпақ болып отырған ойыңа да, оқиғаға да бірден киліккені. Ауыл айналып жүріп отыратын ауызекі көп әңгіменің дәурені өткен. Кітабы оқылмайтын жазушының сыры осы ақиқатты айналып өте беретінінде. Оқырман талғамының да ойсырап жатқан жері осы тұс. Қазіргі оқырман шығармадан жан дүние жұмбағы мен құпиясының шындығын іздейді. Адалдықты арда емген ақиқатты көксейді. Шындығы шыңыраудан шырқау биікке дейін көтеріліп тұратын әдебиетке үздігеді. Ондай көркем шығармалар жоқ емес бар, тек оны көрсетіп беретіндер жоқтың қасы. Есімдері дардай болғанымен, еңбектері ескіріп бара жатқандардың етегінен шыға алмайды.
– Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның рухани досы, үнемі жанынан табылған інілерінің бірі болдыңыз. Сіздің де ағалық ақылыңызды сұрап, рухани қолдауыңызға сүйенетіндер бар шығар? Әдебиетте буындар сабақтастығының сарқыты да қалмады деп жүргендердікі жалған сөз бе?
– Шерағаң «олай жазу керек, былай жазу керек» деген әңгіме айтпайтын. Ол кісінікі өмірдің сабақтары еді. Ар-намысты көп қозғайтын. Қазақ деп қайысатын қабырғасы. Тектілікпен тебіренетін. Қағазға түсіруі мүмкін емес, ауызбен айтылатын серіліктің серпіні семсердей жарқыраған сериялы әңгімелеріміз болды. «Кетші, ей!» деп жарыла күліп отыратын, жарықтық. Жазушылық ұстанымдарымыздың сорпасы қосылмайтынын екеуіміз де білдік. Біздің аражігіміз тектік танымдағы туыстықта болды. Бүгін мен де айнала қоршап келіп отыратын қаламгер інілермен осындай қарым-қатынастамын. Реті келіп тұрғанда аттарын атап, түстерін түстей кеткенім дұрыс шығар. Олар – Хамит Есаман, Табиғат Абаилдаев, Арайлы Жақсылық, Жанғазы Ахмет, Данияр Әлімқұл, Нұрболат Жолдасбек сынды жас ақындар. Алды лауреат, екі-үшеуінің тұңғыш кітаптары жарық көрді. Өлеңшілер емес, поэзияның өскіндері. Шетінен келіп тұрады маған. Кейде тобымен. Олармен де әңгіме Шерағаңмен болған үрдіс. Кісіліктің, азаматтықтың мәселесі. Табиғи таланттарға ақыл айтудың қажеті жоқ. Бір-бірінің қадіріне жетіп жүрудің, озғанға қол соғып тұрудың өнегесі мен өрісін көрсету арқылы ағалық парызыңды алға саласың. Білімді, талантты, танымды, есті. Амандық болса, әдебиеттің төрінде отырса да, төменде отырса да сөзсіз төбелері көрініп отыратындар. Жалғыз Әулиеата өңірі өз алдына, Қазақстанның шығысы, батысынан да жастар келіп жүреді.
– ҚазҰУ-дың Филология факультетінде әдебиет теориясына қатысты пәндерде сіздің шығармаларыңыз жайлы жеке дәріс оқылатынын естіп едік. Өскелең буын туындыларыңызды қалай талдап-таразылап жүргеніне қанықсыз ба?
– Мен де естимін. Қайсыбірде ҚазҰУ-дың мәжіліс залында «Қазақ әдебиеті» газетінің мерейтойына арналған жазушылар жиыны өтті. Сонда бір топ студент қоршап алып, сұрақтың астына алған. Сөйтсек, сол менің шығармашылығым туралы дәрісті тыңдайтын Журналистика мен Филология факультетінің студенттері екен. Түркістандағы Халықаралық Қ.Яссауи университетінің жоғарыдағы тектес факультеттерінде де осындай оқиғаның бар екенін естігенмін. Бірақ қалай талдап жүргендерінен хабарым жоқ. Жалпы, өзім туралы мейлі жақсы, мейлі басқа әңгімелермен әуестене қоймаймын.
– Ф.Достоевскийдің «Адамдар әбден азғындағанда әдебиетке бет бұрады» деген сөзі бар. Қазақ қоғамының рухани деңгейі, әдеби сауаты қазір қай сатыда?
