242
Қазақстандықтардың ипотека төлемдері 3 айға шегеріледі
Қазақстандықтардың ипотека төлемдері 3 айға шегеріледі
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ тұрғын үй блогының еншілес ұйымдары ипотека төлемдерін 3 айға шегереді. Бұл туралы акционерлік қоғамның баспасөз қызметі хабарлады.
«23 наурызда Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында айтылған Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, уақытша қаржылық қиындықтарға тап болған жеке және заңды тұлғалар үшін Холдингтің тұрғын үй блогының еншілес ұйымдары ((Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, Қазақстан ипотекалық компаниясы, Бәйтерек девелопмент) барлық төлемдер бойынша, негізгі қарыз бен сыйақы сомасын қоса алғанда, тұрғын үй және тұрғын емес жылжымайтын мүлік объектілерін сатып алу құқығымен жалдау/сатып алу-сату (оның ішінде бөліп төлеу) барлық мәмілелері бойынша, айыппұлдар мен өсімақы есептемей, алдағы 3 айға (сәуір-маусым) төлемдерді кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады» делінген «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Төлемдерді кейінге қалдыру үшін мемлекеттік операторларға қашықтықтан байланыс арналары (жеке кабинет, telegram-боттар, ресми сайттар) арқылы өтініш беруі керек. Өтініш жеке тәртіппен қаралатын болады.