306
Түркияда 65 жастан асқан азаматтардың үйден шығуына тыйым салынды
Түркияда 65 жастан асқан азаматтардың үйден шығуына тыйым салынды
Түркия билігі елдегі 65 жастан жоғары және созылмалы ауруы бар азаматтардың үйден шығуына тыйым салды. Бұған мемлекетте індетке шалдыққан қариялар санының артуы себеп.
Соңғы дерек бойынша, Түркияда қауіпті дертке шалдыққандардың саны 1200-ден асып жығылды. Оның 289-ы соңғы тәулікте тіркелген.
Елде коронавирустан 30 адам көз жұмған. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, қаза тапқандардың дені – 60 жастан асқан азаматтар. Сондықтан ел билігі қатаң шараларға баруға мәжбүр.
Десе де, егде жастағылардың ішінде шешімді елемей, орталық саябақтар мен қоғамдық көліктерге мінушілер бар. Бұған шектеу қою үшін әкімдіктер 60 жастан асқан қарттардың автобуста ақысыз жүру куәлігін уақытша жарамсыз деп жариялап, қоғамдық жерлердегі орындықтарды алып тастады.
Айта кетейік, бұған дейін Өзбекстанда көшеде маскасыз жүруге тыйым салынғанын хабарлағанбыз. Елде бетті тұмшалайтын қорғаныс құралдары жоқ адамдарға айыппұл салынады.
Талапты алғаш рет бұзған азаматтар 223 мың сум, яғни 23 доллар (1 базалық есептік мөлшерлеме) көлемінде айыппұл арқаласа, ережені қайталап бұзғандар 3 базалық есептік мөлшерлеме көлемінде (669 мың сум - 70 доллар) айыппұл төлейді.