– Меніңше, әдебиет – көркем шындығымен адам, қоғамтану ілімі. Ф.Достоевский қатыгез ортаның қысымы салдарынан жас тұлғаның құлдырауы және онымен бір мезгілде гуманистік идеямен адамгершілігі арқылы қайта өрлеуін кемелдендіріп көрсетеді. Яғни, жалғыз әдебиет адамды құлдыраудан алып шыға алатын пәрмен. Ол үшін әрине, қазақ, тұтастай алғанда қоғам әдебиеттің құндылығына ден қоюы ләзім. Өкінішке қарай, біздің сана оны сырт айналып өтіп жатыр. Егер әр қазақ, әсіресе жас ұрпақ ұлттың рухани әлеміндегі ең құнды қазына – әдебиетке еркімен енуді ескермесе, саналық тұрғыда сапасыз болып қала береді.
– «Еңбекқорлық пен талантты қатар қою көргенсіздік» деген сөзіңізді түртіп алған едім. Көп жазу мен дөп жазудың салмағын бағамдай алмай жүргендердің әурешілігін көргенде қандай күй кешесіз?
– Сол көргенсіздіктің көкесін көріп те жүрміз. Азғындаудың ең асқынған түрі – әлгі білмейтіндердің әлегі. Роман дей ме, повесть дей ме, әңгіме дей ме, қойдан жаман қоздатып жатыр. Қиқым-сиқым, қырық жамау жазбаларын кітап қылып бастырып, қиқу салып, қырып кете жаздап жүр. Жаның ашиды. Қалған көңіл – қара жер. Сонда Ш.Айтматовтың бір шығармасындағы «Япыр-ау, бұл қайдан біткен?» дейтін жаныңды суырып алатын сұрағы есіме түседі.
Әдебиетті ұятқа қалдырып, бағасын түсіріп жүрген осындай ноқайлар.
– Бүгінгі қаламгерлер жазғанын жер-көкке сыйғызбай жарнамалап, қолдау күтуге, жүлде сұрауға бейім. Бұл мұқтаждықтан туған әдет пе, әлде тәуелділіктің түп-тамыры басқа ма?
– Жазғандарының жарнамасы туралы әркім-ақ ойлар. Алайда жазғаның жарнамаға қаншалықты лайықты? Қолдауға немесе жүлде сұрауға да тиесілі сұрақ бұл. Шығармаларында өмір сабақтарынан өріліп шығатын гуманистік идея, жан-жағына жалт қарай алатын жан тебіренісі жарық әлемнің парқын танитын пайым, терең түйсік, ақылды жүректің азап-шері қаншалықты?! Күнкөріс мұқтаждығы бір басқа, ал атаққа мұқтаждық – азғындаудың бір көрінісі. Арлы жазушы өзіне ғана тәуелді, оның түп-тамыры – текті мінез.
– Жүлде демекші, Қазақстанның әдебиет саласындағы бас бәйгесі «Абай атындағы мемлекеттік сыйлық» деп аталатын болды. Аты асқақтаған марапаттың затынан қандай өзгеріс күтесіз?
– Әрине, әділетті. Оған ел Президентінің қызметіндегі реформалық пәрмендер әсер етер. Ар-ұят, обал-сауап осы шығар. Әдебиетті қаралай беруге жол берілмес.
– Әдебиет қана емес, қазақ журналистикасының да өз адамысыз. Өмірбаяныңызға үңілсек, 25 жасыңыздан бері осы салада еңбек етіп келеді екенсіз. Ғұмырнамаңыз жылдар мен оқиғаларды жіпке тізгенімен, көргеніңіз бен түйгеніңіздің түймедейін де жеткізе алмасы анық. Баспасөз десе, ойыңызға оралатын ерек естеліктермен бөліссеңіз...
– Көзімді журналистикамен аштым ғой. «Қызыл алма» деген очерк жазып, «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас алаш») арнайы жариялаған бәйгесінде жеңімпаз атанғаным бар. Ұлттың тарихы мен тағдыры жайлы сериялы публицистикалардан тұратын «Ойынды етім он бөлек» деген кітабым да жарық көрген. Жариялылық басталғанда талай сай-сүйектерін сырқыратып сын мақалаларды үйіп-төккенбіз. Асыра сілтеп, алдына келгенді тарпып, артына келгенді теуіп жүретін атқамінерлер төбесінен төмен түсіп кететін. Ол кез журналистика ақиқаттың ақ семсері болған шақ қой. Осы өнер кейіндегі өткірлігін жоғалтып, өресі тарылып, өкпесі қабынып қалды. Ауқымы тарылды, ақпарат беруден ары аса алмайды. Бәлкім, заман ағымы. Бәлкім, қабілетсіздердің көбейіп кетуі.
