Нұркен Өтеуіл: Саф өнер тасада тұр

– Сұхбатымызды «Қазақ театр­лары көрерменнің сұра­ны­­сына қаншалықты жауап бе­ріп отыр?» деген сауалдан бас­тасақ.

– Әңгімемді Гогольдің сөзімен бастағым ке­ліп отыр. «Театр деген еріккеннің ермегі емес, әрбірден соң қажеті жоқ бос әурешілік те емес. Егер оның шаңырағының астына бір-біріне ұқсамайтын мыңдаған адам сыйып, сол мыңдаған адам бір сәтте күліп, бір сәтте күңіреніп, бір сәтте көзіне жас алып күрсінетін болса, оны қалайша қасиет тұтпауға болады? Ол деген барша әлемнің ал­дында асқақ үніңді білдіре алатын алып ка­федра ғой» дейді. Осы сөзбен-ақ ол театр­дың шынайы болмысын, бейнесін ашып тұр. Театр – өте биік, шынайы, саф, таза, бек­зат өнер, тірі организм.

Елімізде 50-ден аса мемлекеттік театр бар, кейінгі жылдары жекеменшік театрлардың да саны артып келеді. Шама жеткенше театрлардың тыныс-тіршілігін біліп отыруға тырысамын, әріптестермен фестивальдерде кездесіп жатамыз. Аймақ­тардағы кейбір театрлардың хәлдерінің мүшкіл екенін көріп, қарның ашатын кездер болады. Әрине, ауызды қу шөппен сүр­туге болмайды. Жоғары деңгейде, ор­таша, ортадан төмен деңгейде өнер көр­сететін театрлар бар. Әсіресе, облыстық театрларға жергілікті әкімдер үлкен көңіл бөлу керек. Жоғары оқу орнын бітірген қаншама өнертанушы, театртанушы мамандар бар. Театр осындай мамандармен тығыз байланыста болуы керек. Театр жай­лы мамандар сыни мақалалар, зерттеулер жазып, өзекті мәселелерді талқылауға салу керек. Сонда ғана біз еліміздегі театрлардың тыныс-тіршілігін жақсы біле аламыз.

12208773 512266888923718 2582905537740194170 n

– Актер ретінде өзіңізге елі­міз­дегі қандай театрлардағы қойы­лымдар ұнайды?

– Қазір театрларда шетел классиктерінің аудармалары жиі сахналанады. Әрине, әлем классиктерінің шығармалары қай заманда да өзінің өзектілігін жоймайды. Десе де, біздің театрларымызға қазір заманауи дра­матургиялық қойылымдар керек. Драма­тур­гия ақсап тұр, өзімізде бар төл туынды­лары­мызды сахналай алмай отырмыз.

Көрші Ресей өткен жылды театр жылы деп жариялап, театрдың жүгін көтерді. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында Театр жылы деп жарияланды. Бұл да көңілге үлкен медеу. Театрлардың тыныс-тіршілігі, көрермендер­ге қандай қойылымдар керек, олардың сұр­а­нысы қандай деген мәселелер көтеріліп жа­тыр, шешімін табатын жұмыс деп ой­лай­мын.

Еліміздегі театрлардағы өзіме ұнайтын қойы­лымдар көп. Ерекше атап өтер болсам, Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрында қойылған Ә.Кекілбаевтың «Шыңырауы», Қ.Қуанышбаев атындағы Мем­лекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрындағы «Ләйлі-Мәжнүн» және «Шие бағы»; Сәбит Мұқанов атындағы Сол­түстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-дра­ма театрында қойылған режиссер Ф.Мол­дағалиевтің «Қарагөзі», М.Әуезов атын­дағы академиялық драма театрындағы «Дядя Ваня» және Бекжан Тұрыстың «Ұлым, саған айтам» қойылымы.

– Сіздің ойыңызша, біздің қо­­­­ғамда өнердің бәсі биік пе?

– Арзан шоулардың қасында саф өнер тасада қалып қойғандай. Халыққа не көр­сетсең, соны қабылдайды. Қазір Алдар көсенің шапанын киген жұлдыздар, босбелбеу әзілдер, өтірік, жеңіл күлкі біздің өмірімізге дендеп еніп жатыр. Біздің менталитетімізге сай келмейтін неше түрлі бағдарламалармен халық «сусындап» отыр.

