26 Ақпан 2020, 14:42 1152 0 Денсаулық Анар ЛЕПЕСОВА

Коронавирус індеті өршіген елдерде 34,5 мыңға жуық қазақстандық жүр – Бас санитар

Коронавируске шалдығу деректері көбейген мемлекеттерде 34,5 мыңға жуық қазақстандық жүр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді. 

«ҚР Сыртқы істер министрлігі коронавирус ауруы өршіген мемлекеттерде қанша қазақстандықтың жүргенін хабарлады. Қолдағы мәліметке сәйкес, Оңтүстік Кореяда - 34 мың, Жапонияда - 180, Иранда - 170-ке жуық қазақстандық бар», - деді бас санитар.

Айта кетейік, бұған дейін Жандарбек Бекшин коронавирус бойынша аса қауіпті мемлекеттерден келген қазақстандықтардың үй карантинінде болатынын хабарлаған еді.

Атап айтқанда, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Иран, Гонконг, Макао, Тайвань елдерінен келгендер оқшауландырылады.

Бұдан бөлек, Қазақстан Оңтүстік Корея мен Иранға әуе рейстерін шектемек.

 

Соңғы жаңалықтар