– Бір ғана шығармасымен әлемді аузына қаратқан колумбиялық жазушы Габриэль Гарсиа Маркесті жиі ауызға аласыз. Қазақ әдебиетінің шеңберінен асып, әлем әдебиетінің көкжиегін бойлағысы келетін жастар қандай тақырыпты қаузап, қай ұғымды ұлықтағаны жөн?
– Габриэль Маркесті айрықша жазушы көрсем, әдебиеттің ең басты құндылығы, көркі – көркем шындықтың асқан шебері. Өзгелерді қайдам, өзіме жеткізе қоймайтын үздік. Жалпы, адамзат руханиятындағы қараүзгендер. Әдебиеттегі қауымның концептуалдық жетістікке жету мектебі. Мұны айналамдағы жас таланттар жақсы біледі. Мәселен, Муракамиді алайықшы. Оны дәуірдің өзекті әлеуметтік проблемалары заманауи қоғамдық қатынастарды, адамгершілікті айналамен толғанысқа тудырып, былайғы жұртты жөніне қойғанда танымдық таланты кемшін қаламгерге түсініксіз болып көрінеді. Ал біздің жастар арасында айтыс-тартысты қоздыра түседі. Мәртебелі әдебиеттің әсері деген әңгіме, міне осы. Төлен Әбдік, Тынымбай Нұрмағамбетов, Мархабат Байғұт, Жүсіпбек Қорғасбек, Рахымжан Отарбаевты ауыздан тастамайды. Бірақ біздің прозамызда жаңа тұрпатта жазатын мықтылар мүлде аз ғой дегенді де айтады. Ақындардан Есенғали Раушановты пір тұтады. Мендегі «Қара бауыр қасқалдақ» кітабын кезек-кезек алып келіп, алма-кезек алып кетіп оқып, жұлым-жұлымын шығарды. Светқали Нұржанның да екі томын солай етті. Ғалым Жайлыбайдың поэмалары жайында порталға жарыса жазып жатыр. Тағысын тағылар... Иосив Бротскийдің өлеңдеріне тамсанады. Анна Ахматованың ақындығына аң-таң. Демек, біздің балалар әлемдік әдебиетке жақындай түсуге пейілді. Олардың тақырыбы ауыл-аймақта қаптап бара жатқан құрау-жамау, арнау-сарнауларды басқа теппек. Басты, баянды тақырып – Адам! Оның тағдыр тәлейі. Атқан таңы мен батар күніне дейінгі аралықтағы биігі мен тереңі, қарама-қайшылықтары, азабы мен шері, шырқауы мен құлдырауы, жеңісі мен жеңілісі... Осы жолда әрине, сәт-сапар!
– Коронавирус індетіне байланысты жарияланған төтенше жағдай режимі мемлекеттің экономикасына айтарлықтай салмақ түсіруде. Бұл күрделі кезеңнен елдің руханияты сүрінбей өте ала ма?
– Адамзат өз тарихында біздің білетініміз бар, білмейтініміз бар, не зобалаңды көрмедік. Қайта-қайта қайталанған қантөгістер, ашыққан аштықтар, жарық дүниедегі жан бағып жүргендерді жаппай жайлап кеткен індет-дерттер... Бірақ қандай зобалаңдардан да адамдар жоғалып кеткен жоқ. Мына әлемнің үрейін алған коронавирус адамзат басына түскен кезекті зобалаң. Онымен күрес жүріп жатыр. Біздің елімізде де солай. Билік бұқараның амандығы үшін қолынан келгеннің бәрін істеуде. Оның сергектігі мен пәрмені, қажыр-қайраты айрықша айтарлықтай. Сонымен бір мезгілде ол атадан қалған ұлттық күрескерлік рухына сенеді. Иә, рас көптің аты – көп. Көптің ішінде тұтастай елдің әрбіріне адамның амандығы үшін жасалып жатқан мемлекеттік тәртіп пен талапты баса-көктеп, кекетіп жүргенін көрген кезде санамызда кінәратымыздың бар екенін байқадық. Бұл – тұтастай қоғамға, оның идеологиясына, соның ішінде ел руханиятына ескертпе. Біз, қазақ кім болғанбыз, кім болдық, кім боламыз? Осы сұрақтардың баршаның бетін бері қарататын жауабы көптің жүрегінде бірге соғып тұрса дейсің.
Індет те өтер, оның сабақтары есті жұрттың жадында қала береді.
Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА