832
Аңсаған Мұстафа: Табыс табудан бұрын қоғамға ой салатын суреттер саламын
Аңсаған Мұстафа: Табыс табудан бұрын қоғамға ой салатын суреттер саламын
Танымал суретші, иллюстратор Аңсаған Мұстафаның әлеуметтік тақырыптағы суреттері көптің көкейінде жүрген мәселені дөп басады. Суретшілік қабілетін бизнеске айналдырған ол бүгінде ұлттық нақыштағы киімдерді дайындаумен айналысады.
– Әлеуметтік тақырыптағы суреттеріңіздің көпшілікке ұнауының сыры неде деп ойлайсыз?
– Әлеуметтік тақырыптарды, ұлттық нақышты өзім жақсы көремін. Менің суреттерім арқылы адамдар қате жолға түспесе, ата-анасын ренжітпесе, кішкентай балалар қатерге басын тікпесе деп ойлаймын. Жалпы, менің салған суреттерім қысқа да нұсқа. Суретті салу барысында аз элементтерді пайдаланып, көп идеяны жеткізгім келеді. Суреттерімнің түрлі-түсті емес, көбінесе ақ-қара болуы да сондықтан. Салған жұмыстарымның ең басты мақса-ты – идеяны тезірек жеткізу. Өйткені қазіргі заманда адамдардың барлығы асығыс, іштері тез пысады. Суретке 5-10 секунд назар салып, ұнайды, ұнамайды деп шешім қабылдайды. Суреттерімнің көпшілікке ұнауының нақты сырын білмеймін, өзімнің ойлауымша, дәл қазіргі өзекті мәселені өз уақытында қағазға түсіре білуім деп ойлаймын.
– Әлеуметтік тақырыпта сурет салар кезде алдын ала ойша жобасын жасап аласыз ба?
– Өзім суреттерді іштей ойластырып жүремін. Идея келген кезде жалпы елестетемін, кейде сол ойлағаным ұмытылып кетеді, бірақ басқа күні тағы еске түседі. Осылай бір-екі апта ойластырып жүруім мүмкін. Табан астында қалам мен қағаз қолыңда болмай қалатын кездер де болады. Бір күні қол тиіп отырған кезде сала бастаймын. Жалпы, идея келгеннен бұрын суретті салуды ойластырғанға көп уақыт кетеді. Сурет салу механикалық жағынан тез бітеді. Баяғыда 15-30 минут ішінде салып тастайтынмын. Ал қазір жарты сағат ішінде суретті салып бітіріп, әлеуметтік желіде бөлісу деген жоқ. Әуелі салып, оны жөндеймін, өңдеймін. Ұнамай қалса, жыртып қоқысқа тастап, басқасын саламын. Қазір бұл процесс ұзағырақ жүріп жатқанын байқаймын.
– Сурет салуға идеяны қайдан аласыз?
– Суретке идея беретін – журналистер қауымы. Олардың қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерген мақалалары мен зерттеулері маған ой салады. Сонымен қатар идеяларын ортаға салып жүрген журналистер өте көп. Мәселен, журналист Гүлжазира Берікқызының идеясы, фантазиясы мықты. Оның айтқан идеясы бойынша 2-3 сурет салдым, өте сәтті шықты. Журналист Жандос Байділданың идеясымен салған «Бір қолымен әлемді, бір қолымен баланы тербетеді» деген сурет әлеуметтік желіде ерекше қабылданды.
– Бұл суреттеріңізді сатып, табыс табуға бола ма?
– Жалпы, әлеуметтік тақырыптағы суреттер сатылмайды. Дәл қазір шеберханамда өзім салған өлшемі 60-80 см болатын 60-70 сурет бар. Суреттерім өте танымал, әлеуметтік желі арқылы жақсы тарап, шетелден де қызығушылық танытқандар болды. Қазіргі тілмен айтқанда көп лайк жинады. Бірақ бұл суреттерді сатып алуға ешқандай сұраныс жоқ. Өйткені адамдар үйіне әдемі, көңіл көтеретін немесе сағынышын басатын суреттер ілгісі келеді. Сол себепті әлеуметтік тақырыптағы суреттерден қаржылық жағынан пайда жоқ деп айтса да болады.
– Соңғы кезде суреттеріңізді әлеуметтік желіден сирек көретін болдық. Пайда жоқ болған соң әлеуметтік тақырыпта сурет салуды азайттыңыз ба?
– Жалпы, соңғы кездері сурет салмай кеттің деген пікірлерді көп естимін. Мен күнде сурет саламын, бірақ оның барлығы әлеуметтік тақырыпта емес. 99 пайызы ұлттық нақыштағы футболкаларға арналған суреттер. Нақты айтсам, соңғы 5 жыл ішінде 994 сурет салыппын. Айналысқан кәсібім, жеп отырған наным болғандықтан, көп уақыт жұмсауға тура келеді.
– Ұлттық нақышты басу үшін дайын футболкаларды шетелден сатып алады екенсіз. Отандық футболкалар көңіліңізден шықпай ма?
– Біздің ең үлкен проблемамыз – халқымыздың санының аздығы. Сол себепті отандық өнімдер өз-өзін ақтамайды. Сатылым, таралым жағынан аз болып қалып жатады. Сонымен қатар бізде адамдар аз еңбектеніп, көп ақша тапқысы келеді. Түріктер, қытайлар кез келген жұмысқа кірісіп кетеді, жұмыс істеуден қашпайды. Өйткені оларда халық саны көп, бәсекелестік жоғары. Жұмыс істемеймін деп шіреніп, бағаны көтеріп отырған болса, пайда бәсекелестеріне түсіп нансыз қалатынын біледі. Ал бізде қай саланы алып қарасаң да, монополистер отырып алған. Үкіметтен, бюджеттен ақшаны, дотацияны алғандарымен қоймай, тауар бағасын да көтеріп қояды. Өйткені бәсекелік орта болмағандықтан адамдарда таңдау да жоқ. Мен де алғашында дайын тігілген футболканы өз елімізден сатып алғым келді. Бірақ бағасы өте қымбат болды, дайын тігілген футболканың бағасы 4 500-5 000 теңге. Ал мен сол бағада сатып алып, сурет салып сатар болсам, бағасы кемінде 7 000 теңге болады. Ал дүкен бізден сатып алған соң бағасын екі еселеп, 14 мың дейді. 14 мыңға кім футболға сатып алғысы келеді? Сатылмай қалып кетуі мүмкін, сондықтан өкінішке қарай, футболкалардың барлығын шетелден өзімізден арзан бағада алып отырмын.
– Еліміздің көптеген қалаларында сіздің жеке көрмеңіз ұйымдастырылды. Шетелде көрме ұйымдастыру туралы ұсыныстар болды ма?
– Шетелде көрме өткізу – кез келген суретшінің арманы. Шетелдіктер суреттерімді әлеуметтік желі арқылы жақсы қабылдап жатады. Бір жағынан өзім де принципті түрде суреттеріме тек қана қазақша жазамын, бірақ олар суретті мағынасына қарай бәрібір түсініп алады. Нақты айтсам, маған көрме өткізу туралы ұсыныспен Кипрден, Әзербайжаннан хабарласты. Менің салмағы ауыр, өлшемі 60-80 см болатын 60-70 суретімді көріп, өздері кешірім сұрап ұсыныстарынан бас тартты. Өйткені олардың сурет галереясы қуықтай ғана екен. Өздерінің салған суреттерінің өлшемі де кішкентай. «Жол шығыныңды өзің төлеп келе аласың ба?» деп сұрады. Мен жоқ дедім, өйткені әлеуметтік тақырыптан маған ақша түспейді. Ақша түсетін болса, мүмкін бар шығынымды өзім төлеп барар ма едім. Маған көрме өткізу үшін үлкен кеңістік керек. Қазақстанда көрмелерім метроның ішінде, университеттің фойесінде, үлкен сауда үйлерінің дәліздерінде өтті.
– Жеке ansa.kz сайтыңызға өзге де суретшілердің суреттерін де жүктеп отырады екенсіз. Ондағы мақсатыңыз қандай?
– Суреттер шеберханада тығылып тұрмай, халыққа қолжетімді болғаны дұрыс. Халықтың көзі әдемілікті көрген сайын, ұлттық нақышты таныған сайын рухани байлығымыз арта түседі. Біздің сайтқа өзінің суреттерін тегін берген суретшілер де бар. Олардың жұмыстарын қуана қабылдадым. Мысалы, мен еліміз бойынша билбордтарға суреттерімді тегін ілуге келістім. Өйткені осы арқылы адамдарды қолымнан келгенше
бір жамандықтан сақтауды ойладым.