Одан бөлек, өз өнерпаздарымызды баға­ламайтынымыз және бар. Қыруар ақшаны шетелден жұлдыз шақыруға жұмсаймыз. Шетел әншілерінің 1-2 сағаттық өнерін тама­шалағаннан халық рухани байымайды, тек бір сәттік көңілін көтереді. Ештеңе ал­майды.

– Бүгінгі актердің көтерер жүгі қандай?

– Өнер мен мәдениетте театрдың, ал театрда актердің орны ерекше.  Театр – ойла­натын, ой салатын жер. Театрдың ерекшелігі сол, актер көрерменмен жанды бай­ланысқа түседі, ой бөліседі. Шын талант­ты актердің алатын орны да, жүгі де ауыр. Өйткені драматургтің, режиссердің ойын сахнада көрерменге жеткізетін – актер. Ол шын таланттарға ғана тән қасиет. Сондық­тан мен актерлердің жүгі жеңіл деп айта алмаймын.

– Актер үшін қиынға соғатын рөл бола ма?

– «Актер болу – ешқашан ақтал­майтын, күндіз-түні ұйықтамайтын оқу-тоқуды таңдап алу» деп Оралхан ағамыз айтқан. Әлемдік драматургтердің қаламынан туған шығармаларды сахнада тірілту үшін актерге кейіпкерді зерттеуге тура келеді. Өз кейіп­керін сахнаға алып шығу үшін актер кей кезде депрессияға ұшырауы мүмкін. Мен театрға алғаш келген жылдары қиналған кезімде «Өнерді таңдағаным дұрыс болды ма әлде адасып келдім бе?», «Осы рөлді алып шығуға шынымен талантым жетпей ме?» деп өзіме көп сұрақ қоятынмын. Тіпті, театрдан кеткім келген кездер де болды.

Актер үшін рөлге дайындық дегеніміз – ғылыми зерттеу, докторлық диссертация жазумен тең. Мейлі сен Гамлетті, Абайды ойна, кейіпкерді ашу үшін күндіз-түні көз майын тауысып кітап оқисың. Кейіпкерді терең зерттегенде барып толыққанды, «дені сау» кейіпкер сахнаға шығады. Осылай ғана өз кейіпкеріңді көрермен жүрегіне жеткізе аласың.

– Актерлік шеберлігіңізді ыл­ғи да бабында ұстау үшін өзіңіз­ді іштей қалай тәрбие­лейсіз?

– Өзімді сұрақ қою арқылы жетілдіріп, қам­шылаймын. Өз ішімде қандай кем­шілік­терім бар, қаншалықты жалқаумын, алға қойған жоспарды қалай тез орындау керек еке­нін саралаймын. Кейде мойның жар бермей, жалқаулық тартып тұратын кездер бо­лады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игі­­­лігі мен сәлемі болсын) «Ең үлкен соғыс – өзіңнің нәпсіңмен күресу» деген.  Адам ішкі нәп­сісін жеңген кезде көп нәрсеге қол жет­кізеді.

10631196 1551354261852489 7695774753228774321 o

– Актердің жеке театр ашуы­на деген көзқарасыңыз қандай?

– Кез келген мамандық иесі ұстаз­дық ету үшін өз-өзін дамытуы керек. Қазір уни­вер­ситетте сабақ беремін, шәкірт тәрбиелеп жа­тырмын. Ал жеке театр ашу – әр актердің арманы. Бұл – менің де ішімде жатқан үлкен армандарымның бірі. Бірақ жеке театр ашу үшін білімің, біліктілігің, халыққа айтарың, көрерменге берерің болуы керек. Осы орай­да өзіңмен көп жұмыс істеп, дамытып, үй­реніп, дайындалып, әбден піскен кезде іске кірісу керек. Бұл ретте маған әлі дайындық керек. Ал тек ақшаның соңынан қуып, театр ашу – болмайтын дүние.

– Ал киноға түсуге ұсыныстар бо­лып жатыр ма?

