Павлодардағы бес қабатты үйден шыққан өрт: Екінші қабаттың терезесінен секірген қыз көз жұмды

/
Павлодардағы бес қабатты үйден шыққан өрт: Екінші қабаттың терезесінен секірген қыз көз жұмды

12 маусым күні таңсәріде Павлодар қаласындағы бес қабатты тұрғын үйлердің бірінде өрт шықты. Өрт Баян батыр көшесіндегі тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтерде болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Төтенше жағдайлар департаментіне өрт туралы хабарлама сағат 03:55-те түскен. Жалын шамамен 20 шаршы метр аумақты қамтып, үй жиһаздары, тұрмыстық заттар және терезе жақтауын шарпыған.

Өрт сағат 04:16-да оқшауланып, 04:22-де толық сөндірілді.

ТЖД қызметкерлері тұрғындарды эвакуациялап, үшінші қабаттан екі адамды, оның ішінде бір баланы құтқарды. Көмірқышқыл газынан уланған екі ересек адам ауруханаға жеткізілді.

«Оқиға орнына екі жедел жәрдем бригадасы мен Апаттар медицинасы орталығының бір бригадасы жұмылдырылды. Барлығы алты адам зардап шекті: 2003 жылы туған қыз ауыр жағдайда Павлодар қалалық №3 ауруханасына жеткізілді, 1972 жылы туған ер адам мен 1973 жылы туған әйел Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді. Ал сегіз жастағы қыз, 18 жастағы жігіт және 66 жастағы ер адам алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ауруханаға жатудан бас тартты», – деп хабарлады Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы.

2003 жылы туған бойжеткен өрт сөндірушілер келгенге дейін екінші қабаттың терезесінен секіріп кеткен. Ол ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілгенімен, кейін дәрігерлер оның қайтыс болғанын мәлімдеді.

Өрттің шығу себептері анықталуда. Мамандар оқиға орнында жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары