255
Алматыда коронавирус жұқтырған науқастардың жағдайы белгілі болды
Алматыда коронавирус жұқтырған науқастардың жағдайы белгілі болды
Алматыда коронавирус жұқтырған науқастардың жағдайы бірқалыпты. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Басқарманың хабарлауынша, соңғы тіркелген 26-шы пациент — 45 жастағы әйел. 23 наурызда түнгі 01.00-де Мысырдан Алматыға ұшып келген. «Рейстен түсісімен жолаушы бірден оқшауланды. Дәрігерлер алған талдаудан ол әйел COVID-19 жұқтырғаны расталды», - деді басқарманың баспасөз қызметінен.
Ал басқарма мұның алдында айқындалған 2 пациент карантин кезінде коронавирус жұқтырды деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Олардың бірі мұның алдында Мәскеу-Алматы бағытында ұшып келген науқаспен тығыз байланыста болған. Осыған байланысты ол 14 күнге оқшауланған болатын. Кеше талдау нәтижесі расталды. Екінші адам Минск-Алматы рейсінде келген науқаспен серіктес болған. Бұл лайнердің жолаушылары да сол күні оқшауланған болатын. Науқастардың барлығы карантиннен бұрын ауырып келген науқастармен байланыста болғандықтан жұқтырған», - деді басқармадан.
Жалпы, қалалық ауруханаларда қазір 26 пациент жатыр. Олардың жағдайы бірқалыпты. Тек екеуінің жағдайын ғана дәрігерлер орташа деп бағалап отыр.
Ал қаланың провизорлық емханаларында 660 адам жатыр. Олардың барлығы 1 А санатындағы елден келген жолаушылармен байланыста болған. Олар провизорлық емханада бір-бірінен оқшауланған. Оларға әрқайсысына жеке қызмет көрсетіледі. Ортақ асхананы пайдалана алмайды. Сонымен қатар 778 адам карантинге оқшауланған. Үй карантинінде 1472 адам жатыр. Карантинде жатқан адамдардың барлығында дене қызуы жоқ. Катаралды белгілер байқалмайды.