– Кино саласына қызығамын, бұл – үлкен өнер. Менің ұғымымда театр мен кино егіз ұғым. Киноға түсуге ұсыныстар бол­ды, бірақ сценарийі арзандау бол­ған­дықтан, бас тартамын. Экраннан жылт-жылт етіп шыға бергеннен салмақты дүние­мен айналысқан дұрыс деп ойлаймын. Қазір әртүрлі жанрлардағы фильмдер түсіріліп жатыр. Саны көп болғанымен, сапалысы аз бо­лып тұр. Жақсы фильмдер түсіріліп жат­қан жоқ деп те айта алмаймыз. Бұл да бір өт­пелі уақыт шығар. Көш жүре түзеледі дейді. Уақыты келгенде мен де кино әлеміне аяқ басамын.

– Сіз оқыған поэзиялар әлеу­меттік желіде үлкен қызығу­шы­лық тудырады.  Поэзияны жү­рек­ке жеткізіп оқу үшін не қа­жет?

– «Егер поэзия біріккен дыбыстардың үндеуі ғана болмаса да, ол адам ойын жет­кізетін құралдың ең ұлы түрі» деген Лер­монтовтың сөзі бар. Адам жанын тебі­рен­тетін, адамзатқа ортақ ой айтатын поэ­зия­ның құдіреті шексіз. Поэзия оқыған өзіме ұнайды, жақсы көремін. Мен үшін ақынның айтар ойы мен сезімін ішімде әбден пісіп, же­тілдіріп, астарын ашып оқыған маңызды.

Әлеуметтік желіде поэзияға ғашық іні-қарындастарым өз лебіздерін білдіріп жатады. Менің парақшам арқылы поэзияға сұраныс артып жатса, жастар поэзиядан нәр алып жатса қуануға болады.

Өзім Жарас Сәрсек, Бақыт Беделхан, Ақ­берен Елгезек, Қалқаман Сарин, Ерлан Жүніс, Мақпал Жұ­мабай, Бақытгүл Бабаш, Тоқтарәлі Таң­жарық, Назира Бердалы, Мирас Асан, Мақпал Мыса сынды ақындар­дың өлеңін кезек-кезек оқып тұрамын.

– Жақында жарыңыз Айнұр шы­ғармашылық есеп беру ке­шін өткізді. Балаларыңыз да өнер­лі, отбасылық шығар­ма­шы­лық кеш жасау туралы жос­парыңыз бар ма?

– Шығармашылық кеш өткізу жан-жақ­ты дайындықты талап етеді. Өнер адамы сахнада жан-жағын әбден қамтыған, толық­сыған кезде халықтың алдына шығып ішінде жинаған дүниесімен бөліскісі келеді. Оқып жүрген поэзияны, орындап жүрген әндерді жинақтап, халыққа бір шығарма­шы­лық есеп беру кешін өткізу ойда бар.

Otbasy

– Ерлан Малаев, Сайлау Қа­миев және сіз құрған «Бәй­терек» тобының әндерін халық әлі күн­ге дейін сүйіп тыңдайды. Топ­тың болашақтағы тағдыры қан­дай болмақ?

– «Бәйтерек» тобының жұмысы тоқ­та­ды, әрқайсымыз өз шығармашылығымызбен айналысып жатқан жайымыз бар. Үшеуіміз де театрда қызмет етеміз, шәкірт тәрбиелеп жатырмыз. «Бәйтерек» тобын келесі буынға берсек пе деген ойымыз бар. Ол үшін топ мүшелерін таңдап, әндердің бәрін қайтадан өңдеуден өткізу қажет. Бұл – болашақтағы жоспарлардың бірі.

– Карантин режимінде не­мен айналысып жатырсыз?

– Әлемді жаулаған індеттің «арқа­сын­да» әрбіріміз өз ішімізге үңіліп, өзімізді танып, отбасымызға көңіл бөліп, өзімізге берілген нығметтердің қадірін түсініп жатырмыз. Ауылдағы ағайынның жағдайын онлайн біліп, сағынышымызды басушы едік. Ал қазір жүзбе-жүз көріп, бетінен сүйіп, құ­шаққа алып жақсы көргеннің орны бір бө­лек екенін тағы да түсіндік.

Қазір Абайдың поэзиясы мен қара сөз­дерін, Тұрсынжан Шапайдың «Шын жүрек – бір жүрек» деген Абай туралы жазған сын ма­қалаларын, Мекемтас Мырзахмет, Тұр­сын Жұртбайдың шығармаларын оқып жа­тырмын.

Сұхбаттасқан

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Back to top button