Төтенше жағдай кезінде коронавируспен күрес жұмыстарына тартылған қызметкерлерге бір реттік сыйақы төленеді.
Бұл туралы Ақордада төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізген ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. "Мен Үкіметке және әкімдіктерге қосымша қаражат тауып, дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне және коронавируспен күреске тартылған басқа мамандарға бір қызметтік жалақы көлемінде сыйақы төленуін қамтамасыз етуді тапсырамын", - деді Мемлекет басшысы. Айта кетейік, бұған дейін елдегі төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалған азаматтарға жәрдемақы төленетінін хабарлағанбыз. Қазақстан Президенті уақытша табысынан айырылған адамдарға шамамен 1 айлық жалақы (42 500 теңге) көлемінде ай сайын төлеуді тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл көмекті кемінде 1,5 миллион отандасымыз ала алады.